Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов, Ләззат Рысбекова, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановтың қатысуымен кеңес өтті. Аталмыш жиында өңірдегі су шаруашылығына қатысты мәселелер талқыланды.

Облыс әкімнің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов төрағалық еткен отырыста мәслихат депутаттары, түрлі басқарма мен су шаруашылығына жауапты мемлекеттік құрылымдардың басшылары болды. Алқалы жиында Арман Өтеғұлов сөйледі.
– Су тапшылығы еліміздегі маңызды мәселелердің біріне айналды. Осыдан екі жыл бұрын ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Қазіргі таңда аталмыш министрліктің жолға қойған жоба-жоспарлары жүзеге асып келеді. Ақ Жайық өңіріне жұмыс сапарымен келгенімізге бірнеше күн болды. Бүгінге дейін Орал шаһары мен облысқа қарасты аудандардың экономикалық әлеуетімен танысып, шаруалардың жемісті еңбектеріне куә болдық, – деді ол.
Бүгінде облысымызда 162 гидротехникалық құрылым бар. Оның ішінде су жинау сыйымдылығы 669 миллион текше метрді құрайтын 39 су қоймасы және жалпы ұзындығы 2019 шақырымды қамтитын 63 канал бар. ҚР Үкіметі бекіткен су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, өңірде 158 іс-шара жүзеге асырылмақ. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев баяндамасында айтты.
– 158 іс-шараның 100-ге жуығы облыс әкімдігі тарапынан жасалады. Жоспар аясында Теректі ауданы Барбастау өзеніндегі су қоймаларының каскадын толтыру үшін сорғы стансасы салынады. Су қоймалары мен каналдар күрделі жөндеуден өтіп, жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Деркөл мен Шыңғырлау өзендері тазартылады. 2024 жылы Чиров ауылындағы су қоймасын реконструкциялау басталды. Тоғыз су қоймасын қайта жаңғырту үшін ЖСҚ әзірленді. 2023-2024 жылдары су үнемдеу технологиясының нәтижесінде 2777 гектар суарылатын алқап іске қосылып, оның аумағы 10160 гектарға жетті. Осы жылы 2281 гектарды құрайтын суарылатын алқап іске қосылады. «Агроөнеркәсіптік» кешендегі жалпы өнім көлемін екі есе арттыру» жол картасына сәйкес 2028 жылға дейін суарылатын алқап көлемін 19100 гектарға жеткізу жоспарда бар. Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін судың үлкен көлемін сақтау қажет. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесін қолдауды сұраймыз, – деді Марат Төлеғалиұлы.

«Қазсуашар» РМК облыстық филиалының директоры Талғат Қажғалиев сөз кезегін алып, аталмыш филиалдағы көліктердің 90%-ы тозғанын тілге тиек етіп, жаңа техникалар сатып алынып жатқанын баян етті.
– Нысандарды күтіп ұстау, жөндеу жұмыстарының өтімділігін арттыру мақсатында филиалдың аутопаркі жаңартылуда. 2025 жылы 41 дана жаңа техника алынса, соның ішінде «Өндірісті дамыту» қоры арқылы 36 дана, «Қазсушар» РМК-ның инвестициялық жобасы нәтижесінде бес техника алынды. Осы жылдың соңына дейін сегіз техника алынады деп жоспарлануда. Бүгінде жаңа арнайы техникалардың күшімен ағымдағы жөндеу және механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді. Іс-шара нәтижсінде 33 арна тазаланып, үш нысан жөнделіп, бір нысанды қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі облыс әкімдігімен бірлесе су шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған жоспарын бекітті. Жоспарда бекітілген іс-шараларды кезең-кезеңімен 2028 жылға дейін жүзеге асырамыз. Бүгінде Ақжайық ауданына қарасты Тоған елді мекеніндегі Киров су қоймасын жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Облыс аумағында көктемгі қар суын жинақтау мақсатында Казталов ауданындағы Қараөзен мен Сарыөзен өзендеріне көлемі 38 млн текше метр болатын екі су қоймасын салу жоспарлануда. Жайық-Көшім және Жәнібек суару-суландыру жүйелеріне тиесілі коммуналдық меншіктегі жалпы ауданы 57 мың гектарды құрайтын көлтабанды суару жүйесі, жалпы ұзындығы 826 шақырым болатын каналдарды республикалық меншікке беру шаралары іске асырылуда. Бұл өз кезегінде су ресурстарын ұтымды басқаруда оң нәтижесін береді, – деді филиал директоры Т. Қажғалиев.

ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов сапар барысында аудан мен ауылдардағы су қоймаларына, каналдарға барғанын айтып, су шаруашылығына қатысты бекітілген тапсырмалар өңірде қарқынды жүзеге асып жатқанын алға тартты.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»