16.07.2025, 0:00
Оқылды: 138

Күн тәртібінде – білім

Бүгін Сырым аудандық қоғамдық кеңес пен Сырым аудандық мәслихатының тұрақты комиссиясының бірлескен отырысында білім саласының 2025-2026 оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі басты тақырып бойынша депутаттар мен кеңес мүшелері алдында Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов баяндама жасады.

IMG_4218

Аудандық мәслихат төрағасы Шынар Дүйсенғалиеваның айтуынша, жазғы каникул оқушыларға демалыс үшін, ал білім саласындағы басшыларға мектептердің жоғын тауып, барын түгендеу үшін беріледі.

Әкежан Жамбылов мәлімдегендей, қазір білім үйлеріне жеңіл-желпі жөндеу басталған. Аудан мектептерін ағымдағы жөндеуге 11 млн теңге қаржы бөлінген.
Қуанышты жаңалық, биыл Жосалы ауылдық округіндегі А. Жұмағалиев атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев пен аудандық мәслихат депутаты Жеңіс Шапешовтың сауалдары – жылыту маусымына дайындыққа байланысты.
Білім беру бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 19 мектепте бу қазандығы бар. Қазандықтар 2023 жылы 44831,6 мың теңгеге жаңартылған. Қазіргі таңда мектеп-лицейінің қазандығын дербес бөлмеге орнату мәселе болып отыр. Жеке жаңа бу қазандығын алуға 32.000,0 мың теңге бюджеттік өтінім жасалған. Әкежан мырзаның айтуынша, Сырым ауданындағы мектептердің бу қазандықтарының жұмысына зерттеу жасаған жауапты мердігер SNK «GazTexСервис» ЖШС ақау актісіне сай, 4 мектептің пеші жаңартуды қажет етіп отыр. Аралтөбе мектебіне пешпен қоса, қазандықты да ауыстыру керек. Міне, тағы да облыстық білім басқармасына күніміз қарап отыр. 11108,0 мың теңгеге есептелген бюджеттік өтінім басшы үстелінің алдында қашанға дейін жатары белгісі. Қаражат табылса, жұмыстар толығымен аяқталатын болады.

Сырым аудандық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары аудандағы 20 мектептің 6-да су жылытқыш жоқ екенін айтты.

Ал, кеңес мүшесі Тауфиқ Елубаев мектептерге мемлекеттік сатып алу порталы арқылы алынған спорт инвентарлары сапасыз дейді.

Әкежан Жамбылов кадрлық толығу, оқушылар қауіпсіздігі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндады.

Жаңа мектепке ескі парта үйлесе ме?!

Қуанышты жаңалық – Жосалы ауылдық округі, Қоңыр ауылында орналасқан А.Жұмағалиев мектебі күрделі жөндеу жұмыстарына жабылды. Бұл туралы бүгін аудандық қоғамдық кеңес пен мәслихаттың біріккен отырысында Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов айтты.

Дәл осы мәселенің соңына май шам алып түскен бір адам – Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева.

IMG_4206

- «Мектеп – ауылдың жүрегі. Азып-тозған мектепте бала қалай оқиды, жас маман қалай келеді?!» - деп депутат Шынар Сайлауқызының шырылдап, облыс әкімдігінің табалдырығын тоздырғанына қанша жыл?! Ақыры мәселе оң шешіміне жетті.
Жобаның құны – 608 млн теңге екен. Мердігер болып «Наурыз» ЖШС танылыпты. Жөндеу жұмыстары аяқталғанша сабақтар округ басындағы өзге ғимараттарда өтеді.
Иә, көне мектеп ертең-ақ көрікті білім үйіне айналып шыға келеді. Бірақ, жабдықтың жаңармайтыны қиын. Жаңа мектепке ескі партаның үйлеспейтіні тағы белгілі.
Жиында А. Жұмағалиев мектебінің материалдық - техникалық базасын жаңарту үшін қосымша қаржы сұрату жайы айтылды.

Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале