Бөрлі ауданында аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен, аудан әкімдігі мен облыстық Іскер Әйелдер қауымдастығының қолдауымен Іскер Әйелдер форумы өтті.

Форум «Еңбегі жанған арулар» деп аталды. Демек, бұл форум ауданымызда жемісті еңбек етіп жүрген барлық нәзік жандыларды қамтиды. Аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Луиза Кусаинованың мұрындық болуымен өткен форум ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген, нақтырақ айтқанда өз кәсіптерін ашып, жүргізіп отырған белсенді қыз-келіншектердің, сондай-ақ өз кәсіптерін ашқысы келетін нәзік жандылардың басын қосты. Құрамында БҚО Іскер Әйелдер Қауымдастығының төрайымы Жансұлу Төремұратова, «ДСК «Приоритет» ЖШС директоры Жанна Кенжина бар облыстық делегация әуелі Гүлбану Амирова басқаратын "Еркемай" жеке бала бақшасын, сосын Саида Тансыкова басқаратын "Тамыр" ұлттық киімдер дүкенін аралап көрді. Форумға жиналғандар әуелі арнайы жасақталған көрмені тамашалап, шебер қолдардан шыққан небір өнер туындысына куә болды. Бізде мақтансаң мақтануға тұрарлық әйелдер көп қой, шіркін. Өз ісін дөңгелетіп отырған, өз-өздеріне сенімді қыз-келіншектеріміз бір күнде бір жерге жиналғанда дүние құлпырып кетеді екен. Оның үстіне көршілес Шыңғырлау ауданының Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері де ұлттық бұйымдар көрмесімен келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сөйтіп мерекеге шырай берді. Жалпы, екі ауданнан 12 шебер өз өнімдерін көрмеге ұсынды. Әсіресе, соңғы үлгідегі ұлттық нақышта жасалған бұйымдар мен әшекейлер көздің жауын алды.

Әйелдер форумын аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов құттықтау сөз сөйлеп ашты. «Ақыл-парасатымен, білімділігімен қоғам ісіне белсене араласып, еліміздің, қаламыздың ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, өскелең ұрпақтың қоғамда өз орнын табуына атсалысып, өз үлестерін қосып жүрген іскер әйелдердің бастамалары әркез қолдау тауып отыр» - деді Алтай Серғазыұлы. Өз кезегінде сөз алған БҚО Іскер Әйелдер Қауымдастығының төрайымы Жансұлу Төремұратова: «Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы үкіметтік емес қоғамдық ұйым. Соған қарамастан құрамына 15000-нан астам адамды біріктіріп отыр. Және бұл жәй ғана қауымдастық емес, өнер мен кәсіп іздеген, білімі бен білгірлігінің арқасында көпке үлгі бола алатын, қызығушылықтары бір ортаға біріккен ұйым» - екенін атап өтті.

Сондай ақ еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Басимова, аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Нұргүл Кубашевалар кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау бойынша баяндама жасаса, аудандық мәлихат депутаты, «ДентАрт+» клиникасының басшысы Алма Елеусинова кәсіпкерлікке жасаған алғашқы қадамы туралы айтып, жетістікке жету сырларымен бөлісті. Оралдық қонақ, LU IL FASHION тігін цехының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі киім дизайнері Л.Абдуллаеваның, БҚО Іскер әйелдер қауымдастығының жастар қанатының мүшесі SMM маманы К.Әділованың, Шыңғырлау аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы К.Утебаеваның баяндамалары, тәжірибе бөлісуге ұласып, форум қатысушылары тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Форум барысында қауымдастық жұмысына қатысып жүрген, өз саласындағы белсенді қыз-келіншектер марапатталды.

Сонымен бірге аудандық Іскер Әйелдер қауымдастығының мүшесі Айнұр Мұқанғалиеваның «Назерке» үлгілі би ансамблі өз өнерлерін көрсетті. Қорыта айтқанда бұл форум әйел әсемдік қана емес, әйел күш-жігер және кәсіпкер екенін көрсетті.
Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы