17.07.2025, 9:30
Оқылды: 189

Қазақ мемлекеттілігінің ізі – көне карталарда

Біздің мақаламыз Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі  тарих  толқынында.  XV-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ  мемлекеті»  тақырыбындағы  ғылыми  еңбектерінің  2025  жылғы  А.  Байтұрсынұлы атындағы  гуманитарлық  ғылымдар  саласы бойынша  Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік  сыйлығын  алуына  толық  және  бұлтартпас  қолдау  білдіруге  бағытталған. 

1680 Kasakki Tartari Netherland Map Small View Sydyknazarov

Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы – филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының  PhD  докторы,  Ш.  Уәлиханов атындағы Көкшетау  мемлекеттік  университетінің  құрметті  профессоры  (Көкшетау  қ.),  Батыс  Қазақстан  инновациялық-технологиялық  университетінің  құрметті  профессоры  (Орал  қ.)  және  Л.  Гумилев  атындағы  Еуразия  ұлттық  университетінің  қазіргі  заманғы  зерттеулер  институтының  директоры,  жетекші  ғылыми  қызметкері.

1562 English Map Small Sydyknazarov

Тарихты сезіну, оған қызығу, тереңіне ұмтылу, одан өз халқының тамырын іздеу – қоғамдық сананың жоғары дамуының белгісі. Ұлттың қалыптасу, өркендеу өрістерін тануда тарихсыз жетістікке жету мүмкін емес. Өткеніңді біліп, бүгініңді шамалауға да білім мен білік керек.

«Өзіңді өзің тану тәрізді, тарихты танып білу де қазіргі даму процесіне аса қажет әрекет. Ол болмай қоймайтын жоғалтулар мұңын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, сонымен бірге прогреске кең жол ашады» дейді Олжас Сүлейменов. Қазақ елі егемендігін алғаннан бері өз тарихын тәуелсіз, сергек санамен зерделеуге ұмтылып келді. 1998 жыл Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жарияланғаннан бастап, қилы тарихтың ақтаңдақ беттері ашылуда. Сондай ақтаңдақтардың бетін ашуға өзінің қомақты үлесін қосып отырған отандық ғалымдардың бірі – Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

1562 Belgian Map Small Sydyknazarov

Бүгінгі күнге дейін қазақ мемлекеттілігінің тарихы туралы нақты деректерге негізделген маңызды тұжырымдар айтылды, еңбектер жазылды. Дегенмен мемлекетіміздің өткен замандардағы карталарда жанжақты бейнеленуі тарихи-географиялық дәлел екенін М. Сыдықназаровтың еңбектерінен көріп отырмыз. Ол замануи ғылымға замануи көзқараспен және жаңа зерттеу әдістерімен келді. Себебі оның ғылыми ізденісі пәнаралық салаға жақын.

Ал бүгінгі таңда ғылыми жаңалықтардың біразы осы пәнаралық салаға тиесілі екені белгілі. Тарих, саясаттану, тарихи география, лингвистика бағыттарының ұштасу тұсында ізденістерін табысты жүргізген оның ғылыми жетістіктері жаңашылдығымен ерекшеленеді. Аталған бағыттағы ғалымның зерттеулері, әсіресе,  бүгінгі  таңда  өзекті.

Оның жүргізіп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары еліміздің өткенін қайта зерделеуге, мемлекеттілігіміздің тарихи негіздерін тереңнен қарауға жол ашуға өз септігін тигізіп отырғаны сөзсіз. Бұл ретте ғалымның өзінің көп жылғы еңбегін арнаған тарихи картография – қазақ халқының саяси-географиялық тұтастығын дәлелдейтін ерекше құнды дереккөзі ретінде зор маңызға ие. Қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы мен әлемдік деңгейдегі танымын арттыру – ұлттық сананы жаңғыртудағы маңызды бағыттардың бірі. Орта ғасырлар мен жаңа заман карталарындағы Қазақ мемлекетінің бейнесі – ұлттың өткеніне деген құрметті  арттырады.

Еуропа мен Американың белгілі мұрағаттары мен ғылыми орталықтарынан мыңдаған құнды тарихи карталарды жинап, зерттеуінің нәтижесінде М. Сыдықназаров XV-XIX ғасырлар аралығында «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі» тұжырымдамасын ғылыми ортаға енгізді. Өзінің осы тиянақты ізденістерінің нәтижесінде ол 2021 және 2024 жылдары Брюссель қаласында екі бірдей фундаменталдық жұмысты жарыққа шығарды. Олар – «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» және «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XV-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарындағы Қазақ мемлекеті».

1554 Map Small

Ғалымның нақты картографиялық дәлелдерге негізделген «үзіліссіз мемлекеттілік» тұжырымдамасы қазақ мемлекеттілігінің тарихын зерттеуде ең құнды тұжырымдамалардың бірі болатыны сөзсіз. Себебі ол бойынша Қазақ мемлекеті XV ғасырдан бері халықаралық деңгейде мойындалған мемлекет ретінде көптеген елдің картасында көрсетіліп келген. Бұл дегеніміз тарихнамадағы едәуір шиеленісті пікірлерге нақты дәлелді жауап ұсынылып, қазақ мемлекеттілігінің көпғасырлық тұтас саяси-территориялық дамуының айқындалуы. Сонымен бірге аталған зерттеулер ұлттық ономастика, тарихи лексикология, этнонимдер мен топонимдер салаларының дамуына да өздерінің жаңа деректері арқылы үлестерін қосуда. Анықталып зерттелген жәдігерлерде қазақтардың этнонимдері мен атаулары көптеген тілде жазылып, сақталған. Мұның өзі зерттеліп отырған кезеңде қазақ тілінің өркениетті ортаның ауқымды бөлігіне тарап, белгілі болғанын көрсетеді. Ғалымның еңбегіндегі картографиялық дереккөздер Қазақ мемлекетінің демографиясына да қатысты мәлімет береді. Айталық, 1822 және 1856 жылдардағы француз карталары осы мемлекеттің халық санын 4,5 миллион адам көлемінде көрсетуде. Бұл деректер XX ғасырдың басындағы қазақтың демографиялық өсу динамикасын  растайды.

Ғалымның ғылыми ортаға ұсынған карталарында Қазақ мемлекетінің атауымен бірге аумағы да айқын белгіленіп, еліміздің қазіргі территориясында мемлекеттігіміздің ғасырлар бойы үздіксіз дамығанын көрсетеді. Бұл жәдігерлерде Қазақ мемлекетінің атауы түрлі тілдерде бірнеше атаумен көрсетілген. Демек бұдан біз қазақ халқының орта ғасырлардағы аутоэтнонимдері көптеген елдің карталарында қолданылғанын және Қазақ мемлекетінің осы елдерге белгілі болғанын байқаймыз. Ғалым қазақ мемлекеттілігіне қатысты жүздеген политонимдерді анықтады. Соның ішінде, әсіресе «Жете» мемлекетінің атауы мен аумағы және осыған қарасты аутордың ғылыми қорытындылары көңіл аударатын жаңалық деп санауымызға болады. Ол қазақ мемлекеттілігін этникалық бірегейлік факторы ретінде жүйеледі, қазақ мемлекеттілігінің үзіліссіз тәуелсіздігін нақты дәлелдеді. Сонымен бірге М. Сыдықназаровтың еңбектері Қазақ мемлекетінің осы күнге дейін беймәлім болған ортағасырлық қалаларын ашуға және олардың орналасқан жерлерін нақтылауға өз септігін тигізіп отыр. Заманауи әдістерді қолдану арқылы аутор қазақ мемлекеттілігі дамыған аумақта бұрын белгісіз болған немесе археологиялық тұрғыда сипатталмаған 25-ке жуық қаланы анықтап отыр (Шайбаншық, Қосмай, Солқанат, Масуиз, Рисан, Найям, Рауоры, Барскол, Анниби/Анниби Найманорум, Лакмары және Йером/Жерым және т. б). Оған қоса, қазіргі Атырау облысы өңірінде осы уақытқа дейін белгісіз болып келген Каспий теңізінің сол тұстағы Шайсуре/Бахтияр шығанағы   анықталды.

Ғалымның зерттеу нәтижелері Қазақ мемлекетінің алты ғасыр бойы үзіліссіз дамуын дәлелдей отырып, оған қоса, оның осы мерзімдегі тарихи тұлғалары жөнінде жаңа маңызды мәліметтер және жан-жақты дипломатиялық әрекеттері жөнінде құнды ақпаратты ғылыми ортаға әкеліп отыр. Мысалы, XV ғасырда дайындалған генуялық әлем картасында қазақ ханы Жәнібектің өз заманындағы суреті және 1557-1576 жылдары Англияда патшайым Елизавета I сарайындағы Қазақ мемлекетінің алғашқы дипломатиялық өкілі Ару-Сұлтанның портреті. Сондай-ақ осы қазақ әйел дипломаты жөніндегі Британ кітапханасы архивтеріндегі хроникалық деректер. Бұл сол тұстағы біздің мемлекеттігіміз жөніндегі өте құнды  дереккөздер  екені  сөзсіз.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың зерттеулерінің арқасында тарихи картография өз алдына ғылыми бағыт ретінде қалыптасып, дамуға зор мүмкіндік алды. Ғалымның еңбектерінде карталар толық техникалық сипаттамаларымен, дереккөздермен, тарихи контекстімен берілген. Оларды кешенді жүйеленген дереккөздер ретінде қабылдауға болады. Оның еңбектерінен тарихи картографияның Қазақстан тарихындағы, мәдениетіндегі, географиясындағы маңызды орнын көреміз.

Бұл ретте тарихи карталар тек географиялық қана емес, саяси, дипломатиялық, лингвистикалық, идеологиялық ақпарат көзі ретінде де қаралған. Ғалымның тарихи картографияға қарасты зерттеулері тарихи географияға, қазақ мемлекеттілігінің тарихына және басқа да ғылыми салаларға –  этнологияға, мәдениеттануға, түркітануға, топонимика мен ономастикаға жаңа  серпіліс  әкелді. Сонымен бірге зерттеулердің қолданбалы маңызы жөнінде де айта кеткен жөн. Олар еліміздің танымдылығына, туризмнің дамуына және мәдени мұрамызды кеңінен, соның ішінде шет елдерге, насихаттауға қосымша мүмкіндік береді. Сонымен қатар оның еңбектері оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізілуде. Ғалымның еңбектері ғылыми маңызымен қатар, ұлттық идеологияның да маңызды тіректерінің бірі бола алады. Ұлт тарихының дәлелді, нақты картографиялық негізде баяндалуы жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға ықпал ететіні анық. Оның ғылыми ізденістерінің нәтижесінде пайда болған тұжырымдамалар қоғамымызда мемлекеттік сананы қалыптастыруға, тарихи жадты жаңғыртуға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға өз үлесін  қосып  отыр.

М. Сыдықназаров тек ұлттық ғылымның дамуына үлесін қосып қана қоймай, оны алыс және жақын шетелдерде насихаттап, танытуға да зор үлесін қосуда. Оның еңбектері халықаралық ғылыми ортада жоғары бағалануда. Айта кетсек, ғалым француз Ғылым академиясының шақыруымен 2023 жылы академияның ғылыми кеңесінде өз зерттеу тақырыбы бойынша арнайы баяндама жасады.

Ал 2024 жылы ол Польша Ғылым академиясының шақыруымен оның ғылыми жиынына өз баяндамасымен қатысып, жоғары баға алды. Ол «Қазақ мемлекетінің XV-XIX ғасырлардағы Еуропа және Америка карталары галереясын» Брюссель, Лондон, Париж, Чикаго, Сан-Франциско, Варшава, Мәскеу сияқты шетелдік қалаларда ашты. Бұл галереямен елімізде де көпшілік қауым таныса алды (Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Көкшетау, Түркістан, Өскемен, Қарағанды, Орал). Ғалымның еңбектерінде ұсынылған жаңашыл ғылыми тұжырымдар мен идеялар Қазақстан қоғамында патриотизм сезімін күшейтуге зор ықпал еткені, ұлттық тәрбиеге әсері  мол  болғаны  анық.

1457 Генуездік дүние жүзі картасында Ұлық Ұлыс Қазақ Мемлекеті

ҚР-ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты стратегиялық мақаласында: «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет» деп баса айтқан болатын. Осы тұрғыда МұхитАрдагер Қаржаубайұлының зерттеулері әлем карталарында бейнеленген қазақтың үзіліссіз мемлекеттілігін дәлелдей отырып, болашаққа нық сенімділікті  тудырады.

Қорытындылай келе, МұхитАрдагер Сыдықназаровтың «Тарих толқынындағы Қазақ елінің үздіксіз мемлекеттік дәстүрі. XV–XIX ғасырлардағы Еуропа мен Америка карталарындағы Қазақ мемлекеті» тақырыбындағы ғылыми еңбектері 2025 жылғы А. Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік  сыйлығын алудың барлық жоғары талаптарына сөзсіз және толықтай сәйкес келеді деп  есептейміз.

Тұяқбай Рысбеков,

тарих ғылымдарының  докторы,

профессор, ҚР ҰҒА  құрметті мүшесі,

«Парасат»  орденінің иегері, 

ҚР  еңбек  сіңірген   қайраткері,

Әсет Тасмағамбетов,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале