Мамыр айында Орал қаласындағы М. Ықсанов көшесінің жолы жөнделді. Соның нәтижесінде бұл көшенің жолы сүргіленген тақтайдай теп-тегіс болды. Қала тұрғындары көшенің жөнделгеніне дән риза. «Газель» аутокөлігін жүргізетін Айбек Шелмұханов жүк тасымалымен шұғылданады. Ол жол сапасы аутокөлікті ұзақ пайдалануға себеп болатынын айтты.
– Қалаішілік жолдардың жөнделуі біз секілді тасымалдау қызметімен күн көріп жүрген азаматтардың шығынын азайтады. Тақтайдай тегіс жол – темір тұлпардың жиі сыр бермеуіне негізгі себептердің бірі. М. Ықсанов атындағы көшемен көп қатынаймын. Себебі қала орталығында тапсырыс берушілер көп.

Бір ай бұрын көше жолы жаңарды. Орал қаласындағы 2-жұмысшы ауданындағы көшелердің жолдары да дәл осылай жөнделсе деймін, – деді қала тұрғыны А. Шелмұханов.

Республикалық жолдарды күтетін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының БҚО-дағы кеңсесі Мұстақым Ықсанов көшесінде орналасқан. Осы компанияға қарасты бөлім басшысы Данияр Дүйсенғалиев жолдың жақсарғаны керім болды дейді.
– Біздің кеңсе орналасқан ғимарат М. Ықсанов көшесінің бойында. Менің осы жерде қызмет етіп келе жатқаныма он жылдан асты. Бұған дейін аталмыш көшенің жолында ой-шұңқыры көп болды. Әсіресе жол бойында кері бұрылатын тұстардағы асфальт сын көтермейтін. Өзімнің 2001 жылғы «Мерседес» ныспылы аутокөлігім бар. Көлігімнің ескі болуына байланысты оны шоқалақ жолдарға салмай, баппен айдауға тырысамын. Бұрындары кеңсе ғимараты жанындағы жол жөнделмеген кезде, көлік қозғалысына айтарлықтай қиындық тудыратын. Қазіргі кезде жөнделген жол сапасы көңілімнен шықты. Басылым арқылы жауапты сала қызметкерлеріне мынадай өтініш-тілегімді жеткізгім келеді. Қала көшелерінің асфальті жөнделгенімен, үй аулаларына кіретін жолдар ескерусіз қалып жатады, мердігерлер оларды да жөндеп отырса екен, – деді бөлім басшысы.

Данияр Оспан, Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметкері:
– Орал қаласындағы аутомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 690 шақырым. Оның 62,4%-ына жол жабыны төселген. 2025 жылдағы жоспар бойынша ұзындығы 62 шақырымды қамтитын 32 көшені жөндеу жобасы дайын. Назарбаев даңғылы мен Құрманғазы көшесін жалғайтын М. Ықсанов көшесінің ұзындығы – 550 метр. Мамыр айының басында басталған жол жөндеу жұмысы сол айдың бел ортасында тәмамдалды. Жөндеу жұмысын орындауға 170 млн теңге бөлінді. Мердігер компания – «Адал Арна» ЖШС. Жөндеу аясында асфальт жабынының беткі қабаты алынып, жаңасы төселді. Орташа жөндеу болғандықтан, абаттандыру іс-шаралары жүргізілмеді. Аталмыш көше бойындағы жаяу жүргіншілер жолы, жарықшамдар мен тротуарлар талапқа сай.

P.S. Бүгінде қалаішілік көшелердің жолын жөндеу жұмысы қарқынды жүруде. Аутожолдар – қаланың күретамыры, маңызды инфрақұрылым. Жол желісінің жаңаруы қала экономикасына, халық тұрмысының жақсаруына ықпал етері анық.
Рүстем Авдеев,
Орал қаласы