Аудан әкімі Марат Тоқжанов Дариян, Байқоныс, Достық ауылдық округтеріндегі бірқатар әлеуметтік маңызды нысандардың құрылыс қарқынын бағамдап, жұмыс сапасы мен кестеге сай жүргізілуін назарға алды.
Аудан басшысының Приурал аумағындағы сапары осы жақта орналасқан ауыл тұрғындарын Дариянда жеке сауалдарымен қабылдаумен басталды.

Баласы І топ мүгедегі Гүлнар Голованова №2 аудандық ауруханада егілетін дәрі-дәрмекті Январцев ауылындағы амбулаторияға алдыру жөнінде өтініш білдірді. Алайда бұл дәрі амбулатория арқылы берілмейтінін, оның орнына консилиум шешімімен баламалы дәрі тағайындалатынын №2 аудандық аурухананың бас дәрігері Ербол Сәрсенғалиев түсіндіріп өтті. Сонымен қатар азаматша тұрғын үйді жекешелендіру мәселесі бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автожолдар бөлімінің басшысы Аслан Даубаевпен кездесті. Ол бағытта еш кедергі жоғын айтты.

Қабылдауда болған өзге де тұрғындар тұрғын үй кезегі мен жер мәселесіне қатысты сұрақтарды көтерді. Ал Егор Коваленко есімді азамат қызын аналық құқығынан айыру жөнінде өтінішпен жүгінді. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Баянова бұл мәселені жан-жақты зерттеу қажет екенін айтып, мұндай қадамға кей жағдайда жеке мүдделер себеп болуы мүмкін екенін ескертті.
Дариян ауылында болған кезде әкім М.Шолохов атындағы мұражай кешенінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысын да қадағалады. Құны 233,8 млн теңгеге бағаланған жобаның тапсырыс берушісі — БҚО тарихи-өлкетану мұражайы. Құрылыс жақын уақытта, яғни шілде айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Аудан әкімі нысандағы төбе жабындарының беріктігі мен жылыту жүйесінің сапалы жөнделуіне ерекше тоқталып, мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар әкім дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысын көріп, жұмыстың сапасына, қауіпсіздік шараларының сақталуына мән берді. Бұл жобаны «ҚПО б.в.» компаниясы қаржыландыруда. Екі қабатты кешенді қазан айында қолданысқа беру көзделген.
Дариян ауылдық округына қарасты Озерное ауылындағы ауыз су желісінің құрылысы — аудан әкімінің бақылауындағы тағы бір маңызды нысан. Жоба аясында екі терең су скважинасы, су сорғы станциясы, үш су жинау резервуары, су мұнарасы және жалпы ұзындығы 10 шақырымнан асатын су құбыры желісі салынады. Құрылыстың аяқталу мерзімі — 2026 жылдың қаңтары.

Сапар барысында әкім ауданда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясындағы бойкөтеріп жатқан білім ұяларымен де танысты. Байқоныстағы 600 орындық мектепті шілденің, ал Достықтағы 1200 орындық білім ошағын тамыздың соңында тапсыру көзделіп отыр. Мектептердің жиһаздары жеткізіліп, оларды құрастыру жұмыстары жүріп жатыр.

— Жаңа мектеп ғимараты қазіргі заманның барлық талаптарына сай, кең, жарық, әрі білім алушылар мен ұстаздар үшін барынша қолайлы етіп жобаланған. Бұл – тек ғимарат салу емес, ауылдың білім беру әлеуетін арттыруға, сапалы орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды қадам. Біз бұл мектептің іске қосылуы арқылы білім беру сапасының жаңа деңгейге көтерілетініне сенім артамыз. Алайда ең маңыздысы – материалдық-техникалық базаның жаңаруы білім сапасының көтерілуіне тікелей әсер етуі тиіс. Сондықтан да біз үшін бұл мектепте білім сапасының сақталуы мен үздіксіз жақсаруы – басты міндет. Жаңа, жайлы жағдайда жұмыс істеу – мұғалімдер үшін жауапкершілікті арттырады, ал оқушылар үшін нәтижелі білім алуға жол ашады. Бұл бағытта енді оқу процесіне қойылатын талаптар да күшейтіледі, – деді Марат Лұқпанұлы.

Жұмыс сапар аясында аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы, соның ішінде мақсатты пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жұмыстармен де танысты.

Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы
