18.07.2025, 0:00
Оқылды: 457

Ел еңсесін еңбегімен көтерген азамат

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»-демекші еңбекпен есімі елге танылған, бір әулеттің емес, бүтін бір ауданның дамуына атсалысқан абзал азамат, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, зейнеткер Мұқан Айтасұлы Нұғманов биыл 80 жасқа толып отыр.

IMG_6516

Ол, 1945 жылы 17 шілдеде БҚО, Казталовка ауданы, Бостандық ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Саратов зооветеринарлық институтына «Зоотехник» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1970 жылы тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын 1970 жылы Казталов ауданының Қараоба кеңшарында бас зоотехник болып бастаған ол, 1973 жылы Орал облыстық ауылшаруашылығы басқармасына бас зоотехник болып ауысады. 1976 жылы Казталов ауданы, Казталов кеңшарында бас зоотехник, 1979 жылы Казталов ауданында ауылшаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, кейін 1980 жылы Жымпиты ауданында Шідерті арнайы шаруашылық бірлестігінің директоры, 1984 жылы Жымпиты ауданының Абай кеңшарында директор болып қызмет атқарады. Ал, 1990 жылы Камен ауданына қарасты Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшарға директор болып тағайындалады. 1995 жылы Тасқала аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы, 1999 жылы ҚР ауылшаруашылық министрлігінің Тасқала аумақтық басқармасының бастығы лауазымында еңбек етеді.
Осылайша кәсіби жолын қарапайым зоотехниктен бастаған Мұқан аға мал шаруашылығының майталманы ретінде танылып, уақыт өте келе совхоз директоры қызметінде де өзін жақсы қырынан көрсетеді. Кеңестік кезеңнің қатаң тәртібі мен жоспарлы экономикасы тұсында шаруашылықты табысты басқару, мал басын көбейтіп, өнімділікті арттыру – нағыз табандылық пен терең білімді қажет ететін іс болатын. Мұқан Нұғманұлы осы үдеден шыға білді. Басшылық жасаған жылдары ол тек шаруашылықтың экономикалық көрсеткіштерін жақсартып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік дамуына да елеулі үлес қосты. Кез-келген жұмыстың басы-қасында өзі жүріп, оның тиянақты жасалуына ұйытқы болды.
Ауыл азаматтары оны талапшыл да әділ басшы ретінде таниды. Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, қатардағы жұмысшыдан бастап әріптесін құрметтей білетін кісі ретінде көптің көңілінен шықты. Сол бір жылдары Мұқан ағамен иықтаса еңбек еткен әріптестері бүгін де оның еңбекқорлығын, елжандылығын мақтанышпен еске алады.
Жуырда мерейлі 80 жасқа толған ардагерді аудан әкімі Талғат Шакиров арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Оған Мұқан Айтасұлымен бірге жұмыстас болған еңбек ардагерлері мен әріптестері қатысты. Кездесу барысында Мұқан Айтасұлының ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі мен өнегелі өмір жолы кеңінен сөз болды. Аудан басшысы Талғат Асқарұлы ардагерге ақжарма тілегін білдіріп, иығына шапан жауып, құттықтау хатын табыс етіп, сый-сияпат көрсетті.

IMG_6517
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыкоа мерейтой иесіне Тасқала ауданының құргметті ардагері төсбелгісін салтанатты түрде табыстады. Одан әрі қабылдауға жиналғандар мерейтой иесіне ақ жарма тілектерін арнап, оның адамгершілігі мен жұмыс барысында өзін кәсіби маман ретінде көрсете білгенін тілге тиек етті.
Мұқан аға бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, ұрпақ тәрбиесіне, ел амандығына тілекші болып отырған ақсақал. Өмірлік жары екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп олардың жоғары білім алуларына жағдай жасады. Бүгінде сол балаларынан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Оның ел үшін жасаған өлшеусіз еңбегі де ескерусіз қалған емес. 1984 жылы Тың игергені үшін және Астана медальдарымен марапатталса, 2005 жылы ҚР Ауылшаруашлығын дамытуға үлес қосқаны үшін және өзінің қызметтік міндеттерін үздік атқарғаны үшін Ауылшаруашылық Министрінің алғыс хатымен марапатталды.
Ия, өнегелі ғұмыр, ерен еңбек – Мұқан Нұғманұлының өмір жолын осылай бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеуге болар. Бірақ бұл жолда қаншама маңдай тер мен табандылық, елге деген сүйіспеншілік жатқанын ұрпақ ұмытпауы тиіс. Себебі елге қызмет ету – әркімнің қолынан келе бермейтін үлкен жауапкершілік.
Мерейлі жасыңыз құтты болсын, ардақты аға! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ортамызда аман-есен жүруіңізді тілейміз!

Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале