“Ел бірлігі – асыл қазына” атты мерекелік бағдарлама аясында Мұратсай ауылының өнерлі ұжымы көрермен қауымға тамаша кешті тарту етті.

Жанды әуен, мың бұралған би, күмбірлеген күй – бәрі де көрерменнің жүрегіне жол тапты десек артық айтқандық емес.
Кеш шымылдығын Астана қаласынан арнайы келген Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияның талантты әншісі, республикалық байқаулардың жеңімпазы Зинат Қасымова “Құралай” әнімен ашып, тыңдаушының жүрегін тербеді.

Мұратсайлық көркемөнерпаздар халық әндерінен бастап, заманауи эстрадалық шығармаларды да көрерменге ұсынды. Жергілікті күйшілер “Ерке сылқым”, “Балбырауын” күйлерін төгілте тартса, биші қыздарымыздың өнері де қалың көрерменді таңдай қақтырды.
Кеш соңында сахна төріне көтерілген Расул Мұхамбетов “Амандықта жолығайық” әнімен мерекелік концерті түйіндеді.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мұхтар Жоламанов аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың атынан алғысхат пен сый-сияпат табыс етті.
Өз сөзінде Мұратсай ауылының әкімі Бисен Қадыров та мұратсайлық өнерпаздарды қолдай келген көрерменге алғысын білдірді.
Нұрай Таубай,
Бөкей ордасы ауданы