20.07.2025, 12:00
Оқылды: 193

Қуаңшылық қыспасың десек...

Казталов ауданының 11 ауылдық округінде шөптің шығымы өте төмен немесе мүлдем жоқ. Аудандағы билік бұл мәселеге бас ауыртып, шешу жолдарын қарастырып жатыр. Күні кеше келіссөздер нәтижесінде Ақжайық ауданынан шабындық жер табылып, қолында күші бар шаруашылықтар шөп шабуды бастады. Бұған қоса көрші аудандардан шөп тасымалы ұйымдастырылуда. Өзі жоқтың қасы, тасымалы қиын мал азығының да бағасы төмен болмайтыны анық.

WhatsApp Image 2025-07-20 at 10.54.10
Жуырда аудан әкімінің орынбасары Рашид Нәсіпқалиұлы және аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, Тереңкөл ауылдық округінің әкімі Дәурен Ашихов, Бірік ауылдық округінің әкімі Жігер Жакиев мал азғын дайындау мақсатында Қаратөбе, Сырым аудандарына іссапармен барған еді. Негізі миссиясы маңызды арнайы сапарға редакциядан біз де ілестік.
Казталовтық делегация алғашқы күні Атырау, Ақтөбе облыстарымен шектесетін қасиетті Қаратөбе өңіріне аяқ бастық. Біздің ауданның азаматтарын Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжанов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Бадақов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов құшақ жая қарсылап алды. Қаратөбеліктер шаруа күйттеген жігіттерді Сулыкөл, Жусандыой, Қоскөл ауылдық округіне бастап апарып, шабындық жерлерді көрсетті. Ауданда мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды. Біздің алдымыздан кездескен елді мекендер мен қыстақтарда шөп қоры молынан жиналған. Жайықтың Бұхар бетінде орналасқан ауданнан мал азығын дайындап, тасымалдаудың өзі қиынға соқпақ. Қаратөбе елінің азаматтарымен келіссөз жүргізген ауданның атқамінерлері ары қарай Сырым еліне сапар шекті.

WhatsApp Image 2025-07-20 at 10.57.48
Республикалық маңызы бар күре жолдың бойында орналасқан Сырым ауданының жері шүйгін, суы мол. Жол бойында алдағы қыстың қамын ойлап, шөп шауып жатқан шаруашылықтар кездесті. Егістік пен екпелі шөп егіп, нәпақасын қара жерден тауып отырған шаруалар да баршылық. Сырым ауданына ат басын тіреген жайсаңдарды Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жанболат Мұхаметжанов ыстық ықыласпен қарсылап, қолдау жасады. Жігіттермен аман-саулық сұрасқаннан кейін, шабындық жерлерді аралауға шықтық. Бұл ауданның да табиғаты сұлу, жері құнарлы. Айнала толған егістік екен.
Сырым ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылдық округінің Талдыбұлақ ауылына келдік. Кезінде республикаға әйгілі болған «Көктөбе» шаруашылығы осы ауылда қанат жайған еді. Одан әрі Елтай, Алғабас ауылдық округтерінің территориясын аралап көрдік. Елді мекендер айналасы ауыл шаруашылық техникасына толы ауылдың азаматтары егін егумен және екпелі шөппен айналысатыны көрініп-ақ тұр. Сапарымыз сәтті болып, бұл жерлердің шаруаларымен сөйлестік. Біздің елдің жағдайынан хабардар шаруалар мал азығын дайындап беруге келісті. Бұл да бір жағымды жаңалық.
Ауданымыз үшін маңызы зор сапардың нәтижесі жаман болмаған секілді. Қаратөбе мен Сырым елінің жанашыр азаматтары бізге қолдау білдіруге дайын екендерін жеткізді. Олар былтырғы жылы да қарап қалмай, ауданымызға мал азығынан көмек берген еді. Ендігі уақытта ауданымыздың тізгінін ұстаған жігіттердің еңбегін еш етпей, аудандағы әлеуеті жоғары шаруашылықтар шөп тасымалымен айналысуы міндетті. Қылышын сүйреген қыстан қысылмай шығайық десек, дұрыстап қамданғанымыз жөн.

Нұр Рахман,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале