Қазақстанның халық әртісі, драматург, сценарист, режиссер, «Құрмет», «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері, көрнекті өнер қайраткері Талғат Теменов Жәнібек ауданына арнайы іссапармен келді.

Театр мен кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар шебердің сапары кездейсоқ емес. Режиссер «Жәңгірдің жаңғыруы» атты көркем деректі фильмінің түсірілім жұмыстарын бастап кеткен болатын. Аталған туындыда хан Жәңгірдің өмірі мен қызметі, сондай-ақ оның ізі қалған тарихи өңірлердің өткені мен бүгіні баяндалады. Осы мақсатта Талғат Досымғалиұлы ауданымыздың киелі орындары мен тарихи тұлғаларға қатысты деректермен танысуға келді.

Сапар барысында режиссер алдымен ауданның қара шаңырағы саналатын ардагерлер үйіне ат басын бұрып, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев және ауыл ақсақалдарымен кездесті. Кездесу барысында ол фильмге қажетті тың тарихи мәліметтерге қанығып, жергілікті шежіре мен ел аузындағы құнды деректерді жазып алды. Сондай-ақ режиссер ауданымыздың тарихи-мәдени нысандарын аралап, Жәнібектің батырлық рухын бейнелейтін маңызды орындарда болды. Бұл сапар Талғат Теменов түсіріп жатқан фильмнің шынайылығын арттырып, болашақ ұрпаққа үлгі боларлық тарихи туындының мазмұнын тереңдете түсері сөзсіз.

Көрнекті режиссердің келуі ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Енді Жәнібек жері де ұлы ханның ізі қалған маңызды өңірлер қатарында деректі фильм арқылы кеңінен таныстырылмақ.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы