Ақсай қаласының солтүстік айналма жолында орналасқан атшабар алаңында ұлттық ат спорт түрлері аламан және топ бәйгеден ашық аудандық турнир өтті.

Жарыста облысымыздың 6 ауданынан келген шабандоздар бақ сынасты. Атап айтсақ, қатысқан аудандар қатарында Ақжайық, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Теректі және Бөрлі аудандары бар.
Аталған бәйге аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, “Ақсай” мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешені және аудандық “Бәйге” Федерациясының бірлесуімен ұйымдастырылды.

Жарыс қорытындысы бойынша, топ бәйгеде сырымдық М.Мұхамедиев жеңіске жетті. Жеңімпаз шабандоздың аты Жігер, ал жылқының лақап аты Бүркіт. ІІ орынға жерлесіміз А.Таженовтің Бодрая лақап атты жылқысы мен Арман есімді шабандозы ие болды. Ал үздік үштікті тағы бір жерлесіміз И.Дусинбаевтың Қарабойыр лақап атты жылқысы мен Арнұр есімді шабандозы қорытындылады. Аламан бәйге бойынша үздіктің үздігі теректілік А.Бекеновтың Сарғылдағы мен Саян есімді шабандозы атанды. Қаратөбелік Е.Балдановтың Жайық атты жылқысы мен шабандоз Жігер ІІ орынды қанағат тұнды. Ал аламан бәйгенің үздік үштігін жерлесіміз Д.Нұрмановтың Алауы қорытындылады. Шабандоздың есімі Айсұлтан.

Жеңімпаздар мен жүлделі орын алған қатысушылар дипломдар, медальдармен және демеушілер аудандық “Бәйге” федерациясының өкілдері атбегі Амантай Күлсейтов пен Ерболат Ахметовтің атынан ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы