22.07.2025, 16:00
Оқылды: 493

Ардагерлер арасында аудандық спартакиада өтті

Тасқала спорт кешенінде зейнет жасындағы ардагерлер арасында аудандық спартакиада өтті.

WhatsApp Image 2025-07-22 at 16.59.08 (1)

Бұл шара салауатты өмір салтын насихаттау, зейнет жасындағы азаматтардың белсенділігін арттыру және оларды спортқа тарту мақсатында ұйымдастырылды. Спорттық шараға аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжан, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жәрдемғали Балыков, ардагер ұстаз Бақтығұл Тасмағамбетов және Мерей ауылдық округінің әкімі Орынбек Насимуллин қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Саягүл Мәулетқызы қатысушыларға сәттілік тілеп, шара ардагерлердің белсенді өмір сүруіне, салауатты өмір салтын ұстануына серпін беретінін атап өтті.

WhatsApp Image 2025-07-22 at 16.59.08

Спартакиадаға әр елді мекеннен келген ардагерлер қатысып,  бірнеше спорт түрлері бойынша сынға түсті. Ардагерлер волейбол, шахмат, үстел теннисі, дойбы және асық ату сынды спорт түрлерінен өзара бақ сынасты.

Жарыс нәтижесінде волейбол спорт түрінен І орынды Шежін-ІІ және Мереке командалары өзара бөліссе, ІІ орын Тасқала командасына бұйырды. ІІІ орын Мерей ауылының  командасы еншіледі. Дойбы ойынында І орынды Ақболат Тұлақаев жеңіп алса,  ІІ және ІІІ орындарды сәйкесінше Ырысқали Хангереев пен Хангерей Жаманқұлов иеленді. Шахматтан өткен жарыста Ганмерлан Тұрғаналиев үздік ойын өрнегін көрсетіп жеңіске жетсе, ІІ орынға Николай Киреев жайғасты. ІІІ орынға Зейнеден Мағзомов ие болды. Үстел теннисі бойынша І орынды Роман Мұқаев жеңіп алса, ІІ орынды Ганмерлан Тұрғаналиев иеленді.  Сабыр Батаев үздік үштіктің қатарынан көрінді. Асық ату сайысында Руслан Сисекешовтің асығы алшысынан түсіп үздік танылды. ІІ орын Едрис Айтқалиевқа бұйырды. ІІІ орынды Жәрдемғали Балықов еншіледі.

WhatsApp Image 2025-07-22 at 16.59.08 (2)

Жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды. Аудандық спартакиада – ардагерлердің өмірге деген құлшынысын арттырып, спортпен шұғылдануға, достық байланыстарды нығайтуға себеп болатын маңызды шара. Мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Ел Аман,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале