22.07.2025, 20:00
Оқылды: 254

Шыңғырлау ауданы: Ақсуатта ақ шаңқан үйлер бой көтеруде

Шыңғырлау ауданында «Қаладан ауылға» бағдарламасының халықтың әл-ауқатын арттыру және ауыл мен елді мекендерді дамытуға деген тиімділігі ауданымызда дәлелденіп отыр. Өткен жылдан бері осындай мақсатпен салынған үйлерге қаладан ауылға келіп әрі жұмыс тауып, әрі баспаналы болып жатқан отбасылар қарасы қалыңдап отыр. Бұл қазіргі урбандалу дәуірінде ауылды иесіз қалдырмау, туған жерді түлетуді көздеген тиімді жоба. Әрі ауылдағы білім ошақтарын көшіп келіп жатқан отбасылардың балаларының есебінен толықтыру жағы тағы бар.

ауылдағы

Енді міне, биыл да осы игі дәстүр жалғасын табуда. Қарағаш ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылы шырайлы тірлігі қалыптасқан, тұрғындары ұйымшыл, жастары қаладан гөрі туған жерін артық көретін, берекесі мен мерекесі келіскен мекен. Ақсуатта мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл-аймаққа белгілі азамат Сағындық Қалниязовтың тікелей мұрындық болуымен бой түзеген 6 пәтерлі үш тұрғын үйдің шатырлары жабылып, 2 пәтердің іші бітіп, енді жылу өткізгіштері қосылмақ. «Осы жаңа үйлерді мердігер қыркүйек айында иелеріне тапсыруды көздеп отыр. Жаңа пәтерлерге кіретін отбасылардың алды қаладан ауылға келіп те алды, біреулері мектептен жұмыс тапса, ауылға қажет мал дәрігерін де қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар жалғыз басты анаға да осы ауылдан үй де, жұмыс та табылғалы отыр. Бір назар аударатыны-жаңа қоныстанушылардың бьарлығының да бала-шағалары бар, мұның өзі мектептегі бала санының көбеюіне сеп болмақ», - дейді Қарағаш ауылдық округінің әкімі Мирхан Жумиев.

Ауылдың жағдайын ойлап, халықтың қарасын қалыңдатуды алдына міндет етіп отырған Сағындықтай елжанды азаматтар барда ауылдың түтіні өшпесі анық.

                                                                                                                                                        Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале