Шыңғырлау ауданының Ардақ ауылдық округінде ауыл шаруашылығында еселі еңбек етіп, туған жердің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі – "Айсұлтан" ШҚ басшысы Нұрболат Имашев. Жастық жігерімен алға ұмтылған, шаруасын нық жүргізіп, өзгеге үлгі болып жүрген кәсіпкер азамат бүгінде аудан жұртшылығының ықыласына бөленіп жүр.

Мал шаруашылығын дамыту – табандылық пен тынымсыз еңбекті талап ететін сала. Осыны ерте түсінген Нұрболат Сағынбайұлы мал басын көбейтіп, төрт түлікті тиімді бағып, өз ісін жолға қойған. Сонымен қатар, шаруашылықтағы басты бағыт – мал азығын дайындау, жем-шөп қоры мен қысқы қамды ерте жоспарлап, техника мен адам күшін үйлестіре білу. Осы бағытта "Айсұлтан" ШҚ заманауи тәсілдерді енгізіп, әр маусымды нәтижелі аяқтап келеді.
Кәсіппен қатар азаматтық міндетті де ұмыт қалдырмаған. Шаруа қожалығы түрлі қайырымдылық шараларына белсене қатысып, ауылдағы әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларға, көп балалы жандарға, ардагерлерге қолдау көрсетіп жүр. Мектеп, мәдениет үйінің мұқтаждарына да қолғабыс еткен кездері аз емес. Тұрғындардың айтуынша, бұл азамат тек кәсібіне ғана емес, ауылдың өркендеуіне де шын жанашырлықпен қарайды. Жас та болса, көпке үлгі болып отырған "Айсұлтан" ШҚ басшысы Нұрболат Имашев ел мен жердің қадірін терең түсінетін, нағыз еңбек адамы.
Ауыл тұрғыны Әзина Жауымбаева: "Бұл жігіттің еңбекқорлығына риза боласың. Жұмысшыларына да әділ, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор. Қай шарадан да қалмай, ауылды ұмытпай жүреді,"– деп риза болады.
Ардақ ауылдық округінің әкімі Мәди Сатыбалдиев шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында абыройлы еңбек етіп жүрген азамат туралы былай деді: -"Айсұлтан" шаруа қожалығы біздің округтегі белсенді әрі әлеуетті қожалықтардың бірі. Басшысы Нұрболат Сағынбайұлы әр іске жауапкершілікпен қарайтын азамат. Қайырымдылықтан да шет қалмай, ауылда өтетін әр шараға қолдау білдіріп отырады".
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі.
Әр саладағы еңбек адамына құрмет артқан тұста шаруа қожалық басшысы Н.Имашев: "Қазір механизаторлар мен шопандар секілді нақты жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс артып келеді. Жұмыс істеймін деген жасқа мүмкіндік көп. Еңбектің қадірін білетін адам өз орнын табады. Біз де кадр мәселесін шешу үшін еңбекқор жастарды тартуға тырысып жатырмыз,"– деп ойымен бөлісті.
Әрқашан кез келген істің сәтті шығуы жаныңда жұмыс істейтін адамдарға да байланысты деп ойлаймыз. Сондықтан да жұмысшыларын нағыз серіктестеріндей қабылдап, оларға қамқорлық жасауды міндеті санайтын кейіпкеріміз техниканың тілін де шебер меңгерген. Бұл тұрғыда аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Е.Оразғалиевтің "Бүгінгі күнгі мақсат — ауылдан шыққан Нұрболаттай іскер азаматтарды шақырып, инвестиция тарту"-деп ауылшаруашылығы саласының дамуына мемлекет тарапынан көрсетілер қолдауларды жеткізді.
"Біреуді тәрбиелегің келсе, алдымен өзіңді тәрбиеле"деген атам қазақтың тәмсілі де үлгілі болу қажеттігін айтса керек. Ата-анасының еңбек жолын үлгі тұтып,е ңбекқорлығымен алғыс ала білген Нұрболат Сағынбайұлының азаматтық болмысы міне, осындай.
Светлана Бәйтенова,
Шыңғырлау ауданы