Әкесі Сәрсен мен анасы Ағиба халық қатарлы жұмыс жасаған қарапайым жандар-ды. Ағиба ана он екі құрсақ көтерсе де сәбилер жастай шетінеп кетіп, Елеусін, Зайда, Елеуғали ғана Алланың жазмышымен аман- есен ержетті.

Балалардың әкесі Сәрсен - соғыс жылдары қираған темір жол, үй құрылыстарын жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарының бел ортасында болып, 1945 жылы елге оралды. Топырақ тартқан екен, ұзамай қайтыс болды.
Жас балғындардың тәрбиесі, жетілуі Ағиба ананың мойынына түсті. Түсті деу айтар ауызға ғана оңай. Балаларды оқыту, киіндіру бәрі де анаға салмақ, жауапкершілігі мол міндет еді. Әрі жастай аурушаң болған қызы Зайданы емдету, күту де ананың назарында болды.
Қособа ауылындағы мектептен жеті сыныптық білім алған Зайда ауылдағы ауыл шаруашылығы жұмысының бел ортасына білек сыбана араласты. Қол орақпен тары орды, ат жегілген шалғымен шөп шауып, үйді.
Әйтеуір, бұғанасы қатпаған жас қыздың ерлермен терезесі тең түсе ауыр жұмыстың ортасында болғаны шындық.
Бойжеткен Зайда 1963 жылы Бөрлінің жігіті Кәріммен отау құрып, өз шаңырақтарынан түтін түтетті. Өздерін адам қатарына қосып, тәрбиелеген анасы Ағиба әжені 1966 жылы ақтық сапарға шығарып салып, жер қойынына тапсырды. Зайданың отағасы Кәрім де еңбекқор жан болды. Ауданның «Өлеңті» кеңшарына қарасты Қамыстыкөлде ірі қара малын баққан жылдар Зайда әженің көз алдында әлі күнге дейін сайрап тұр.
Аудан орталығына 1970 жылдары қоныс аударған соң отағасы Кәрім мал өнімдерін дайындау мекемесі, басқалай да қоғамдық орындарда еңбек етсе, зайыбы Зайда аудандық ауруханаға қызметке орналасты.
- Менің аудандық ауруханаға қызметке орналасуым өмірімдегі тәжірибе мектебі, үлкен ортаны көру дегі батыл қадам дер едім. Осында Арманда Өмірбаев, Ғаділше Махметов, Сағидолла Кенжин, Бекет Бадашев тағы басқа да тәжірибелі, алтын қолды дәрігерлер мен қызметтес болған жылдарым есімде, тіпті сағына еске аламын.
Ауруханада терапия, хирургия бөлімінде күн- түн демей жастық жігермен еңбек еттім.
Ал, 1991 жылы ауруханада шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушісі қызметін атқарып, зейнеткерлік демалысқа шықтым, - деп өткен жылдарды еске ала Зайда әже әңгіме шертеді.
Зайда Сәрсенқызы шілденің 23 жаңасында 90 жастың төріне шықты.
Еңбек, тыл ардагері Зайда Нұрмұқанова жылдар бойы атқарған еңбегінің жемісі ретінде үкімет тарапынан бірнеше мерекелік медальдар, жоғары басшылық тарапынан грамота, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ол бірінші топ мүгедегі болса да аудандық, облыстық басылымдарды оқып, теледидардан жаңалықтар тыңдауды да ұмытқан емес.
Жымпиты өңірінде ізі сайрап жатырған Зайда әже облыс тарапындағы қамту мекемесі тарапынан Алматы , Ақжайық шипажайларына демалуға баруға да уақыт табады.
Бүгінде Зайда әже Жымпиты ауылындағы бала-келінінің қамқорлығында, үш ұл, бір қызынан көрінген немере, жиен, шөбере қызығына кенеліп бақуатты өмір кешуде.

Жүрегімізге жылы тигені - анамыз «Сырым елі» газетін сүйіп оқитын оқырмандар сапынан.
Заманалар тоғысының куәгері болған Зайда Сарсенқызының қолынан аудандық басылымды көріп қуанып қалдық.
Мүсірбек Әлібекұлы,
Сырым ауданы