24.07.2025, 15:15
Оқылды: 291

«Адал ниетің жолда қалдырмайды»

27 шілде  –  Сауда  қызметкерлері  күні

Жыл сайын шілде айының соңына қарай елімізде көптеген сала мамандары кәсіби мерекелерін атап өтеді. Солардың ішінде көптің көлеңкесінде қалып қоятын, алайда күнделікті өміріміздің бөлінбес бір бөлшегіне айналған мамандық иелері бар, олар – саудагерлер. Сауда саласында еңбек етіп жүрген азаматтар үшін Саудагерлер күні – өз кәсібіне деген құрметтің, адал еңбектің және маңдай тердің мерекесі. Олар таңнан кешке дейін демалыссыз, мереке күндерінде де тұтынушыға сапалы қызмет көрсету үшін тынымсыз еңбек етеді. Әрбір өнімнің артында сол тауарды жеткізуші мен оны халыққа ұсынушы саудагердің сіңірген еңбегі жатыр. Сондай жандардың бірі – Қаратөбе ауданына қарасты Соналы ауылының тұрғыны Қымбат Шыңғалиева.

WhatsApp Image 2025-07-24 at 15.37.47

Бәрі де жайма  үстелден  басталған

Кейіпкеріміз Қымбат Уахитқызының сауда саласындағы еңбек жолы жайма үстелден бастау алады. Алғашында ол Орал қаласында ұсақ-түйек заттар, тәттілер мен сағыз сатып, күнкөріс қамын жасап жүрді. Сауданың алғашқы сабақтарын да сол кезде ала бастады. Кейін қала дүкендерінің біріне жұмысқа тұрып, бұл салаға тереңірек бойлай түсті. Сауда-саттықтың қыр-сырын, тұтынушымен  қарым-қатынасты, тауар алмасу тәртібін іс жүзінде үйреніп шықты. Әрдайым өз ісіне жауапкершілікпен қарай білетін қағілез қыз ауылға «Өз ісімді бастаймын» деген асқақ арманмен оралады.  Сөйтіп, ата-анасының қолдауымен сауда жасауға белсене кіріседі.

«Бастапқыда киім-кешек саудасымен айналыстым, Түркістанға барып, киім сатып алып келетінмін. Бірақ сән өзгермелі. Кеше өткен сән бүгін өтімсіз болып қалады. Қалдық көп болды. Ал азық-түлікте ондай жоқ. Халық күнделікті тұтынатын зат қой. Сондықтан біртіндеп, бірыңғай азық-түлік сатуға көше бастадым», – дейді кәсіпкер.

Киім сатудан гөрі ауыл тұрғындарына күнделікті тұтынатын тамақтың тиімді екенін пайымдаған жас кәсіпкер киімнен тапқан табысты азық-түлік саудасына құяды. Бұл 2004-2005 жылдар болатын.  Бірте-бірте дүкен сөрелері тек азық-түлікпен емес, шаруашылық заттарымен де толыға бастайды. Осы кезеңде ол Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының біріне грант арқылы оқуға түсіп, білімін де толықтырып үлгереді. Оқу мен сауданы қатар алып жүрген Қымбат тұрмысқа шығып, жолдасы Асқар Айтмұқашев екеуі кәсіпті бірге жалғастырады.

«Береке – саудада»

Кейіпкеріміз кәсіп жолында түрлі қиындық кездескенін де жасырмайды.

– Әу бастан ауыл халқының керегін қамтамасыз етсем деген ниетпен бастадым ғой бұл кәсіпті. Ақша табу мақсатым емес еді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі «береке – саудада» деген ғой. Сондықтан қандай қиындыққа да төзуге тырыстық. Алғашқы кезде көлігіміз де болмады. Ауылдағы көлігі бар кісілермен келісіп, тауарымызды тасытатынбыз. Кейде жолда қалып қойған кездер де болды.  Қыстың боранында, жаздың аптабында да халыққа тауар жеткізуге тырыстық. Бұл – үлкен жауапкершілік, –  дейді бізбен кәсібі туралы ой бөліскен Қымбат Уахитқызы.

Сауданы жүргізудің басты ерекшеліктерінің бірі – тұтынушымен тіл табысып, жұмыс істеу. Тұтынушылардың көңілінен шығу, сұранысын дер кезінде орындау – саудадағы басты қағидалардың бірі. Бұл тұрғыда кейіпкеріміз де барын салуға тырысады екен. Ол кейбір тұрғындарға тауарды жаздырып береді. Тіпті жағдайы келмей, қиналып қалған отбасылардың қарызын кешіретін кездері де болған.

«Алақандай ауылда тұрғасын, бәрінің жағдайын білеміз ғой. Кейде бір отбасылардың табысы тоқтап, кей адамдар аяқ астынан ауырып қалады. Сондай сәттерде «Қарызды ұмыта салыңыз, ол ақшаға дәрі сатып алыңыз» дейтін кездер де болады», – дейді ол.

Сауда жай ғана табыс көзі емес, ол – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті қажет ететін сала. Әсіресе ауылдық жерде кәсіппен айналысу біраз табандылықты, қайсарлықты талап етеді. Қаладағыдай жағдай жасалмаған ортада дүкен ашу, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру, қыстың аязында, жаздың аптабында тауар тасып, тұтынушының  көңілінен шығу оңай  емес. Мұндай кәсіпке батылдық, сабырлылық және ең бастысы, адал ниет керек.

«Арманым – тойхана ашу»

Кейіпікеріміз сауда саласындағы жиырма жылдан астам тәжірибесіне сүйеніп, саудада тұрақтылық пен төзімділік маңызды екенін алға тартады.

– Кәсіп бастаймын деген адамда жоспар болуы керек. Тек ақша табуды ойламау қажет. Адалдық бірінші орында тұруы тиіс. Адал ниет жолда қалдырмайды. Өзім де балаларыма  «Адамгершілік пен тәртіпті алға қойыңдар» деп үнемі  айтып отырамын», – дейді ол.

Қымбат Уахитқызы кәсібін өркендету жолында қолдау танытқан жұбайы Асқардың еңбегі зор екенін әркез айтып жүреді.  Бір кездері жайма үстелден басталған сауда  отбасылық кәсіпке  ұласты. Ауылдағы «Заңғар» дүкеніне ауыл тұрғындары күн сайын бас сұғып, қажет заттарын алады. Тұрғындарға тек Қымбат қана емес, жұбайы Асқар, өсіп қалған ұл-қыздары да қызмет көрсетеді. Кейіпкеріміз жұбайымен бірге саудасын  дамыта жүріп бес баланың ата-анасы атанды. Оның ендігі арманы – ауылда тойхана ашу.

Қымбат Шыңғалиева – бүгінгі ауыл кәсіпкерлеріне үлгі бола алатын жан. Ол тек табысқа емес, адамгершілікке, адал еңбекке сүйеніп жұмыс істеп, бастаған ісін тоқтатпай, одан әрі дамытуды көздейді. Оның арманы – ауылға қажет жаңа нысандарды ашып, туған жерінің өркендеуіне үлес қосу. Бұл жолда кейіпкерімізге өз тарапымыздан сәттілік тілейміз!

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале