ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Соған байланысты жуырда «Әліп» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Сәкен Мұқановпен сұхбаттастық.
Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылдық округіне қарасты Қамыстыкөл ауылының маңында Ащы деген өзен бар. Бүгінде сол өзеннің көпірі бұзылып, қайта салынуда.
Теректі ауданында іссапарда жүргенбіз. Шағатай ауылдық округінің құрамындағы Қызылжар ауылынан шығып, Сәкен Мұқановтың қыстағына бағыт алдық. Сәкен Сүйіндікұлы 1967 жылы Көнеккеткен ауылында туған. 2014 жылы «Сүйіндік» шаруа қожалығын құрып, іске кіріскен. Жер алып, мал өсіре бастаған. Оның шаруа қожалығы орналасқан жерде ілкіде қыстақ болған. Содан қалған үй әлі бар. Ал қоралары бұзылған. Сәкен Мұқанов қора тұрғызған, гараж, шолан салған. Гаражын қыс мезгілінде тракторды кіргізуге ыңғайлы етіп салған екен.
Уақыт өте келе құжаттарды жинап, конкурсқа қатысып, балық өсіру мақсатында су қоймасын мемлекеттен жалға алған. Осылайша, ол Ащы өзенінің жағасында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Бүгінде уақытының көп бөлігін балық өсіруге арнап жүр. Ал мал шаруашылығымен көбіне ұлы Эльдар айналысады.
– Конкурс арқылы өзенді жалға алып отырмын. Оның өзіндік шарттары бар. Мен жалға алып отырған су қоймасының ұзындығы – 21 шақырым. Бүгінде оның 16 шақырымында су бар. Жалпы аумағы – 90 гектар. Бұл су қоймасында қорықшылар жұмыс істейді. Оларға айлық төлеймін. Қазіргі таңда екі қорықшы бар. Көктемде су келген уақытта жұмысқа тағы үш адам қабылдаймыз.
Балық аулауға жолдама береміз. Жолдама құны – 3000 теңге. Алайда жергілікті тұрғындардан ақша алмаймыз. Олар балықты тегін аулайды. Өйткені ауыл тұрғындары бізге көктемде сенбілік жасауға, қыста мұзды ойып, балықтарға ауа жіберуге жәрдемдеседі. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары арнайы келіп, зерттеу жүргізеді. Қандай балық бар екенін анықтайды. Қандай мөлшерде балықты аулауға болатынын айтады. Біз соған байланысты жұмыс жүргіземіз, – дейді Сәкен Сүйіндікұлы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, көктемде су келген уақытта тоғандарға су толады. Кейін ол тартылады. Тартыла бастаған көлшіктерде балықтар қалып қояды. Олар сол балықтарды аулап, Ащы өзеніне жібереді екен. Былтыр біраз балықты құтқарған. Сәкен Сүйіндікұлының менің WhatsАpp мессенджеріме жолдаған бейнежазбалары – соның анық айғағы.
Салқын суға қолдарын салып, батпаққа батса да, балықтарды құтқарып қалған. Балықтардың арасында уақтары да, ірілері де бар. Мәселен, олар тартылған көлшіктерді байқамай қалса немесе мүлде мән бермесе, қаншама балық босқа қырылып, құстарға жем болар еді...
– Орал қаласындағы «Марченко» жеке кәсіпкерлігінен шабақтарды сатып әкеліп, Ащы өзеніне жібереміз. Өз көлігіме тіркемені жалғап, шабақтарды өзенге жеткіземін. Өзенге жіберілетін шабақ саны да алдын-ала бекітіледі. Көрсетілген нормаға сәйкес балықтарды аулап, облыс орталығына апарып тапсырамыз. Ащы өзенінде шортан, алабұға, жайын, сазан, тұқыш, дөңқабақ, амур, қара балық және басқа да түрлері бар. Қорықшылар су қоймасын күзетеді, жіті бақылайды. Қамыстыкөл ауылы «Қаладан ауылға» пилоттық жобасына енгізілген екен. Егерде аталған ауылға кімде-кім көшіп келер болса, барынша көмектесемін. Жарық, газ, су бар. Жол салынып жатыр. Ауылдағы жағдай уақыт өткен сайын жақсарып келеді, – дейді Сәкен Мұқанов.
Сәкен Сүйіндікұлы бау-бақша егумен де айналысады. Жеміс ағаштарын баптайды. Қызанақ, сәбіз, қауын, құлпынай өсіреді. Қысқасы, Ащы өзенінің жағасында Сәкен Мұқанов малын бағып, балығын өсіріп, бау-бақшасынан өнім алып, шаруасын дөңгелетіп отыр.
Жұбайы Дәметкен Абдолова екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Қызы Гүлім Орал қаласында тұрады. Тұрмыс құрған. Үш ұлы бар. Кейіпкеріміздің ұлы Эльдар да үйленген. Бір қызы бар. Сәкен Мұқанов жұбайы екеуі бала-келінімен бірге тұрады.
Эльдар тайөгіздерді бордақылайды. Былтыр ол 72 бас тайөгіз бордақылаған. Айта кетейік, малды кейде саудагерлер қыстаққа тікелей өздері келіп, сатып алып кетеді. Кейде ұлы екеуі көлік жалдап, бұқаларды Ақтау қаласына апарып тапсырады.

– Менің негізгі міндетім – су қоймасын күзету. Оған қоса, балық аулауға келгендердің амандығына жауап беремін. Оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіремін. Жағалауды қоқыстан тазартамыз. Қыста мұзды ойып, ойықтарға қамыс салып, балықтарға ауа жібереміз. Өзімнің тұрғынжайым бар. Негізгі үйім Орал қаласында. «Әліп» жеке кәсіпкерлігінде жұмыс істеп келе жатқаныма сегіз жылдай уақыт болды. Су аз болған шақтардан да өттік. Жалпы, Ащы өзенінің тереңдегі – 3-5 метр аралығында. Кейбір тұсы – тайыз, кейбір тұсы – терең. Жол талғамайтын көлігім, моторлы қайығым бар, – дейді «Әліп» жеке кәсіпкерлігінің аға қорықшысы Игорь Самохвалов.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»