25.07.2025, 21:00
Оқылды: 172

Биыл бір баланы мектепке дайындауға қанша ақша керек?

Қаланың әр жерінде мектеп жәрмеңкелері ашылып, жаңа оқу жылына қызу дайындық басталатын жаздың соңғы айына 1 апта уақыт қалды. Сондықтан BAQ.KZ тілшісі Астаналық базарға барып оқушыларға арналған киімдер мен кеңсе тауарларының бағаларын біліп қайтты. Биылғы бағалар қандай, бір баланы мектепке дайындауға қанша ақша керек, жаңа оқу жылына киім мен кеңсе тауарларын қай кезде алған тиімді және ақшаны қалай үнемдеуге болады? Бұл сұрақтардың жауабын төмендегі материалдан біле аласыз.

ARMA0795

Сурет: baq.kz

15 жыл киім сатумен айналысып келе жатқан Нұрсұлтан Молдақасов оқушыларға арналған киімдер жыл сайын шамамен 500-1000 теңгеге қымбаттайтынын айтты.

- Мына тенниска 2022 жылы 3500 теңге, 2023 жылы 4000 теңге, 2024 жылы 4500 теңге болды. Биыл да 4500 теңге. Өйткені біз алдын ала алып қойдық. Ал қазір әкеліп жатқан тауарлар одан сәл қымбат. Бұл жерде 2 апта, 10 күннің өзі рөл ойнайды. Жыл сайын киімдерге 500-1000 теңге қосылады, - деді сатушы.

Біз одан, ең алдымен, ұлдарға және қыздарға арналған ақ жейделердің бағасын сұрадық.

- Ұл балаға ақ жейделер минимум 5000-нан басталады. Жібек жейделер – 9500 теңге. 49 пайыз бамбук, вискозасы ары кетсе 24 пайыз құрамында табиғи матаның үлесі көп жейделер 14 500 тг-ге дейін барады. Ал қыздардың жейделері минимум 7000-нан 15500 тг-ге дейін, - деді Нұрсұлтан.

ARMA0753

Сурет: baq.kz

Ол қыздарға арналған жейделердің түрлері ұлдардікіне қарағанда әлдеқайда көп екенін атап өтті.

- Бізде қыздарға арналған жейделердің 18-19 түрі бар. Ұлдар көбіне классикалық ақ немесе көк жағалы жейде түрін алады. Ал қыздар оверсайз, жазуымен, жазусыз, тастарымен, галстукпен, галстуксыз түрлерін алады. 1-3 сынып аралығындағы қыздар көбіне стандартты үлгіні таңдаса, 4-9 сынып аралығындағы оқушы қыздар көбіне оверсайз жейделер киеді, - дейді сатушы.

Нұрсұлтан Молдақасов ата-аналарды киім таңдағанда брендтің атауы жапсырмасында қалай жазылғанына мән беруге шақырды.

- Мысалы көпшілік Түркия деп ойлайтын Қытайдан шығатын Deloras деген киім бренді бар. Егер киім жапсырмасында Daloras деп жазылса, ол реплика, яғни бренд көшірмесі. Бастысы – киім брендінің оригинал екеніне көз жеткізу. Ал оның бағасы қаланың әр жерінде әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы бізде 9500 теңге тұратын Deloras жейдесін сол жағалаудағы сауда орталығында 12500 теңгеден сатылып тұрғанын көрдім, - деді ол.

Сатушы ұлдарға шалбарлы костюм, қыздарға белдемше алғанда жиынтықпен алу тиімді екенін жеткізді.

- Мысалы ұлдарға 15500 тг-ге үштік костюм алғаннан сол бағаға костюмі, екі шалбары бар жиынтық алған дұрыс. Себебі шалбарды бөлек алсаң, бағасы 7500 теңгеден 15000-ға дейін барады. Сол сияқты қыздарға да бомбер мен белдемшеден тұратын жиынтықты алған бомбер мен белдемшені бөлек-бөлек алғаннан тиімдірек, - деді ол.

ARMA0815

Сурет: baq.kz

Нұрсұлтан Молдақасов жилеттер 6500 теңгеден басталса, кофталарды 10 500 теңгеден 16 500 теңге дейінгі аралықта, спорттық киімді 10 500 теңгеден 19 500 тг дейін, кроссовканы 8500 теңгеден 12 500 теңгеге дейін, іші қайыс, сырты экокожа аяқкиімдерді 11 000 теңгеден 16 000 теңгеге дейінгі аралықта алуға болатынын айтты.

Сондай-ақ сатушымен бірге Астаналық базардан қыз балаға мектепке арналған киімді кем дегенде қаншаға алуға болатынын есептеп көрдік.

- 7500 теңгеден 2 жейде – 15 мың теңге. Қыз балаға міндетті түрде бір белдемше мен бір шалбар алады. 9500 қосылған 6500 – 16 мың теңге. Спорттық киім – 11 мың теңге, кроссовка – 8500 теңге. Туфли – 11500 теңге. 2 колготки 1500 теңгеден 3 мың теңге. 2 майкасын алады – 2200 теңге. 1500 теңгеден 3 мыңға бантигін алады. Осымен 70 мың теңгеден асады. Ол сарафанды қоспағанда, - деді сатушы.

Нұрсұлтан Молдақасовтың айтуынша, ұлдарға мектепке ең керек киім мен аяқкиімді кем дегенде 55-65 мың теңге аралығында алуға болса, қыздарға 65-70 мың теңге аралығында қаражат кететінін айтты.

Ал кеңсе тауарларын сатумен айналысатын Темірлан Азаматұлы кеңсе тауарларына 1 балаға орташа есеппен 15-20 мың теңге кететінін айтады. Біз одан оқушыға ең қажет кеңсе тауарларының бағасын білдік:

Дәптер: 35 теңге;
Қалың дәптер: 36 беттік – 200 теңге; 48 беттік – 250 теңге; 96 беттік – 350 теңге;
Күнделік: сырты жұмсағы – 500 теңге, сырты қаттысы – 700 теңге;
Қаламсауыт 700-3500 теңге аралығында;
Қалам 50-200 теңге аралығында;
Қарындаш жұмсағы – 50 теңге, қаттысы – 100 теңге;
Түрлі-түсті қарындаш 6 түстісі – 300 теңге; 12 түстісі – 600-800-1000 тг; 18 түстісі – 1500-1800; 24 түстісі – 2000-2200 тг;
Ұштағыш 50-400 тг-ге дейін;
Сурет дәптер 16 беттік – 400 тг; 24 беттік – 500 тг; 40 беттік – 700 тг;
Сызғыш – 100-300 тг;
Түрлі-түсті қағаз – 350 тг;
Картон – 500 тг;
Желім – 200-500 тг.

Темірлан Азаматұлы кеңсе тауарларын мектеп жәрмеңкелерінен алғанда арзан деп алданып қалмас үшін дәптерді ғана емес, басқа да заттардың бағаларын салыстыруға кеңес берді.

- Бізге сатып алушылар келгенде дәптердің ғана бағасын салыстырады. Жәрмеңкеде дәптерді 5 теңге деп қоюы мүмкін. Ал басқа кеңсе тауарларының бағасы қымбатырақ болуы мүмкін. Яғни олар дәптердің бағасын басқа заттардан шығарып алады. Сондықтан тек дәптер емес, басқа да кеңсе тауарларының бағасын салыстырып көру керек, - деді ол.
ARMA0656

Сурет: baq.kz

Ал сатушы Айымгүл Қондыбаева ата-аналарға жаңа оқу жылына дайындықты тамыздың басынан бастауға шақырады.

- Ажиотаж тамыздың 20-сынан 25-іне дейін болады. Балаларына 5 қыркүйекке дейін киім алатын ата-аналар бар. Негізі мектеп киімдерін тамыздың басында алған жақсы, өлшемдері бар кезде. Тым ерте алып қоюға да болмайды, бала өсіп кетеді. Тамыздың басы дәл уақыт, аяқ жағында өлшем жоқ, ұстағанын алып кетеді, - деді ол.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале