26.07.2025, 10:00
Оқылды: 479

Жәнібек ауданы: Таловтағы жалғыз бүлдіршін 1 сыныпқа бара ма?

Жәнібек ауданы әкімдігінде өткен ашық есік күні аясында аудан әкімі Тимур Шиниязов аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

5199852558523430590

Қабылдауға алдын ала жазылған 15 азаматпен қатар уақыт тығыздығына қарамастан қосымша келген тағы бес тұрғынның да өтініштері назардан тыс қалмады. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары, тиісті дербес бөлім басшылары мен жауапты сала мамандары да қатысты. Қабылдауда көтерілген мәселелердің дені тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау сынды әлеуметтік маңызды сұрақтар болды. Әр өтініш мұқият тыңдалып, заң аясында түсініктемелер беріліп, кейбір мәселелер бойынша нақты тапсырмалар тиісті бөлім басшыларына жүктелді.

5199852558523430591
Қабылдауда ерекше назар аударылған жайттардың бірі — Талов ауылынан келген тұрғындардың өтініші. Ауыл белсенділері ауыл мектебінің болашағына алаңдаушылық білдіріп, «орта мектеп» мәртебесінен айырылып қалмаудың жолдарын қарастыруды сұрады. Ауылда биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа тек бір ғана баланың баратыны белгілі болды. Осыған байланысты ата-аналарда «бір бала үшін сынып ашыла ма?» деген сұрақ туындаған.

5199852558523430589

Аудандық білім бөлімінің бас маманы Айжан Испенбетова бұл мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, ата-ананы қуантты. Оның айтуынша, бірінші сыныпқа оқушы саны біреу болса да, баланың білім алу құқығы ескеріліп, жеке сынып ашылады. Бұл шешім ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Аудан әкімінің қабылдауы тұрғындармен тікелей диалог орнатудың маңызды алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелденді. Айта кетейік, тұрғындарды қабылдау әр тоқсан сайын жүйелі түрде өткізіліп тұрады.

Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале