27.07.2025, 11:00
Оқылды: 410

Ер есімі – ел есінде

Тасқала ауданы, Шежін ауылдық округінің мәдениет үйінде ел ардақтысы, сұрапыл соғыстың куәсі, бейбіт еңбектің үлгісі болған жерлесіміз Әбубакар Назаровтың 100 жыл толуына орай «Ер есімі – ел есінде» атты еске алу кеші өтті.

754198d3-dcd4-4505-887b-478159b22031

Мерейтойлық шара биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева сөз алып, Бакар атаның өмір жолының жас ұрпаққа үлгі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков та сөз сөйлеп, бұл кештің тек еске алу шарасы емес, үлкен тәрбиелік мәні бар іс-шара екенін баса айтты.

591e7de6-0f4b-482f-866a-fe4c55a906ca

Назаров Әбубакар Назарғалиұлы 1925 жылы 21 шілдеде Ақжайық ауданына қарасты Саға ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ел басына күн туған ұжымдастыру, ашаршылық және соғыс жылдарына сәйкес келді. Тағдыр тауқыметі оны ерте есейтеді. Небәрі 15 жасында еңбекке араласып, Камен ауданына қарасты Мешей ауылындағы «Киров» колхозында қара жұмыс істей бастады. Сол кезден бастап еңбекқорлық, табандылық, тәртіп пен тиянақтылық сынды қасиеттері бойына сіңе бастайды. 1943 жылы 18 жасында майдан шебіне аттанып, Ұлы Отан соғысына қатысады.

363bc0c0-4a0c-4fa8-b9c0-bebaffbd2d7bЖауынгерлік жолы Берлинге дейін жетіп, елін жаудан азат етуге белсене атсалысады. Соғыстан кейін де қарап жатпай, бейбіт еңбекке араласады. Соғыстан оралған соң бухгалтерлік курсты тәмамдап, бірнеше колхозда есепші, кейін бас есепші қызметтерін атқарады. 1958 жылы Шежін ауылына ауысып, осы елді мекендегі шаруашылықта зейнеткерлікке шыққанға дейін бас бухгалтер қызметін атқарады. Есеп-қисаптың ұқыптылығына, адалдығы мен кәсіби шеберлігіне байланысты оның есімі аудан көлеміндегі есеп саласының мектебіне айналды. Зайыбы Қанипа апамен бірге үш ұл мен бес қыз өсіріп, оларды тәрбиелі де парасатты азаматтар етіп өсірді. Бүгінде балалары мен немере-шөберелері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда еңбек етіп, ата жолын абыроймен жалғастырып келеді.
Кеш барысында Бакар атаның көзін көрген замандастары мен туыстары естеліктерімен бөлісіп, оның адами болмысы, еңбекқорлығы мен отаншылдығы жайлы жүрекжарды әңгімелер айтты. Сөз кезегін алған балдызы Фазылғали Сапаров, еңбек ардагері Жұмабай Қадыралиев, құдасы Болат Есқалиев Бакар атаның өмірі жайлы тебірене еске алып, жастарға үлгі боларлық тағылымды ойларымен бөлісті.

e9a55bba-0c13-43d7-90b1-814b565ca184
Кеш соңында сахнаға көтерілген Серік Жабасов пен қызы Сәуле Бакарқызы кешке қатысқан барша жандарға алғыстарын білдірді. Кешті ұйымдастыруға атсалысқандардың бірі Бинур Хабидашеваға естелік сыйлық табысталды.
Бакар атаның 100 жылдық мерейтойына орай ұрпақтары арнайы ас беріп, футболдан турнир ұйымдастырып, рухына Құран бағыштады.

3baa0d3b-2043-4218-a79c-1917d763605d

Бұл да ұрпақтан ұрпаққа жалғасар, әкенің есімін ұлықтау, ерлік пен еңбекке тағзым етудің жарқын көрінісі. Осындай тағылымды тұлғалар өмірі жас ұрпаққа әрдайым үлгі болмақ.

Болат Бек,
Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале