ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublika» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров өңірге жұмыс сапарымен келді. Ол өткен сенбіде Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында жүзеге асқан «Өзгерістер көшбасшылығы: жаңа шешімдерге жаңа қуат» форумына қатысты.

Аталмыш форумды «ReWomen Ақжайық» әйелдер қауымдастығы ұйымдастырды. Жиынды қауымдастықтың өңірлік филиалы төрайымы Гүлсезім Аминова жүргізді. Сондай-ақ бұл іс-шарада «Агромашхолдинг KZ» президенті, «Re Women» әйелдер қауымдастығының төрайымы Динара Шүкіжанова, «Respublika» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дулат Мақсатов, аталған партияның және бірлестіктің өзге де өкілдері болды. Гүлсезім Лұқпанқызы Ақ Жайық өңіріне келген меймандарға ақжарма тілегін білдіріп, басқосу маңыздылығына тоқталды.
– Бұл форум – әйелдердің қоғамдық өмірдегі, кәсіптегі, саясат пен әлеуметтік саладағы белсенділігін арттыруға сеп болады. Бүгінгі басқосуда түрлі салада жетістікке жеткен іскер әйелдер, қоғам белсенділері мен сарапшылар өз тәжірибелерімен бөліседі. Осы отырыс нәтижесінде нәзік жандар батыл шешім қабылдауға дағдыланып, көшбасшы әйел бейнесін қалыптастырады, – деді ол.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Асанұлы бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған азаматшаларды кеңінен насихаттау керектігін алға тартты. «Respublika» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған бұл форум Қазақстан бойынша алғаш Ақ Жайық атырабында өтуінің өзіндік себебі бар. Орал қаласындағы Әйелдер қауымдастығының қатысушылары кез келген іс-шарада әркез белсенділік танытады.
– Партия тарапынан кәсіп бастауға қызығушылық білдірген нәзік жандарға түрлі тренингтер мен сабақтар өтеді. Осы бағытта бірнеше бағдарламаны жүзеге асыру жоспарда бар. Әйелдер әртүрлі салада ұшқыр ойларымен, тың бастамаларымен көзге түседі. Мәселен, «Respublika» партиясындағы депутаттардың 50%-ы нәзік жандар. Қазірдің өзінде қауымдастықтың мүшелері мыңнан аса азаматшамен толықты, – деді А. Қожаназаров.
Қазақстандағы кәсіпкер әйелдердің көпшілігі шағын және орта бизнеспен шұғылданатын көрінеді. Олар жемісті еңбектерінің нәтижесінде отбасын асырауда отағасына жәрдемдесіп қана қоймай, ел экономикасының әлеуетінің дамуына да үлес қосып келеді. Егерде ойларыңызда ерекше бизнес идея болса, оны жүзеге асыру керек. Мемлекеттік бағдарламалар жөнінде жауапты қызметкерлерден толық ақпарат алып, бастама тетіктерін іздеп, саралаған жөн. «Re Women» әйелдер қауымдастығының төрайымы Динара
Шүкіжанова дөңгелек үстелде осындай келелі ой білдірді.
Одан кейін бизнесте жетістікке жеткен азаматшалар өзара пікір алмасты. Олардың қатарында «Жайық Дент» стоматологиялық орталығының басшысы Ләззат Кенжеғұлова, «Табу клиникасы» ЖШС-ның директоры Татьяна Буртовая бар. «Re Women Ақжайық» әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Әлима Дүйісмағамбетова «Шекараны бұзатын нәзіктік» атты баяндама оқыды. Спикер бұл баяндамада әйел нәзіктігі мен күшін ұштастырып, қиындықтарды қалай еңсеруге болатыны туралы айтты. Айта кетелік, осы жиынға «Re Women» әйелдер қауымдастығының Астана және Ақтөбе филиалдарынан да қатысушылар келді. Басқосуда «Respublika» партиясының мүшесі, Парижде өткен халықаралық «Bridges in Paris – 2025» өнер байқауында шәкірттері жеңімпаз атанған домбырашы Айнагүл Қайырғалиеваға алғысхат пен 500 мың теңгелік сертификат табысталды. Айдарбек Асанұлы мен Динара Шүкіжанова жылы лебізін айтып, «Шәкірттерің жеңімпаз атанып, атыңды төрге оздырсын!» деген тілек білдірді. Содан соң жиырмаға жуық азаматқа партиялық билет берілді. Форум соңында жиын тізгінін ұстаған Гүлсезім Лұқпанқызы қатысушыларға алғыс айтып, іс-шара мақсаты межесіне жеткенін мәлімдеді.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»