30.07.2025, 12:00
Оқылды: 376

«Өнерге деген қызығушылығымды оятқан ағам еді...»

Жалпақтал ауылындағы алып домбыра мен кітап туралы кәміл естіген шығарсыз. Қос мүсінге құйылып түскен оюлар өзіне еріксіз назар аудартады. Ал түнге қарай сарғылт сәуле төгіліп, тынымбақ маңындағы серуеншілерді ерекше әсерге бөлейді. Ауыл мектебінің 20, 40 жылдық түлектері тарту еткен мүсіндерді темірден құйған – Сайранбек ұста Қажиақпаров. Бүгінгі әңгіме темірден түйін түйген шебер жайында.

1784250e-ff5d-4206-b542-bac7a4bbf602

Ол 1993 жылы 1 маусымда Жалпақтал ауылында өмір есігін ашқан. Ұсталық қабілет кез келгеннің бойында қалыптаса бермейді. Қолыңның ебін барын байқап, үміт шоғы жылт еткеннің өзінде, оны дамытуға жылдар мен маңдай терің төгілері хақ. Жасөспірім шағында Сайранбек көркемсурет өнеріне деген талантын аңғарады. 2003 жыл ғой шамасы, үшінші сыныпқа көшкен Секең Жалпақталдағы балалар өнер мектебіне оқуға түседі. Онда өзі құралпылармен жазу-сызуды меңгеріп, келешектегі күнкөрісі осы салада екенін нақтылайды. Аталмыш білім ұясында алты жыл бойы бар үйренген-білгенін ойға тоқиды. Тоғызыншы сыныптың аттестаты негізінде алған көк дипломын қоржынға салып, арманын орындау үшін Орал шаһарына аттанады.

7f39c714-fd2e-4fca-9969-697c5706bc90-e1748148273444

– Сол жылдары М. Өтемісов атындағы БҚМУ жанында колледж бар-тұғын. Мен мақсат-мұратыма жетелейтін мамандық атаулысын осы оқу ордасынан таптым. Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша тәлім алып, оқуды 2013 жылы аяқтадым.  Жас маман ретінде балалық дәуренім өткен Жалпақталдағы өнер мектебіне жұмысқа орналастым. Онда бес жыл ұстаздық қызмет атқарып, төрт сыныпты мектепке әбден бастығып, соңында қимай қоштастым. Туған жерімде ұстаздық қызметпен тоқтап қалмай, демалыс күндері қалаға жиі қатынап тұрушы едім. Мұндағы мақсатым – дәнекерлеу ісін қосымша оқып алу. Сабақтан соң ауыл тұрғындарының сыр берген есік-қақпаларын жөнге келтіріп беретінмін. Қара бастың қамын күйттеу ол жылдарда да оңай болмады. Әрі сол кезеңде отбасылы болып, перзент сүю қуанышына бөлендім. Жұбайым 2017 жылы М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетінде оқитын. Мен – ауылда мұғаліммін, ол – қалада студент. Студент келіншегімнің тұрмыс-күйіне алаңдап, ауылда қалай жатайын? Қалада мұғалімдік қызмет табу қиын ғой. Бел жазбай жұмыс істесем де, бұйырған бақытымның жанында болайын деп шештім. Содан ресми заңдастырылмаған, жалпақ тілмен жеткізсек, «калым» істеп, қайнаған қара жұмысқа күмп ете қалдым. «Мына азаматты мынадай күні жұмысқа алдым, оған мұнша жалақы төлеймін» деген екіаралық құжат болмағасын, еңбекақым ылғи да кеш төленетін. «Әйелім мен кішкентай қызым бар. Жанұям алар жалақыма қарап отыр» десем де, міз бақпайтынды шығарды жұмыс берушілер. Шағымданайын десең, әлгі құжат негізіндегі дәлел-дәйегімнің қолда болмай тұрғаны. Үйімнің жанында көлік гараждары болған. Ол кезде басыбайлы баспанам да жоқ. «Әулеттің жас жұбайлары ғой» деп туыстарым шаңырағынан бір бөлме босатып берген. Барар-келер жолдарда сол гараждар таптырмас шағын цех ретінде елестеп, көзім жиі түсетін. Жауапсыз жұмыс берушілерге қолымды бір сілтедім де, гараж иелерімен келісімге келіп, ақыры сатып алдым. Кәсібімнің алғашқы баспалдағы, міне, осыдан басталды, – деді кәсіпкер Қажиақпаров.

Сайранбек Нұржанұлы шатырынан су кетіп, қабырғасы қақыраған сарайды қалыпқа келтіріп, шағын цех ретінде жасақтаған. Қолда бар темір кескіші мен дәнекерлеуші құралын іске қосып, тапсырыстар қабылдаған. Күздің жаңбырлы маусымында, қыс мезгіліндегі үскірік аязда кәсіпті дөңгелету қиынға соққанын айтады. Сол жылдары балалардың терезеден құлап кету жағдайлары жиілеген. Темірлерді кесіп-пішіп, одан терезе қорғанын жасап, көпшілік сұранысын қанағаттандырған. Еңбегі табысты болған азамат, келер көктемде цех жанынан тағы екі гаражды сатып алып, кәсіп орнын кеңейткен. Нұржанның Сайранбегін биылғы көктем талай жылдан бергі діттеген мұратына жеткізді. Яғни осы жылы құны 15 миллионнан асып жығылатын цехты салып, қазір сол ғимаратта жұмысын жалғастыруда.

– 2024 жылдың шілде айында жаңа цехтың құрылысын бастағанмын. Одан бұрын бес жылға жуық жоғарыда айтылған сарайларда жұмыс істедім. Жаңа цехымыздың ұзындығы 24 метр болса, ені 12 метрді құрайды. Ал биіктігі алты метр шамасында болады. Осыған дейін мемлекеттік бағдарламарға өтініш білдірмедік, ешқандай несие рәсімдеген жоқпыз. Қалауымызға еңбекпен біртіндеп қол жеткізудеміз. Мұнда кесу және дәнекерлеуге арналған құрылғылар сатып алып, жабдықтарды жаңарттық. Ең қымбат құрылғының бағасы 400 мың теңгеге таяп қалады. Бүгінде үш азаматты жұмыспен қамтып отырмын. Дәнекерлеуші жұмысшыларыма айына 350 мыңнан жоғары жалақы төлеймін, – деді Сайранбек Қажиақпаров.

Секең Жалпақталдағы домбыра мен кітап мүсіндерінің құрылысы күрделі болғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Жалпақталдағы домбыра былтырғы жылы жасалған үлкен жобалардың бастамасы екен. «Алып мүсін Орал қаласындағы қуықтай ғана сарайда құрастырылды» десе, сіз сенбейтін де шығарсыз. Бірақ осы сөзіміз шындыққа жанасады. Бұл – ебін тапқан еңбектің ырыздығы мол дегеннің нақ дәлелі.

500764043_1226983149437908_8963461868939865945_n

– Өткен жылы Жалпақталдағы домбырамен қатар, Атырау облысына қарасты Индер ауданына бір данасын жөнелттік. Ал кітап мүсіні болса, оны осы үлкен цехта жасап шығардық. Оның көлемі домбырамен салыстырғанда үлкен. Кітапты Жалпақталға «Газель» аутокөлігімен үш рейс жасап жеткіздік. Кітаптың ұзындығы – үш, ені – алты метр. Оған қоса, кітап парағына Абай Құнанбайұлының өлең шумақтары мен ұлттық ою-өрнектерді, сондай-ақ түрлі таңбаларды енгіздік. Ең алдымен, мүсіннің компьютермен сұлбасын жасап шығарамыз. Былтыр қыркүйектен бастап осы жылдың наурызына дейін домбыраның нобайын сызумен айналыстық. Әрекеттерімізді әбден нақтылап алған соң, темірді кесіп-пішу және дәнекерлеу қиынға соқпады. Мүсін жобасы дайын болғаннан кейін бас-аяғы екі айда домбыраны құрастырып, тапсырыс берушіге табыстадық. Қазір сәкі, мангал, аула қақпасы, үй есігі секілді тапсырыстарды жасап жатырмыз. Аула қақпасының орташа бағасы – 350-380 мыңның шамасында. Ал мангал бағасы құрылысы және әсемдігіне қарай 15 мыңнан бастап, құны жоғарылай береді. Келер жылға ауқымды тапсырыстар түсуде. Оны алдағы уақытта естіп, білерсіздер, – дейді ұста Қажиақпаров.

500763940_1226983372771219_3931240450592144200_n

Бүгінде Сайранбек Нұржанұлының «ZKOVKA» деп аталатын жеке кәсіпкерлігі бар. Оның айтуынша, әке жағынан да, нағашы жағынан да өнерлі азаматтар көп болған. Секеңді осы кәсіп жолына әкелген балалық дәуреніндегі сурет салуға деген махаббат. «Марқұм Сынайбек ағам қылқаламның қыр-сырын шебер меңгерген талант иесі еді. Бала күнімде оның салған суреттеріне қатты қызығатынмын. Содан кейін бейнелеу өнеріне бүйрегім бұрды да тұрды. Өнерге деген қызығушылығымның шырақшысы – ағам. Бірақ жарық дүниедегі оты ерте өшті ол кісінің», – деп ағасын емірене еске алды кейіпкер.

Балалық асқақ арманын әуелетіп, оны шындыққа айналдырған кейіпкердің кәсібі өрге домалай берсін деген тілек білдіреміз!

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале