30.07.2025, 16:30
Оқылды: 335

Адал еңбегімен көпке үлгі жан

Халқымыз әуелден еңбекті тіршілік көзі, тәрбиенің бастауы деп санаған. Еңбек ету арқылы балаларды тәрбиелеп, оларды еңбекқорлыққа, адалдыққа баулыған. Ата-аналар балаларының түзу жолда жүріп, адал еңбекпен нәпақаларын табуы үшін оларға кішкентай кезінен “Еңбек түбі - береке” екенін ұғындырып келген.

еңбек адамы (3)

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Еңбек адамы, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы - бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.

Қоғамда адал еңбегімен нәпақасын тауып жүрген, алайда қызметі көзге көрінбей қалатын көптеген жандар бар. Олардың жұмысын біз күнделікті көріп жүргенімізбен біреулер олардың еңбек адамы екенін ескере бермеуі мүмкін. Арамызда жүрген кейбір жандардың жұмысы күннің ыстығы мен суығына қарамайды. Олар қандай ауа-райы болса да өз жұмыстарын атқарады. Бүгінгі кейіпкеріміздің есімі Гүлнар Қалиева. Ол негізінен Ақтөбе облысының тумасы екен. Ол 1987 жылы Ақсай қаласына көшіп келген. Оның екі ұлы бар.

60 жастағы Гүлнар Сақыпқызы бүгінде Ақсай қаласындағы №5 “Ертегі” балабақшасында аула сыпырушы болып жұмыс жасайды. Аталған мекемеде ол 2013 жылдан бері үзбей еңбек етіп келеді.

Гүлнар апа 1985 жылы ауданымыздағы қазіргі Бөрлі колледжін механик-организатор мамандығы бойынша бітірген екен. Ол осы уақытқа дейін қауіпсіздік инспекторы, бригадир және тағы басқа көптеген қызметтер атқарған.

- Менің балабақшада жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 12 жыл. Жұмысым өзіме ұнайды. Балабақшаны жақсы көремін. №5 балабақшаның ауласы әдемі безендірілген. Сол ауланы таза ұстау менің міндетім. Басшымыз Гүлзайда Жандарбекқызы біздерді сыйлайды. Қасымдағы қыздармен әрқашан татумыз, - дейді Гүлнар апа.

Кейіпкеріміз ортасында сыйлы қызметкерлердің бірі. Ата-аналар, балабақша жанында тұратын кісілер оның жақсы жұмыс істейтінін айтып, мақтап отырады екен.

еңбек адамы

- Біздің балабақшамыздағы барлық қызметкерлер өз жұмыстарын адал, таза атқарады. Солардың бірі Гүлнар Сақыпқызы. Ол еңбек жолын адалдықпен және жауапкершілікпен атқарып келеді. Осы уақыт аралығында өз міндеттерін тиянақты атқарып, ұжым арасында сыйлы, еңбекқор қызметкер ретінде танылды. Тазалық пен тәртіпке мән беріп, балаларға жайлы, таза орта қалыптастыруға атсалысып, әйел адам болсада ер азаматтың жұмысын өзі тындырады. Отбасы, балалары әрқашан көмектеседі. Тіпті анасының жұмысын жеңілдету үшін жапырақ, қоқыстарды үрлеп тазалайтын құралдар алып берген болатын. Демалыстарында аналарына көмектеседі. Ол ауа райының ыссы, салқын, боран, дауылына қарамай, шыдап бүлдіршіндер мен ата-аналардың және қызметкерлердің балабақшаға келетін жолдарын тазалап, жағдайларын жасап қояды, - дейді Ақсай қаласының №5 “Ертегі” балабақшасының басшысы Гүлзайда Жандарбекқызы.

Гүлнар апа бос уақытында домбыра тартып, кітап оқығанды жақсы көреді екен. Кейіпкеріміз жұмысының ауырлығына қарамай, көп қиындық көрсе де мойымай, адал еңбек етіп жүрген көпке үлгі жан.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале