30.07.2025, 16:45
Оқылды: 242

«Балдәурен» балаларды сағынышпен шығарып салды

Күні кеше шынайы достықтың, риясыз эмоциялар мен жаңа таныстықтардың орталығына айналған  Жәнібек аудандық «Балдәурен» жазғы демалыс лагері өзінің кезекті маусымын қорытындылап, жабылу салтанатын өткізді.

image-30-07-25-12-18

Маусым айынан бастау алған жазғы лагерь 6 кезең бойы аудан оқушыларына шаттық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлап, әр демалушының аталмыш лагерьде өткізген уақыты естен кетпес естеліктерге толы күндерге айналды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев бастаған бірқатар бөлім басшылары қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

image-30-07-25-12-18-3

- «Балдәурен» лагері балалар үшін тек демалыс орны емес, сонымен қатар тәрбиелік мәні зор шаралармен, шығармашылық пен достыққа негізделген бағдарламаларымен ерекшеленеді. Мұнда балалар жаңа достар тауып, қабілеттерін дамытып, өмірлік құндылықтарды бойына сіңірді деген ниеттеміз. Әр демалушы жаңа оқу жылына тыныққан оймен, жаңа серпіліспен оралады деп сенеміз, — деді өз сөзінде Жаннұр Бекбауұлы.

image-30-07-25-12-18-6

Салтанаты шара барысында соңғы ауысымның тәрбиеленушілері жиылғандарға арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынды. Ән мен би, қойылымдар мен көркем сөз оқулары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Лагерь жұмысы барысында ерекше белсенділік танытып, балаларға жылуын төгіп, тәлімді тәрбие бере білген тәрбиешілер Райымбек Мұқанов, Сұлушаш Қыдырова, Арай Қожахметова, Жұлдыз Суханасова және Айымгүл Бисен аудандық білім бөлімінің алғысхаттарымен марапатталды. Марапаттарды Асхат Хамитұлы мен мектептен тыс жұмыстар орталығының директоры Есенгелді Жексенов табыстап, олардың еңбегіне алғысын білдірді. Лагерь директоры Мөлдір Мәжитова барлық демалушылар мен тәрбиешілерге алғыс айтып, жаңа оқу жылына сергек көңіл күймен, тың идеяларымен оралуға тілек білдірді.

image-30-07-25-12-18-1

Айта кетейік, биыл жазда «Балдәурен» лагері 160-тан астам баланы сапалы демалыспен қамтыды. Лагерь бағдарламасына спорттық, мәдени, танымдық іс-шаралармен қатар, көшбасшылық қасиетті дамытуға бағытталған тренингтер мен сайыстар да енгізілген. Балалар үшін жарқын жазғы күндер артта қалғанымен, лагерьде өткен әр сәт олардың жүрегінде ұзақ сақталары анық.

 

Арай Сейфолла, 

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале