Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектепте Ақлима Ахметова, Бибатша Ыбыраева және Балдай Қабылтаева есімді апайлар ұзақ жыл ұстаздық етті.

Ахметова Ақлима апай аталмыш білім ошағына 1947 жылы математика пәнінің мұғалімі ретінде қызметке қабылданады. 1953-1957 жылдары ол оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Ал 1957-1980 жылдар аралығында, яғни құрметті демалысқа шыққанша, А. Ахметова 23 жыл бойы үздіксіз Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры болып абыройлы қызмет атқарып, әріптестері мен шәкірттеріне қоса, ауыл-аймақ халқының шынайы құрмет-ілтипатына бөленді.

Ыбыраева Бибатша апай 1953-1984 жылдар аралығында, яғни айтқанда, табан аудармай 31 жыл бойы тілге тиек болып отырған мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берді.

Қабылтаева Балдай апай 1945 жылы математика пәнінің мұғалімі қызметіне қабылданып, содан 1979 жылы құрметті демалысқа шыққанша, дәлірек айтқанда, 34 жылдан астам жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берген.
Мен бұл апайлардың үшеуін де көре қалдым. Көре қалдым деу аз, өзім 1978-2013 жылдар аралығында Ы. Алтынсарин атындағы мектепте география пәнінен сабақ бергендіктен, жасы үлкен, жолы үлкен әріптестер ретінде апайлардан үлгі-өнеге көріп, тәлім-тәрбие алдым. Үш апай да өз пәндерін шебер меңгерген мұғалім екендіктеріне қоса, парасатты тұлғалар, үлкен-кішіге бірдей сыйлы ұстаздар еді. Бүкіл саналы ғұмырларын жас ұрпақтың білімді де өнегелі болып қалыптасуына арнаған осы аяулы үш жанның биыл жарық дүниеге көрінгендеріне 100 жыл. Әрине, бүгіндері үшеуі де арамызда жоқ, тіпті олардың өмірден озғандарына да біраз жыл өтті. Бірақ көз алдыңнан кетсе де, көңілден өшпейтін осы аяулы жандарды алдағы күзде ауыл-аймақ болып еске алсақ деп едім. Осы ниетімді ауылдың үлкендері мен ауылдық округтің басшы-қосшысына құлаққағыс қылып едім, олар бірден құптады. Сөйте тұра, осындай сауапты істің өзі ақшаға келіп тіреледі ғой. Мысалы, біраз кісіге арнайы дастарқан жайып, бірекі қой сойып, апайлардың рухына Құран оқып, дұға бағыштағымыз келеді. Апайлардың әрқайсысының атына көрген жан сүйсінетіндей жақсы жабдықталған сынып ашпақ ойымыз бар. Олардың өнегелі өмірі мен жасампаз ұстаздық еңбек жолы туралы жеке-жеке көрме жасақтасақ, егер реті келіп жатса, тіпті деректі фильм түсірсек дейміз. Мұндай жоба-жоспар, әрине, қомақты қаржыны талап етеді. Сондықтан ауылдың үлкендеріне қоса, Шағатай ауылдық округінің басшылығымен ақылдаса келе, біздің ауыл-аймақтан шыққан шаруасы күйлі азаматтар мен Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлектерінің назарына аталмыш білім ошағының қызметкері Толқын Қафиятқызы Айтқалиеваның есеп шотын KZ276010002062921635 ұсынып отырмыз. Бастапқыда аталмыш мақсатта қоғамдық қор ашқымыз келген, бірақ оның машақаты мен жүрісі көп екен. Ал бізді уақыт қысып барады, сол себепті осындай ұйғарымға келдік. Шағатайдан шыққан танымал тұлғалар мен мектебіміздің шаруасы көтеретін түлектері біздің бастамамызға қолдау білдіреді деп сенемін.
Сатқан Мұқашев,
педагогика саласының ардагері,
Шағатай ауылы,
Теректі ауданы