Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов, аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов және аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Тимур Хамзин аудан орталығында салынып жатқан құрылыс нысандарын, соның ішінде салынып жатқан тұрғын үйлерді аралап, олардың қазіргі жай-күйімен танысты. Аудан басшысы тұрғын үй құрылыстарының сапасы мен мерзімі, ішкі жоспарлануы мен инженерлік жүйелерінің жүргізілу барысына айрықша назар аударды.

Әкім бастаған топ, алдымен Әл-Фараби және Хиуаз Доспанова атындағы көшелерінің бойында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Олардың бірқатарының техникалық құжаттамасы әзірлену үстінде. Бір нысанда электр сымдары тартылып жатса, енді бірінде ішкі әрлеу жұмыстары басталған. Құрылыс қарқыны жаман емес, нысандар белгіленген жұмыс кестесіне сай жүргізілуде. Аудан әкімі мердігерлермен кездесіп, құрылыс сапасы мен материалдардың стандартқа сәйкестігі жайында сұрастырды. Салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы Тимур Серікұлының көңілінен шыққан-ды. Дегенмен, ол пәтерлердің ішкі бөлінісіне ерекше назар аударып, олардың болашақ иелері – көп балалы отбасылар немесе әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар болуы мүмкін екендігін ескертті. Сол себепті тұрғын үйлер барынша қолайлы, ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы қажет екенін баса айтты.

Айта кетейік, жыл соңына дейін Жәнібек ауылының 34 тұрғынына жаңа баспананың кілті табысталмақ. Бұл пәтерлер, ең алдымен өз кезегімен тұрғын үйге мұқтаж, қоғамның осал топтарына жататын азаматтарға берілетін болады. Бұл аудан басшылығының әлеуметтік әділеттілікті басты қағида ретінде ұстанатынын көрсетеді. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлердің айтуынша, барлық нысандар жоспарға сәйкес уақтылы аяқталады.

Жауапты мамандар тұрғын үй құрылыстарының сапасына, экологиялық қауіпсіздігіне және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуіне баса назар аударып отыр. Аудан әкімінің осындай сапары аталмыш саладағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанының көрінісі.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы