Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалардың цифрлық бейінін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау минстрі Ақмарал Әлназарова хабарлады.

Оның айтуынша, бұған дейін балабақша мен мектепке баруы үшін балалар денсаулығының электрондық паспорты енгізілген. Бұл балалар арасындағы қауіп факторларын ерте анықтау мен оларға көрсетілген медициналық көмектің көлеміне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Одан бөлек, жүкті және босанған әйелдердің электрондық картасы, олармен проактивті жұмыс жүргізу сервисі енгізілді. Бүгінгі таңда болашақ аналарға жоспарлы қабылдау күні мен скринингтен өту туралы 348 мың хабарлама жіберілген. Сондай-ақ, Жүкті және фертильді жастағы әйелдер тіркелімін медициналық ақпараттық жүйелермен интеграциялау жүзеге асырылды. 2024 жылдан бері оны жаңарту жұмыстары жүргізілуде.