6.08.2025, 9:45
Оқылды: 298

Ауыл жәйін ойлағанның аты озар

Қазақ қоғамында аға буын мен зиялы қауымның орны қашан да айрықша. Олар-елдің рухани тірегі, ұлттың ұйытқысы және даналыққа бастар қайнар көзі. Елдің бірлігі мен ынтымағы зиялы қауымның парасаты мен ауызбіршілігінен бастау алады.  Береке-бірлікке үндейтін аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің зиялы қауым өкілдерімен аудандық Дән мәдениет үйінде өткен басқосуда ерекше екпін берілді.

image-05-08-25-10-18-9

Алдымен кездесуге келушілер Дән мәдениет үйінде жаңадан ашылған кітапхананың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, жаңаша ізденістерімен таныстырған Ж.Истелееваның әңгімесіне құлақ түріп, жас домбырашы өнерпаздың тартқан күйіне ден қойды.

Жылы райдағы жүздесу барысында аудан әкімі ауданымызда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық серпінге, ауыл-елдердегі жұмыссыздықты азайтып, халықтың тұрақты қоныстанып қалуы үшін қолға алынып жатқан шаралар, абаттандыру мен мәдениетімізді көтеру мәселелеріне тоқталып өтті.

image-05-08-25-10-18-2

- Әр елді мекеннің алға дамуы үшін оның халқының жағдайы жасалуы тиіс. Ауылдағы халықтың көшіп-қону үрдісін тоқтату үшін ауылда тұрақты жұмыс, мамандарда жайлы жәй болуы қажет. Айталық аудандық ауруханаға жасалып жатқан күрделі жөндеу да аяқталар уақыт аз емес. Бұл салаға да келіп отырған жас мамандар үкімет тарапынан берілетін көтерме ақымен қоса жергілікті биліктің де көмегінен шет қалмайды. Жоғары оқу орнын бітіріп келген мамандар жұмыс тапқанымен үй-жайы келіспей тұрса оның не мәні болмақ? Осы мақсатты алға қоя отырып биылдың өзінде Ақшат ауылына келген екі жас дәрігерге тұрғын үймен қарассақ, үшінші маманды да осындай игілік күтіп тұр. Л.Қылышев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізу жалғасуда. Оқу басталар уақыт та таяу, сол себепті де интернатта оқитын балаларды үй-жаймен қамтамасыз ету мәселесі бүгіннен бастап қолға алынуда. Тағы да бір күрделі жөндеуді қажет еткен мекеме-аудандық теміржол вокзалы болатын. Бұл ғимаратты жөндеуге әзірлеу барысында оның апатты жағдайда екендігі, жолаушылар өміріне қауіп төндірерлігі белгілі болғандықтан жаңа ғимарат салу қажеттігі туындады. Ғимараттың 1936 жылы тұрғызылғандығын ескерсек оның әбден тозығы жетіп тұрғанын пайымдау қиын емес. Сол себепті де ауқымды қаражат қажеттілігі анықталып, бұл мәселені облыс әкімінің назарына ұсынып, мәселенің оңтайлы шешілетіне сеніп отырмыз,-дей келе Мұрат Амангелдіұлы аудан-ауылдарда жүргізіліп жатқан өзге де жұмыстарға шолу жасады.

Бүгінгі таңда Шыңғырлау-Сегізсай бағытындағы жолды қатты жабындымен төсеу жұмысы да көңілден шығып отыр. Биылғы белгіленген мерзімге дейін 30 км жол салу жұмысы атқарылып бітсе келесі жылдың еншісіне 15 км ғана жол төсеу жұмысы қалмақ. Бұл да халықтың бізге аманат еткен өтініштерінің орындалғаны деп білеміз дей келе аудан басшысы ауданға қытайлық инвесторларды тарту, тазалық мәселесі, ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерінің ауқымды жобалары туралы да тарқатып әңгіме өрбітті.

image-05-08-25-10-18-16

Жиынға қатысып отырған аудандық мекеме басшылары, аудандағы халық қалаулылары, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен аға буын өкілдері де көкейлеріне сақтай келген өз ойларын ортаға салды. Ж.Байғалиевтің аудандағы ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінен күтілер нәтиже туралы сұрағына аудан басшысы Н.Бекманов пен Н.Қалиев жетекшілік ететін бұл сала алдына үлкен жоспар-мақсат қойып отырғанын тілге тиек етті. Тиісті құрал-жабдықтар жеткізілісімен сүт жинайтын мәшинемен ауыл тұрғындарынан сүт өнімі жиналып, онымен аудан жұртшылығын қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болады деген сүйінішті жәйттан хабардар етті. Екінші шағын ауылдардағы мектептер жәйі туралы сұраққа-мектепті сақтап қалу үшін алдымен өзіміз туған жерімізден жырақтамағанымыз жөн. Өйткені, өздері ауылда тұрып, балаларын қалада оқытатын ата-аналар да бар, ал біз шеттен бала іздеп әуре боламыз. Бізге тұрақты жұмыс, тұрғын үй іздеп келгендерді жатсынбай мейлінше қолдау көрсетіп, әрі мектебімізді сақтап, әрі халықтың санын көбейту басты мақсатымыз болып қалу керек деген әкім сөзі көптің көңілінен шыққаны сөзсіз.  Сонымен қатар жоғары оқу орнын бітіріп, туған ауылына қызмет етуге құлқы жоқ жас мамандар туралы өзекті тақырыпты қозғаған Л.Волошинаның, ауылдағы қай салаға да қажет жұмысшы мамандықтар жәйіне назар аудартған Т.Иманғалиевтің ортаға салған уәждері де көкейде жүрген сұрақтар екендігі белгілі. Бұл мәселе турасында да Мұрат Амангелдіұлы коллеждердегі дуалды оқыту үрдісі көптеген түйткілді мәселелердің түйінін шешуге сеп болмағын, жұмысшы мамандықтар дайындау жолында оқытып қана қоймай тұрақты жұмыс табуға жетісуі түпкі нәтиженің көрінісі болмағын да атап өтті.  Аудан тұрғыны М.Қуанаев, ауданымыздан шығып, алыс-жақын елдерге танылған атақты тұлғалардың есімдерін жаңғырту, олардың өмір жолдарын бүгінгі ұрпаққа мансұқтау, аудандағы ескі қорымды қоршау, көше тазалығын сақтау туралы да көкейкесті ойын жеткізді. Жасы ұлғайса да қолынан күрек-сайманы түспейтін ауданымыздың сыйлы ақсақалы С.Ердібеков көше тазалығын сақтау, жас өскіндерді күтіп-баптау турасындағы әңгімеге өз ойын қосты.

image-05-08-25-10-18-10

Ал, ауылымыздың құрметті азаматы А.Шотпанов биылғы аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған кітап оқу үрдісін жалғастырсақ, жаңа оқу жылында ауданымызға келген жас ұстаздарды аудандық саябақтағы Ұстазға арналған ескерткіш жанында қабылдап, еңбек жолдарына сәттілік тілеуді ізгі дәстүрге айналдырсақ деген ойлы пікірін жеткізді.

Сонымен қатар ауданымызға белгілі журналист, аудандық газеттің рекдакторы болған Амангелді Үмбетәлиевтің атына бір көшені атау туралы әңгіме өрбіткен К.Іскендірқызының ұсынысы да көптен қолдау тапқандай.

image-05-08-25-10-18-1

Емен-жарқын әңгіме өрбіген жүздесуде аудан тұрғындарының тазалыққа мән беруге жетісуі, ішкі мәдениетін қалыптастыру өскелең ұрпаққа көрсеткен өнегеміз, тәрбиеміз болмақ. Сондықтан да үлкендер бас болып жүрген ортамызда ауылымыздың сәні мен салтанаты тазалыққа байланысты болмағы туралы кеңінен айта жүрген жөн делінді. Аудан әкімі осы орайда тазалығымен, ұйымшылдығымен көзге түскен Көкжайлау көшесінің тұрғындарының ауызбіршілігін үлгі етіп, көше тұрғындарына  шөп шабатын құрылғы тарту еткендіктерін, ал көше тұрғындары өз кезектерінде осындай тазалық сақтау челленджін өзге де көшелерге жолдау туралы ұсыныс түсіргендігін ерекше атап өтті. Туған жеріміздің болашағын ойлау, заманауилыққа ұмтылу, өткенімізді бағалап, болашаққа нық көзқараспен қарау әрбір елін-жерін сүйетін азаматтың басты ұстанымы болуы қажет. Туған жерінде туын тік тіккен жан ғана келешегіне сенімді, еліне бақ-береке әкелері анық деген ойға саятын басқосу көптің көңілінен шыққаны сөзсіз.

image-05-08-25-10-18-11

Әрине, бір кездесуде көкейде жүрген көп ойларды айтып тауысу мүмкін емес. Мұндай тиімді де ашық жүздесулер бізді тек бірлікке, ортақ мақсатқа деген жігерге бастайтыны белгілі. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің: «Мен үшін аға буынның қолдауы мен ақыл-кеңесі әрқашан маңызды. Алдағы уақытта да сіздермен бірлесіп, игілікті істерді жүзеге асырамыз деп сенемін», - деуі бұл кездесудің нәтижелілігіне  берілген баға іспеттес болды.

Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале