Жуырда Қадырсарайда көрнекті ақын, ойшыл, ағартушы Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған облыстық жыр мүшәйрасының қорытынды шарасы өтті. «Асылдығын алты Алашқа білгізген» атты бұл поэзия додасын Жәнібек ауданының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық өкілдігі бірлесіп ұйымдастырды.

Мүшәйраға әр жас ақын екі өлеңнен тапсырған болатын. Оның біреуі – Ғұмар Қарашқа арналған арнау болса, екіншісі – еркін тақырыпта жазылған өлең. Қатысушылардың жырларынан Алаш рухы, ұлттық мұрат, елдік идея анық сезілді. Қазылар алқасы мазмұн мен көркемдік сапаға ерекше мән беріп, үздік шыққандарды марапаттады.
Облыстық мүшәйраның қазылар алқасына ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин төрағалық етті. Қазылар құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәулескер күйші, ақын-журналист, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын-журналист, «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Нұртай Текебаев болды.

Кештің ресми ашылуында құттықтау сөз сөйлеген Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов қатысушыларға сәттілік тілеп, Ғұмар Қараштың рухани мұрасын дәріптеудегі осындай әдеби шаралардың маңыздылығына тоқталды.
– Ғұлама Ғұмар Қараштың 150 жылдық мерейтойына орай Жәнібек ауданы көлемінде бірқатар маңызды шаралар жоспарланып, сәуір айынан бастап жүйелі түрде жүзеге асырыла бастады. Солардың бірі – бүгін қорытындыланып отырған облыстық жас ақындар мүшәйрасы. Бұған дейін де облыс көлемінде Ғұмар Қараш оқулары сәтті өткен болатын. Сонымен қатар бүгінде ғұлама ба-баға арналған көркем шығармашылық еңбектер де қолға алынуда. Мәселен, Нұрлан Сәдір жазған Ғұмар Қараш туралы пьеса қазіргі таңда Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрына ұсынылды. Театрдың бас режиссері Алмат Шәріпов қойылыммен танысуда. Жыл соңына дейін бұл туынды көрерменге жол тартпақ. Қыркүйек айында Ғұмар бабаның рухани мұрасына арналған республикалық ғылыми конференция өткізу жоспарланған. Сондай-ақ Астана қаласында ғұмартанушы, өлкетанушы Жантас Сафуллиннің үш томдық еңбегінің тұсаукесері ҚР Ұлттық музейінде өтпек. Хабар телеарнасының бастамасымен Ғұмар Қараш туралы деректі фильм түсіріліп жатыр. Бұл туындыда Орал қаласында және Жәнібек ауданындағы кесене маңында түсірілімдер жүргізіліп, баба рухына тағзым ретінде естеліктер мен ауқымды шаралар қамтылмақ. Сондай-ақ Жәнібекте республикалық деңгейде ақындар айтысын өткізу және баба тойын дала қызықтарымен түйіндеу жоспарланып отыр, – деді Жаннұр Бекбауұлы.
Мүшәйраға қолдау білдірген Жәнібек ауданының тумасы, Ақмола облысындағы Бұланды аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Әлішер Кенжеғалиев ел руханияты жолындағы игі бастамаларға әрдайым ниетті екенін жеткізді.
– Ғұлама Ғұмарды ұлықтау – ұлы іс. Оның рухани мұрасы – ұлттың асыл қазынасы. Ғұмар Қараштың ғұмырлы шығармаларын дәріптеу, оның еңбегін ел жадында жаңғыртып, кеңінен насихаттау – ғаламат дүние. Мұндай тағылымды шаралар жастардың танымын тереңдетіп, рухани жаңғыруға жол ашады. Осындай ауқымды іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша Батыс Қазақстан жұртына, Жәнібек ауданының тұрғындарына, Жәнібек ауданы әкімі аппаратының басшылығына шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді ол.
Кеш барысында жас ақындар сахнаға шығып, Ғұмар Қарашқа арнаған жүрекжарды жырларын оқыды. Ақындар Алаш арысының мұрасын өз үнімен жаңғыртып, поэзия тілімен ой толғады.
Салтанатты марапаттау рәсімінде сөз алған қазылар алқасының төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, белгілі қаламгер Бауыржан Файзоллаұлы былайша ой толғады:
– Ағартушы ақын, философ, қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың туғанына биыл – 150 жыл. Кеңес өкіметі тұсында бұл тұлғаның рухани қазынасын ауқымды насихаттауға тыйым салынды. Тіпті демократияның, жариялықтың самалы сезіле бастаған қайта құру жылдары да бұл рухани қамбаның қақпасы ашыла қойған жоқ. Міне, Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздігінің арқасында біраз жылдан бері тарихи ақтаңдақтарды қалпына келтіруге, ұлы тұлғаларға баса назар аударуға мүмкіндік туды.
Ғұмар Қараштың басты мұрат-мақсаты – ағартушылық арқылы, сол сипаттағы өзінің ақындық шығармашылығы арқылы және газет шығару арқылы халқымызды өзгелерден мойны озық елдермен терезесін тең ету еді. Ол бүкіл саналы ғұмырын осындай ұлы мұрат-мақсатқа арнады. Осындай тұлғаны жастар арасында кеңінен насихаттау үшін, жастар тереңірек тани түсуі үшін, Ғұмар Қараштың әлеміне енуі үшін, оның ғибратын тек өз санасына сіңіріп қана қоймай, қалың бұқараға насихаттауы үшін Жәнібек ауданының басшылығына Ғұмар Қараш – жазба әдебиеттің өкілі, жазба ақын. Сол себепті жас жазба ақындардың арасында облыстық мүшәйра ұйымдастырсақ деген ұсыныс айтқан едім. Аудан басшылығына үлкен рақмет, екі сөзге келмей, бірден құп алды. Бұл облыстық мүшәйраны жариялаған соң көңілімізде алаң болғаны рас. Себебі рухани мұрасы күні кешеге дейін ауқымды насихатталмаған Ғұмар ғұламаны жас ақындар біле ме екен, қатыса ма екен деген ой мазалады. Ол алаңымыз да негізсіз емес екен. Межелі уақыт, кесімді күн жақындағанша бірде-бір жас ақыннан өлең түскен жоқ. Тек соңғы 3-4 күнде ғана 10 ақыннан өлең түсті. Қазылар алқасы болып түгел қарап шықтық. Мүшәйра талаптарына толық сай келеді екен. Рас, көпшілігі Ғұмар әлемінің есігін ашып, қайтадан жаба салғандай әсер қалдырды. Бірақ бұл – жас ақындардың Ғұмардың рухани қазынасына деген алғашқы қадамы. Сондықтан да біз оған түсіністікпен қарадық және бәріне де сый-сияпат жасауды жөн санадық. Әрі қарай осы жас ақындар арқылы Ғұмардың рухани мұрасын ұлықтайтын, қазынасын насихаттайтын насихатшылар қатары көбейетініне сенімдіміз, – деді ол.

Мүшәйра қорытындысы бойынша I орынды Жанерке Ғинаят, II орынды Меңдібек Лұқпан, ал III орынды Азамат Бақиев пен Нұрым Ғұмар өзара бөлісті. Қалған жас ақындарға ұйымдастырушылар тарапынан алғысхаттар мен қаржылай сый-сияпат табыс етілді.
Ерке Мереке,
«Орал өңірі»
Азамат Бақиев, Жаңақала ауданындағы Д. Нұрпейісова атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ІІІ орын иегері:
– Қазақ әдебиетінен, тарихынан ойып тұрып орын алатын ұлт қайраткері, тағдырлы ақын Ғұмар Қараштың есімі жылдармен бірге жаңғырып келеді. Биыл ақынның 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп, түрлі рухани-мәдени жоба-жоспарлар жүзеге асып жатыр. Сондай бір әдебиетке жасалған ізгі істің бірегейі Ғұмар бабамызға арналған мүшәйра дер едім. Жоғары деңгейде өткен жыр мүшәйрасында ақынның рухани, қайраткерлік бейнесі кеңінен ашылды. Осындай ізгі шаралар жалғасын тауып, руханиятқа жасалған құрмет пен қызмет түгесілмесе екен деймін. Мүшәйра ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін.
Меңдібек Лұқпан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Тасқала аудандық білім беру бөлімі мектептен тыс жұмыс орталығының бөлім меңгерушісі, ІІ орын иегері:
– Ғұмар Қараш атамыздың рухани мұрасын жаңғыртуға бағытталған бұл мүшәйра мен үшін тек шығармашылық байқау емес, үлкен жауапкершілік болды. Өйткені Алаш идеясының жаршысы болған тұлғаның өмірі мен еңбегін өлеңмен өрнектеу әр ақынның жүрегінен терең сезіммен шығуы тиіс. Мүшәйраға арнау және еркін тақырыпта екі өлең ұсындым. Ғұмар атаның қазақ еліне сіңірген еңбегін, елдік мүдде жолындағы күресін, рухани биігін барынша көркем бейнелеуге тырыстым. Осындай деңгейдегі әдеби шаралар жастардың сөз өнеріне деген ынтасын оятып, олардың тарихи тұлғаларды тануға деген ықыласын арттырары анық.
Жанерке Ғинаят, «Орал өңірі» газетінің тілшісі, І орын иегері:
– Бала күнімнен көркем әдебиетке, жазу-сызуға ерекше қызығушылық таныттым. Сол әуестігімнің арқасында қаламды да ерте ұстадым. Қазірге дейін түрлі мүшәйраларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрмін. Бүгінгі мүшәйрадан да І орын бұйырып отыр – бұл мен үшін үлкен қуаныш, шабыт әрі жауапкершілік.
Ғұмар Қараш – халқына қалтқысыз қызмет еткен, елінің ертеңін ойлаған көрнекті тұлға. Мен өлеңім арқылы оның қазақ халқына деген жанашырлығын, рухани мұрасын, азаттық жолындағы күресін жеткізуге тырыстым. Мұндай рухты, ұлтшыл тұлғалар – бізге, яғни жастарға бағыт-бағдар, темірқазық деп ойлаймын.