Отанға деген сезіммен, халықтың қаһармандығымен, талайдың өмірін жалмаған сұм соғыстың Жеңіспен аяқталғанына да 80 жыл толды. Біз соғысқа қатыспасақ та, соғыс өрті шарпыған, неміс бомбасы түсіп, әскери эшелон қирап, теміржолы істен шыққан Бөкей ордасынанбыз. Бұл соғыстың кескілескен Сталинград майданына іргелес жатқан Орда ауданына да залалы тимей қойған жоқ.

«Ел адамдары, теміржолда істейтіндердің көбі қаза болды. Орда өңірінде жансыздар пайда болып, эшелондар мен тиелген әскерлерді хабарлап отырып, бомбалатты», – деп көнекөз қариялар айтып отыратын.
Соғыстан кейін де құм ішіндегі малшылар үйінен тамақ ішіп, шпиондық құрған «Тесіктөбе» деген жансызды көргендер бар. Міне, сондай оқиғаны басынан өткізген Кәкен Көбейсінов ағамыздың балалық шағы соғыс қасіретімен тұспа-тұс келді. Ол – еңбекке ерте араласып, ерте есейгендердің бірі.
1943 жылдың жаз айында Мешітқұм аймағында Сталинград майданынан жарақат алған жау ұшқышы тірі қалып, малшылардан кешқұрым тамақ ішіп, жасырынып жүреді. Ағамыз – байқампаз. Жау ұшқышының жасырынған орнын байқап, ішкі істер халық комиссариатынан іздеп келген қызметкерлерге ұстап беруге көмектесіп, ерлік көрсетеді. Осы ерлігі үшін ел оны «Батыр бала» деп атады.
Қазір Кәкен Көбейсіновтің фотосуреті өмірбаянымен қоса, «Сталинград майданының қаһармандары» қатарында Астанадағы әскери мұражайда сақтаулы. Біз Кәкен Көбейсінов ағамызды мақтан тұтамыз. Тарихта оның аты мен аңызға айналған өмірі өскелең ұрпаққа өнеге-үлгі болып, батырдың отаншыл, ұлтжанды, адал азамат екенін жүрекпен сездіреді.
«Әуелі қолдан келсе еліңді сүй, Еліңе еңбек еткен еріңді сүй» деп белгілі қоғам қайраткері Ғұмар Қараш атамыз айтқандай, елін, жерін сүйген, халқы үшін бар өмірін арнаған Кәкен Көбейсіновтің барлық сіңірген еңбегін саралап, жинақтай отырып, 2024 жылдың шілде айында Орал қаласынан көше беру жөнінде ұсыныс жасаған едік. Алайда бұл мәселе әлі де кешеуілдеп жатыр.
Ағамыз – Республика көлемінде сұрапыл соғыстың тауқыметін тартқан, жау ұшқышын, тыңшысын ұстап, Сталинград майданының қаһармандары қатарында тұрған жалғыз тыл ардагері. Сондықтан соғыс кезіндегі ерен ерлігін бағалап, Жеңістің 80 жылдығына орай бөкейліктер атынан Орал қаласынан көше аты берілуін сұраймыз.
Ағаның бейбіт өмірдегі еңбегі де бір төбе. Ол ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, ел ішіндегі маңызды мәселелерді егжей-тегжейлі баяндап, Жаңақаладан сауықтыру орталығын аштырды, атом сынағынан зардап шеккендерге әлеуметтік жәрдемақы тағайындатты. Олжас Сүлейменовпен бірге Капустин Яр полигонын жаптыруға атсалысты. Невада-Семей, Нарын деп жар салып, елді атом сынағынан қорғаған ұлтжанды азамат екені жұртқа мәлім.
Кәкен Көбейсінұлының еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», Ұлы Отан соғысының 60, 65, 70 жылдық медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ ол – Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандарының құрметті азаматы, «Нарын қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халықаралық экология ғылыми академиясының корреспондент-мүшесі.
Біз соғыстың тауқыметін көрген ауданнанбыз. Сол себепті шешуші Сталинград майданының соғыс зардабы тиген Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары назардан тыс қалмауы тиіс деп есептейміз. Жау бомбасы түскен халық соғыс қиындығын көп көрді, теміржол бойында жұмыс істегендер қаза тапты. Сол кезеңде тікелей Сталинград майданына азық-түлік жеткізген, мал айдап барғандардың ішінде балалар мен әйелдер де болған. Олар көрген қорлықты айтып жеткізу қиын.
Осынау өлшеусіз еңбекті ескеріп, Жеңістің 80 жылдығына байланысты бұл аудандарға «Қаһарман аудан» атағы беріліп, ерекше мәртебе (статус) тағайындалып, тарих беттерінде қалуы тиіс деп санаймыз. Бейбіт өмірде Қазақстанымыздың тәуелсіздігі баянды, тұғыры биік болғай деп тілейміз.
Қайролла Сабиров,
«Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
Орал қаласы