Орал қалалық көрме залында ұлттық қолөнерді ұлықтайтын «Дәстүрлі өнер әлемі» атты көрме өтті. Көрмені Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Жастар мәдениет сарайына қарасты көрме залы ұйымдастырған. Шараның мақсаты – қазақи қолөнерді дәріптеу, жастар арасында дәстүрлі өнерге деген қызығушылықты арттыру.

Көрмеде қаламыздың белгілі шеберлері өз қолдарымен жасаған текемет, сырмақ, термебау, құрақ көрпелер, бізкесте сынды туындыларын ұсынды. Сонымен қатар шара аясында шеберлер көрмеге келген басқа да қолөнершілерге арнап шеберлік сағаттарын өткізді.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған Көрме залының меңгерушісі Ахмет Ғиниятов іс-шараның мән-маңызына тоқталып, қатысушы шеберлерге алғысхаттар табыстады. Көрмені ұйымдастырушы, қыз жасауымен, киіз бұйымдарын жасаумен айналысатын Жарқынай Әкімғалиева да қатысушыларға алғыс айтып, қолөнердің бүгінгі қоғамдағы маңызына тоқталды.
– Бүгінгі көрме ерекше сипатта ұйымдастырылды. Мұнда 16 қолөнершінің ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары көрсетілген. Мұның бәрін шеберлер өз қолдарымен, маңдай терімен жасаған. Өнер – эстетика ғана емес, ол – есеп, түстер үйлесімі, шебердің ішкі дүниесінің көрінісі. Осындай жерге ата-аналар балаларын ертіп келсе дейміз. Себебі бала көрген нәрсесіне елігеді, қызығушылығы оянады, – деді ол.

Көрмеге қатысушылардың бірі – Орал қаласындағы «Заңғар» балабақшасында бейнелеу өнерінен сабақ беретін Дамира Нұржанова.
– Фермуар (қапсырма) сөмкелер жасауды бір жыл бұрын қолға алдым. Бұрын құда түсуге арналған бұйымдар, көрпешелер сияқты заттар жасайтынмын. Бұл көрмеге 4 сөмкемді алып келдім. Сұраныс бар. Көбіне сыйлық ретінде тапсырыс береді. Бағалары 13-14 мың теңгенің көлемінде. Сөмке тігуде велюр, дак матасы, фетра және қыстырма темірлерін қолданамын, – дейді ол.

Сырым ауданы, Жымпиты ауылынан келген тағы бір шебер – Гүлжан Жақыпова. Ол балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында қолөнер үйірмесін жүргізеді. Бұған дейін 17 жыл бойы мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ берген.
– Негізінен жүнмен жұмыс істеймін. Бізкесте тігемін. Жақында термебау тоқуды үйрене бастадым. Бұл үшін арнайы тоқыма құрылғысын алдырып, сөмке, қоржын сынды бұйымдар жасаудамын, – дейді ол.

Көрме соңы түкті кілем, бізкесте мен термебау тоқудан шеберлік сағаттарына ұласып, көрермендерге ұлттық өнердің сыры мен шеберлік құпиялары паш етілді.
Жанерке Мереке,
«Орал өңірі»
