6.08.2025, 15:30
Оқылды: 134

Азаматтық қоғамға көшудегі маңызды қадам

Оралдағы  Қадыр  Мырза Әли  атындағы мәдениет  және  өнер  орталығында  Медиация күніне орай «Этномедиация – ұлтаралық қатынастарды үйлестірудің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.  Іс-шараның мақсаты – қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, этникалық құндылықтарды арттыру, отбасылық  дауларды медиация арқылы  шешу жолдарын талқылау.

WhatsApp Image 2025-07-29 at 18.23.30 (2)

Алдымен сөз алған облыс әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Айша Әбешова «Этномедиация – заман талабы» тақырыбында баяндама жасады.

Айша Уәлиқызы айтып өткендей, елімізде «Медиация туралы» заң 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Бұл Қазақстанның бүкіл құқықтық жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Қазақстан тарихында алғаш рет құқықтық кеңістікте жауапкершіліктің жаңа түрі, адамның өзіне деген құрметін арттыруға, өркениетті азаматтық және тұлғааралық қатынастарды қалыптастыруға, қоғамдық сананы нығайтуға бағытталған жаңа құқықтық институт пайда болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен медиация институты 2016 жылы Қазақстан халқы ассамблеясына жүктелді. Сол жылдан бастап БҚО ҚХА «Медиация және соттан тыс татуластыру орталығы» жұмыс атқарып, 2023 жылы этномедиация кабинеті  болып  қайта  құрылды.

– Медиация – құқықтық мәдениеттің қажетті элементі. Медиацияны қоғамдық қатынастарды реттеуде кеңінен қолдану – азаматтық қоғамға көшудегі маңызды қадам. Ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу және шешу жолдарының бірі – этномедиация. Ол – уақыт талабы. Этномедиация – жеке адамдар немесе адамдар топтары қатыса алатын ұлтаралық қайшылықтардан туындаған қақтығыстарды шешу тәсілі. Екі түрлі мәдениеттің өкілдері, екі түрлі тілде сөйлейтіндер арасындағы дау медиация үшін ең қиын жағдайлардың бірі екенін атап өткен жөн. Этномедиацияны енгізу адамдар мен әлеуметтік топтар арасындағы қақтығыстарды барынша азайтуға және бейбіт келіссөздер мен жанжалдарды шешудің гуманистік әдістерін енгізуге арналған. Әлемдік деңгейде дау-дамайдың 80%-ы медиация тәртібімен шешілсе, біздің елде бұл көрсеткіш 25%-ға жетпейді. Бұл медиацияның сотқа дейінгі инстанция ретінде аз насихатталатынын және облыстық деңгейдегі насихат жұмыстарына басымдылық беру қажеттігін байқатады. Қоғамда туындаған кез келген даудың жалпыұлттық бірлікке әсер ету мүмкіндігін ескерсек, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде этномедиацияның маңызы  зор, – деді Айша Әбешова.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалина да сөз сөйледі. «Ұлттың тәрбиесі ананың мойнында. Олай болса, біз ұлтты мәдениетті ету үшін ананы мәдениетті етуіміз керек. Облыста 157 аналар кеңесі бар. 1230 белсенді ана қоғамдық іс-шараларға атсалысып жүр. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп қазақ текке айтпайды. Атам қазақ «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бірауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғыза білген. Ағайын-туғанның арасын жалғап, әке мен баланың қарым-қатынасына дәнекер болған аналардың абыройы биік, беделі жоғары», – деген Шалқыма Хайроллақызы қоғамдағы ананың рөлі туралы  айтты.

Әділет департаментінің кәсіби медиаторы, облыстық этномедиация кеңесінің мүшесі Манзура Хасанова медиацияны адамның өмірін өзгертіп, қоғамды жақсартатын маңызды құрал деп атап өтті. Оның айтуынша, медиация тараптардың бірін-бірі тыңдауына, екі жаққа да қолайлы шешім қабылдауға көмектеседі. Медиацияның қағидаттары – еріктілік, қос тараптың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеу, құпиялық.  Сондай-ақ жиын барысында БҚО ПД Орал қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жантемір Иманалиев, БҚО ҚХА ақсақалдар және этномедиация кеңесінің төрағасы Қайреден Жақсығұлов және басқа да қатысушылар сөз сөйлеп, пікірлерін білдірді. Жалпы, басқосуға құқық қорғау және мемлекеттік құрылымдардың, «Отбасын қорғау» және «Дағдарыс» орталықтарының, аналар үйінің  өкілдері  қатысты.

Айна Имашева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале