6.08.2025, 16:45
Оқылды: 764

Ақжайық ауданында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның нақты көрінісі – аудандағы елді мекендерде заманауи спорт нысандарының бой көтеруі. Осыдан екі жыл бұрын Чапаев пен Тайпақ ауылдарында спорт кешендері пайдалануға берілсе, биыл осындай жақсылық есенсайлықтарға бұйырды.

IMG_3965

Апта басында Жайықтың Бұқар бетінде орналасқан Есенсай ауылында жаңа модульдік дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталды. Ағайынның қуанышына ортақтасып келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев еңселі кешеннің ашылу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ шарада аудан әкімі Мұрат Сердалин, облыстық мәслихат депутаты Ақылбек Сағитов, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары болды.

Салтанатты жиында сөз алған облыс басшысы Н.Төреғалиев тұрғындарды айтулы қуанышпен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайтып, өңірлердің дамуына баса назар аударып отыр. Спорт инфрақұрылымын дамыту – мемлекетіміздегі басым бағыттардың бірі. Бүгінгі спорт кешенінің ашылуы – осы мақсаттағы жұмыстардың табысты жүзеге асып жатқанының нақты дәлелі. Осылайша ауылдағы жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік ашылды. Біздің облыста «Қаладан ауылға» бағдарламасы да жүйелі жүзеге асуда. Ауылдың жолын жөндеу, инфрақұрылымын жаңғырту, медициналық қызмет сапасын арттыру – осының бәрі жіті бақылауда. Енді осы кешеннен Олимпиаданың болашақ чемпиондары шығады деп сенеміз, – деді өңір басшысы.

IMG_3982

Мұнан соң ауыл тұрғындары атынан сөз сөйлеген еңбек ардагері Құмар Арыстанғалиев  облыс және аудан басшылығына алғысын білдірді. Спорт кешенінің құрылысын жүргізген мердігер – жеке кәсіпкер Ердоc Әбдухатов. Ол жаңа нысанның символдық кілтін «Жігер» спорт клубының директоры Жаслан Күнбатыровқа табыс етті. Ал нысанның лентасын облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Меруерт Қауымбаева қиды.

IMG_3745

Кешеннің құрылысы сәуір айында басталған. Нысанды салу үшін 273 млн. теңге бөлінді. Ғимаратта әмбебап спорт залы, күрес залы, көрермендер алаңы, шахмат бөлмесі, жаттықтырушылар кабинеті, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер бар.

Аида Асылбек

Ақжайық ауданы

IMG_3758

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале