Болжам бойынша, баспана бағасы 100%-ға дейін қымбаттайды. Себебі қазірдің өзінде бағаның көтерілуі байқалып отыр. Оның бірнеше себебі бар.
Құрылыс компанияларына қойылған жаңа талаптар
2025 жылдың 1 тамызынан бастап құрылыс компаниялары пәтерді бұрынғыдай "қолма-қол" немесе "алдын ала келісімшартпен" сата алмайды. Тек банк арқылы сату міндеттеледі. Бұл көлеңкелі мәмілелерге тосқауыл болмақ. Ал банк арқылы түскен ақша заңды жолмен түсетіндіктен, компания салық төлеуге міндетті болады. Демек, салық жүктемесі үй бағасына қосылады.
Сонымен қатар, құрылыс бастау үшін компанияда:
- жер телімінің заңды құжаттары,
- әкімдіктің рұқсаты,
- сақтандыру немесе кепілдік құжаттары (кепілдік компаниясының келісімі) болуы қажет.
Мұның бәрі қосымша шығын. Бұл шығындар да ақырында сатып алушының мойнына түседі. Яғни, үй бағасына еніп кетеді.
2026 жылдан бастап жаңа салық кодексі күшіне енеді
- Жаңа Салық кодексіне сәйкес, құрылыс компаниялары қосымша 16% салық төлейді. Ол салықты олар өз қалтасынан төлемейді, тағы да бағаға қосылады. Демек, пәтер бағасы кем дегенде 16-20%-ға дейін көтеріледі деген сөз. Бірінші нарық қымбаттаса екінші нарық та өспей тұрмайды. Қазірдің өзінде бірінші нарықта (жаңа үйлерде) баға көтеріле бастады. Бұл автоматты түрде екінші нарыққа (қолданыста болған пәтерлер) да әсер етеді. Себебі екінші нарықтағы баға көбіне жаңа үйлердің бағасына қарап қалыптасады, - дейді сарапшы Рүстем Ермекбаев.
Bank CenterCredit пен ForteBank сияқты екінші деңгейлі банктер екінші нарықты жандандыру үшін тұрғын үй жинақ жүйесін енгізуді көздеп отыр. Бұл да сұранысты арттырып, бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін.
- Үй бағасы шын мәнінде өсіп жатыр және алдағы бір-екі жылда одан сайын қымбаттайды. Қазіргі нарықтағы өзгерістер мен заңнамалық жаңалықтар соның дәлелі. Жаңа талаптар, қосымша салықтар мен банктік реттеулердің бәрі үйдің өзіндік құнына әсер етеді. Сондықтан жылжымайтын мүлікке инвестиция жасағысы келген адам үшін шешімді ұзаққа созбағаны дұрыс, - дейді Рүстем Ермекбаев.
