Шыңғырлау ауданында жарты ғасырлық тарихы бар Халықтық «Арай» вокалды аспаптар ансамблінің «Ауыл кеші көңілді» атты концерттік бағдарламасы өтті.

Сонау 1975 жылдан бастау алған «Арай» вокалды аспаптар ансамблі, бүгінде көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленіп, аудан өңірінің мәдениетінің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. «Арай» ансамблі 2013 жылы «Халықтық» атағына ие болды. «Халықтық» «Арай» вокалдық аспаптар ансамблінің жетекшісі Сайын Асанұлы Әжіғалиев.Ансамблдің құрамы жылдар өткен сайын ауысып жастар мен толықтырылып өзгеріп келеді.

Сахна шымылдығын Шыңғырлау ауданының әнұранына айналған "Шыңғырлауым сәнді өлкем" әнімен (Сөзі ауданымызға белгілі жерлес ақын-ұстаз Адақ Шотпановтікі, әні Тілек Мықтыбаевтікі) Аңсаған Хибашов ашты. Бүгінгі күн киелі сахнада жанды түрлі аспап дыбыстарына, түрлі әнші дауыстарына қанық болған күн болды. Халықтық «Арай» вокалды аспаптар ансамблінің құрамында бас гитарада Сайын Әжіғалиев, ритм гитарада Тілектес Әжіғалиева, күй сандықта Мұхит Байғалиев,ұрмалы аспап дауылпазда Данияр Аристанов және аудандық мәдениет үйінің әншілері "Ұлыма ақыл", "Елігім еркем", "Бакытты әйел", "Жан сырым", "Ақ бидай", "Екеуміз" т.б әндерімен өнер көрсетті.

Шара барысында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады."Ауданымыздың мәдениеті мен өнерін өрістету жолындағы еңбектері табысты болсын. Жүрегімізге жақын әндерді тыңдап, бір марқайып қалдық"- деген көрермендеріміздің тілегі де қуантты. Бүгінде аудан өркениетінің дамуында мәдениет қызметкерлеріне артылар жүк ауыр.

"Ұлттық мәдениетімізді насихаттау жолында алға қойған міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізу үшін, аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жүйелі жұмыстар атқарыла беретін болады. Өнерге деген халықтың ризашылығын есту бізге де зор мәртебе" - деп атап өтті аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры С.Әжіғалиев.

Елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді дегендей көрерменнің ыстық ықыласын "Ауданымыздың құрметті азаматы", ардагер ұстаз Адақ Шотпанов жеткізді.

Өнер дәстүрінің жарасымды жалғасындай болған шығармашылық кеш көрермендерді рухани әсерге бөледі.
Светлана Ешматқызы,
Шыңғырлау ауданы