7.08.2025, 12:00
Оқылды: 142

Кристина Барсигиян: «Мемлекеттік тіл де мемлекеттік рәміздің бірі»

 

WhatsApp-Image-2025-06-03-at-16.14.46-1-e1748946193220

- Сыр бойының перзентімін, туған жерім – Қызылорда қаласы. 1988 жылғымын, ұлтым – армян. Бала кезімде біздің үйге таяу тұратын орысша білмейтін көрші апай болды, сонымен сөйлесе жүріп, ауызекі қазақ тілін үйрендім. Алайда 2012 жылы Ақтөбедегі М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне түсіп, студент болғаннан кейін қазақшаны ұмытып қалдым. Себебі ол жылдары Ақтөбеде көбі орысша сөйлейтін. 2012 жылы оқуымды тәмамдағаннан кейін мені Оралға қызметке шақырып, осында келдім. 2017 жылы қазақ жігітке тұрмысқа шықтым. Күйеуімнің аты-жөні – Арслан Серікбайұлы Тұрланов, руы – Әлтеке.  Имран атты 6 жасар ұлымыз бар. Бірер жыл бұрын қазақ тілін жетік меңгеруге деген құлшынысым оянды. Бұған  себеп те болды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша білімімді жетілдіргім келеді. Ол үшін қазақ тілінен тест тапсыруым керек.  Сондықтан екі жыл бұрын репетитор жалдап, қазақ тілін тереңдетіп оқуға кірістім. Үй тапсырмаларын орындауға күйеуім көмектеседі. Енемнің ұлты – татар, өте жақсы адам, қазақ тілін жетік біледі. Мектепте бастауыш сыныптарға сабақ береді, мұғалім. Менің қазақ тілін меңгеруіме қайын енемнің де септігі тиді, әрине. Қазір қазақшаны ойымды еркін жеткізе алатындай үйреніп қалдым. Бірақ оқуды одан әрі жалғастыра беремін. Балам Имранның да қазақ тілінде сөйлегенін қалаймын. Қазақша сөйлеудің пайдасын қызмет бабында көп көремін. Дәрігермін ғой, алдыма қай тілде сөйлейтін науқас келсе де, еш қиналмай түсінемін. Қазақша сөйлегенге қазақша, орысша тіл қатқанға орысша жауап беремін. Мен ислам дінін қабылдағанмын, отбасымызбен мұсылмандық қағидаларын ұстанамыз. Үйде ет асамын, бауырсақ, кеспе, сірне, лағман т. б. тағамдарды пісіремін. Ет тұздауды, сүрлеуді үйреніп алдым. Енді қазы айналдыруды үйренгім келіп жүр. Сондай-ақ қазақша әндер тыңдағанды жақсы көремін. Әсіресе Абайдың «Көзімнің қарасы» әні қатты ұнайды. Кішкентай кезінде ұлымды осы әнмен әлдилеп, ұйықтататынмын. Менің түсінігімше, мемлекеттік тіл де мемлекеттік рәміздердің бірі. Сондықтан да барша қазақстандықтарды, бүкіл отандастарымды қазақ тілін жаппай құрметтеуге шақырамын!

Кристина Барсигиян, 

Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері, анестезиолог-реаниматолог

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале