7.08.2025, 15:15
Оқылды: 127

«Біз үшін ең басты мақсат-міндет – сенім мен әділеттілікті қамтамасыз ету»  

 

мурат байсалов

– Мұрат Сейілбекұлы, міне, биылғы жыл да бел ортасынан ауып, мезгіл күзге бет алды. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айындағы қандай нәтижелерді айрықша атап өтер едіңіз?

– Біздің мекеменің ұжымы өткен алты айда ашықтық, жариялылық ұстанымдары негізінде жүйелі жұмыс жүргізді. Өңіріміздегі мемлекеттік құрылымдар 500 конкурс ұйымдастырып, жарияланған бос орындар байқауына 950 үміткер қатысты. Осындай  нақты іс-әрекеттің нәтижесінде мемлекеттік қызметке 609 адам қабылданды. Бұл мемлекеттік қызметке деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Бұған қоса кадрлардың сапалық деңгейі де жақсарып келеді. Мәселен, қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілердің 92 пайызы жоғары білімді мамандар, әрі олардың мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі 13 жылды құрап отыр.

– Кадр тұрақтылығына қатысты не айтасыз? Мемлекеттік қызметшілерді оқыту сапасы сізді қанағаттандырады ма?

– Облысымызда мемлекеттік қызметтегі жалпы ауысымдылық 18,6%-ды құрайды, ал таза ауысушылық – 2,8%. Бұл пайыздық көрсеткіштер мемқызметшілердің негізгі бөлігі тұрақты екенін көрсетеді. Сонымен қатар жастарды бейімдеу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Қазіргі уақытта 109 жаңа қызметшіге тәлімгерлер бекітілді. Бұған қоса жоғары оқу орындарының түлектерімен де жоспарлы жұмыс жұмыс жүргізілуде. Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілген сәттен бастап облысымыздағы ауылдық, аудандық деңгейдегі төмен лауазымды мемлекеттік қызметтерге 59 түлек  қабылданды.

Биыл 1 148 адамды оқыту жоспарланған болатын. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 584 қызметкер білім-білігін көтеру мақсатында межеленген оқытудан өтті. Ал тағылымдамадан 90-ға жуық қызметкерді өткіздік. Оқыту мен даму тиімді мемлекеттік аппараттың негізі екендігін біз жадымыздан шығармаймыз.

– Өңіріміздегі мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидаты қай деңгейде?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында тағайындаулар кезінде кандидаттардың кәсіби және моральдық сапалары, сондай-ақ бұрынғы лауазымдардағы нәтижелері ескерілуі тиіс екенін, әрі меритократия қағидаттарын сақтау қажеттігін  атап  өтті.

Меритократия еңбегіне қарай қызметте өсу жүйесі ретінде, мемлекеттік қызметтегі табыс пен мансаптық өсу кәсіби жетістіктерге, білімге және біліктілікке байланысты екенін білдіреді. Яғни, меритократиялық ұстанымдар жеке байланыстар мен мәртебеге тәуелді емес. Мемлекеттік қызметті жетілдіру, жаңғырту жағдайында меритократия қағидаты ерекше маңызды. Өйткені ол халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыра отырып, ең білікті және ынталы қызметкерлерді тартуға мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстан облысында меритократия мемлекеттік қызметтің ашық, есепті және нәтижелі жүйесін құрудың негізі болып табылады. Біздің өңірде әрбір мемлекеттік қызметкер өз еңбегінің лайықты бағаланатынын және мансаптық мүмкіндіктері жеке үлесі мен біліктілігіне байланысты екенін түсінетіндей ахуал қалыптасқан. Осындай маңызды фактордың әсерімен биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша өңірде мемлекеттік қызметтегі меритократия деңгейі 77,5%-ды құрап отыр. Өткізілген 66 конкурстың нәтижесінде 31 кандидат жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Ал өткен жылдың бірінші бөлігінде әлгіндей көрсеткіш 77,1% сәйкес болған еді.

 

– Мұрат Сейілбекұлы, заңбұзушылықтарға қатысты қандай шаралар қолданылды?

– Департамент қызметкерлері есептік кезеңде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау бағыты бойынша 76 бақылау іс-шарасының нәтижесінде 3000-нан астам бұзушылық анықтап, 2000-ға жуық құқықбұзушылық жойылды. Сонымен қатар 237 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды. Мысалы, біздің департаменттің бастамасымен жұмыс кестесі сақталмаған мемлекеттік құрылымдардың басшыларына жазбаша ұсыныс жолданып, 147 мемлекеттік қызметшіге қосымша демалыс уақыты ұсынылды. Сондай-ақ департаментпен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, есептік кезеңде 2 мемлекеттік қызметшіге заңнама талаптары сақталмай қолданылған тәртіптік жазалардың пәрмені жойылып, олардың бұзылған заңды құқықтары қалпына келтірілді. Ал еңбек демалысына ақы төлеу мерзімдері бұзылғаны үшін тиісті 26 мемлекеттік қызметшіге 22 000 теңге көлемінде өсімпұлдар төленді.

Облыстағы жергілікті атқарушы құрылымдардың мемлекеттік қызметшілеріне іссапар шығындарын төлеу талаптарының сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде іссапар шығындары уақтылы төленбеген 41 мемлекеттік қызметшіге тиісті 9,6 млн теңге төлем төленді.

– Қызметтік әдеп пен тәртіп мәселелері де ұдайы назарда ма?

– Әрине, біз мемқызмет саласындағы әдеп пен тәртіп мәселесін үнемі назарда ұстап, бұл шаруаны күн тәртібінен түсірген емеспіз. Біз бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды күн ілгері түзілген жоспарға сай тұрақты жүргіземіз. Сіз тілге тиек етіп отырған қос мәселе Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарында да қаралады. Өткен алты айда Әдеп кеңесінің алты отырысы өтіп, күн тәртібінде 33 мәселе қаралды. Әдеп жөніндегі кеңестің жиындарында қаралған тәртіптік істердің нәтижелері бойынша 10 лауазым иесі түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Біздің департамент қызу қоғамдық пікір тудырған әрбір дерек бойынша тиісті жедел шаралар қабылдайды. Әдеп кеңесі мүшелерінің талқысына ұсынбас бұрын әлгіндей фактілер бойынша мұқият қызметтік тергеп-тексеру және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ресми түсініктемелер мен мәлімдемелер жинақталады.
Сосын расталған құқықбұзушылықтарға жол берген мемқызметшілердің мәселесі Әдеп кеңесінің отырысында қаралып, тиісті мансап иәлеріне лайықты тәртіптік шаралар қолданылады. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы жартысында Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі жарияланымдар негізінде үш лауазым иесі түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Әдеттегідей мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты азаматтардың жарияланымдарына биыл да жіті назар аударып отырмыз. Осындай кәсіби қырағылықтың нәтижесінде барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралып, қызмет алушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

– Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында қандай  жұмыстар  атқарылуда?

– Біз үшін қазіргі кезде қызметтердің ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету, әрі әкімшілік кедергілерді азайту басым міндет, басты мақсаттардың бірі. Осы межеге жету үшін цифрлық технологияларды енгізу және үдерістерді (процестерді) аутоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекеттік қызмет ең алдымен қоғамға, ел-жұртқа, яғни халыққа қызмет ету дегенді білдіреді. Біз тек мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғап қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына деген сенімді  арттыруға  тырысамыз.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының атына қызмет алушылардан түскен 12 шағым бойынша келтірілген дәлелдер расталды, қабылданған шаралардың нәтижесінде шағымданған азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына  келтірілді.

Біздің департаменттің қызметкерлері қашықтан мониторинг жүргізу арқылы «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мерзімінен кешігуі мен көрсетілетін қызметтен негізсіз бас тарту фактілерін де әшкерелеп отырады. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде 6993 заңбұзушылық анықталып, ондайға жол берген кінәлі қызметшілер тиісті  жауапкершіліктерге  тартылды.

– Жартыжылдық қорытынды ретінде қандай тұжырым жасар едіңіз?

– Мемлекеттік қызмет – бұл жаппай ел-жұртқа және нақты адамға қызмет ету. Демек, біз үшін ең басты мұрат-мақсат, ең негізгі міндет-миссия – сенім мен әділеттілікті қамтамасыз ету. Әділеттің ақ жолынан айнымай сенім биігінен көріну үшін біз білім-білігімізді үздіксіз жетілдіріп, қоғам үшін қажырлы қызмет  етуге  тиіспіз.

Сұхбаттасқан Бауыржан Әлжан,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале