Биыл Абайдың 180 жылдығын атап өтеміз. 2015 жылы ақынның 170 жылдығы жұпынылау болды. Сол кездегі билікке Абайдың өткір сыны ұнамады-ау деймін. Абай, әрине, өз заманын, өз замандастарын сынады. Бірақ ақынның айтқандары өз уақытын басып озды. Бүгін де өзекті.

Көп уақыт өтті. Қоғам да, адамдар да өзгеріске ұшырады. Бірақ өкінішке орай, жетістіктеріміз көп болса да, Абай атап көрсеткен, Абай сынаған кемшіліктерден біз, қазақтар, әлі арыла алмай келеміз. Сондықтан Абайға жүгіну, Абайды оқып-тоқу бүгін де, ертең де түсіне білген кісіге өмірлік қажеттілік болып табылады.
2015 жылы «Қазақ әдебиетінің» тамыздағы мерейтойлық санында менің Абай туралы «Ойшылдың мен де санды бірімін деп» атты көлемді мақалам жарық көрді. Мақаланың тақырыбы Абай сөзінен алынды.
2020 жылы Абайдың 175 жылдығы елімізде жоғары деңгейде атап өтілді. Бұған ұйытқы болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген терең мағыналы бағдарламалық мақала жариялады. Осы мақаласында ол Абай іліміне «Қазақ халқының өмірлік философиясы» деген әділ баға берді. Мен айтып жүрмін: Абай тек қазақ халқының ғана емес, Будда, Конфуций, Сократ сияқты бүкіл адамзаттың ұстазы деп. Мен Абайды осы аталған ойшылдардың қатарына қосып жүрмін.
2020 жылы Абайдың 175 жылдығына орай мен алдыма мақсат қойдым: Абай ілімі туралы «Қазақ әдебиетінде» зиялы қауымға, «Егемен Қазақстанда» жалпы жұртқа, «Ақиқат» журналында ғылыми қауымдастыққа, облыстық «Орал өңірі» газетінде жергілікті оқырмандарға арнап, мақалалар жазуым керек деп. Осы мақсатты жүзеге асырдым.
«Қазақ әдебиетінде» жарияланған үш бетті алып жатқан мақала «Абай ілімі және бүгінгі қазақ философиясы» деп аталады. «Егемен Қазақстандағы» мақала «Абай философиясының қыры мен сыры», «Ақиқат» журналындағы көлемді мақала «Абай жолы – дамудың даңғыл жолы», «Орал өңіріндегі» мақала «Абай ілімі – ар ілімі» деп аталады. Осы мақалаларда мен Абай ілімін әр қырынан ашып көрсетуге тырыстым. Әрине, бұл мақалалар бірін бірі қайталамайды.
Мен ғылыми жұмыста өзіне де, кәсібіне де, басқалаларға да адалдық негізгі ұстаным болуы керек деп есептеймін. Мен қазақ философиясының ерекшелігін, үлгісін Абай туындыларынан іздедім және таптым. Осыған байланысты «Қазақ философиясының үлгісін Абайдан табуға болады» деген көлемді мақала жарияладым. Сондықтан да мен қазақ философиясын да, Абай ілімін де даналық философиясы, түсінік философиясы, тәлім-тәрбие философиясы, өмір философиясы (немесе экзистенциалдық философия) және халық философиясы деп атап жүрмін. Ғұмар Қараштың «Өмір пәлсапасы» деген керемет өлеңі бар.
Философиядағы түсінік мәселесі туралы, философияның бір анықтамасы түсінік еке-нін қазақ философиясында алғаш айтып, жазған мен болдым. Абайда адам, дүние, өмір, уақыт, дін, білім, ғылым жөнінде терең түсінік бар. Отандық әдебиетте қазақ философиясын экзистенциалдық тұрғыдан қарастырған да мен едім. Әріптестерім әлі күнге дейін экзистенциалдық бағыттағы философия Батыста (немістерде, француздарда, испандықтарда) деп есептейді. Экзистенциалдық сарын билердің, жыраулардың зар заман ақындарының, Махамбеттің, Абайдың, Шәкәрімнің туындыларында жиі ұшырасады.
Экзистенция дегеніміз адам өмірінде орын алатын күйзеліске, дағдарысқа толы қарбалас, қысылтаяң шақты білдіреді. Батыста мұны «шекаралық жағдай» деп атайды. Осындай кезде кімнің кім екені, қандай екені көрінеді. Абай, әрине, Кант, Гегель, Маркс сияқты кәсіби маман, философ емес. Абайды, Шәкәрімді, Достоевскийді, Л. Толстойды мен ойшылдар қатарына жатқызамын. Бұлар – ақындар, жазушылар. Бірақ өздерінің шығармаларында күрделі философиялық мәселелерді қозғайды.
Мен студенттерге орыс философы Михаил Бахтиннің сөзін келтіремін. Ол: «Нағыз философтар, әрине, Германияда. Ресейде тек ойшылдар болған» деп еді. Бахтин «нағыз философтар» деп арнаулы оқу орындарын бітірген, философиядан диссертация қорғап, еңбектер жазған кәсіби философтарды айтып отыр.
Мен Конфуций, Абай, Толстой сияқты ойшылдарды да «нағыз философтар» деп есептеймін. Өйткені олар – даналар, философияны төл мағынасында жүзеге асырғандар. Философия – ең алдымен даналық туралы ілім. Философия дегеніміз ойлау өнері екенін де еске салайын. Мен 1999 жылы «Ұлттағылымы» деген журналда «Абайдың ойшылдығы» деген көлемді мақала жарияладым. Ойшылдық та философияның кең тараған түрі.
Мен философияны екі тұрғыда қарастырып жүрмін: кәсіби, ғылыми философия және көпшілікке, халыққа бағытталған қарапайым философия деп. Орысша – популярная философия. Абайдың ілімін қарапайым философия қатарына жатқызуға болады. «Қарапайым» деген сөзді «тайыз нәрсе» деп түсінуге болмайды. Абай – тайыз емес. Конфуций – тайыз емес, Толстой – тайыз емес.
Абайды білетіндер көп. Бірақ Абайдың сөздерін жете түсінгендер бүгін де көп деп айта алмаймын. Абай әлі де «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп өзі айтқандай, көпшілікке жұмбақ, түсініксіз болып қалып отыр.
Қалтай Мұхамеджанов деген жазушымыздың «Абайы бар қазақ адаса қоймас» деп айтқаны бар еді. Өкінішке орай, Абайды оқымай, оқысақ та, жете түсінбей, қадірін бағаламай, халқымыз көп адасты, әлі де адасып келеді. Абайды оқып, түсінсе, бұлай адасар ма еді?.. Бұл туралы да мен жаздым.
10 тамыз елімізде Абай күні деп атап өтіледі. Абайға тек осы күні емес, басқа күндерде де жиі оралып, онымен ақылдасып отыру керек. Кім-кімге де Абайдың айтары да, берері де көп. Абайдың 1968 жылы жарық көрген екі томдық жинағы қайда жүрсем де, қасымда болып келеді. Үйде үстелде кейін жарық көрген екі томдығы жатыр. Жиі-жиі оқып отырамын.
Мұхтар Әуезов өзінің классикалық шығармасын «Абай жолы» деп дұрыс атаған. «Жол» деген киелі ұғым. Дін жолы, бабалар жолы, нарық жолы, демократия жолы деп айтып жүрміз. Адам өмірі өне бойы жолда өтетін сияқты. Білім жолы, ғылым жолы, мансап жолы арқылы. Сәкен Сейфуллин айтады:
Адам – керуен, өмір – жол,
Ешкімге жат із емес.
Жолмен көшкен керуеннің,
Алды-арты да біз емес.
Бізге бүгін де ілгері жылжу үшін, дамыған елдер қатарына қосылу үшін Абай көрсетіп кеткен, ұрпағына өсиет еткен жолмен жүруіміз керек. Бұл – білім жолы, ғылым жолы, еңбек жолы, бірлік пен ынтымақ жолы. Қытай халқы Конфуций жолымен жүріп, зор жетістіктерге жетті. Сондықтан мен «Ақиқат» журналындағы мақаламды «Абай
жолы – дамудың даңғыл жолы» деп атадым. Қазір «Абай» телеарнасында «Абайдың жолы» деген бағдарлама бар. «Абай» телеарнасының іске қосылуы да Абайға деген сұраныстың артқанын көрсетеді.
Жамбыл Абайдың суретіне қарап: «Мынау тұрған Абайдың суреті ме? Өлең – сөздің ұқсаған құдіретіне», – дейді.
Мен айтқым келеді: Абай өлең – сөздің ғана емес, терең философиялық ойдың да құдіреті деп. Бірер мысал келтірейін. Философияда «Бәрі ағады, өзгереді» деген қағида бар. Абай оны былай түсіндіреді: «Дүниеде бір Құдайдан басқаның бәрі өзгереді» деп. Өте орынды. Қаншама ғасырлар өтті, Құдай сөзі – Құранның бір әрпі де өзгерген жоқ. Бұл – таңғаларлық құбылыс.
Философияда Кант қойған «Мен неге үміт арта аламын?» деген сұрақ бар. Соған Абайша былай жауап беруге болады:
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деп.
Бәріне сеніп, үміт артуға болады: ата-анаға, ұстаздарға, үкіметке, Құдайға. Бірақ түбінде мәселе адамның өзіне келіп тіреледі.
Абай: «Өмірдің жолы – тар соқпақ» дейді. Осыған орай айтқаны:
Өмір, дүние дегенің
Ағып жатқан су екен.
Жақсы, жаман көргенің,
Ойлай берсең у екен.
Бір кезде Фалес, Гераклит айтып кеткен шындық осы. Немесе бәріміз білетін шумақ:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де – бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан, - дейді.
Әркімнің де мақсатын Абай осы жолдармен білдіреді.
Философиялық ойдың түйінін шешетін тағы бір шумақ өлең:
Еріксіз түскен ылдидан,
Еркіңмен шығар өр артық.
Қорлықпен өткен өмірден,
Көсіліп жатар көр артық, – дейді. Мұндай сөзді Шерхан Мұртаза «оймақтай ойдың қорғасындай түйіні» деп атайды.
Ерік туралы ойланып, толғанған неміс философы Шопенгауэр еді. Оның ойынша, адамда ерік-жігер болмаса, ол өмірде түк те бітіре алмайды. Тек ерікті адам бойына сәби кезінен сіңіру керек дейді. Кейін кеш болады. «Қорлық» философиядағы экзистенциалдық ұғымдардың бірі. Қорлық адамның өзіне байланысты. Басқаның зорлығымен болған нәрсе қорлық болмайды. Қорлық деген зорлыққа мойынсұну, бас ұру. «Бүйтіп өмір сүргенше, көсіліп көрде жатқан артық» дейді Абай.
Абай туралы көп айтуға болады. Сонда да шетіне жете алмайсың. Мұхтар Әуезов айтады: «Абай деген дария ғой. Мен одан қасықтап қана алдым» деп. Сол қасықтап алғаны төрт томдық эпопея болып шықты.
Абай іліміндегі «Адам бол!» деген идеяны мен студенттерге оның өлеңдері мен қарасөздері арқылы талдап, түсіндіріп жүрмін. Адам болудың жолдары – Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңіндегі «бес асыл іс: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой». Бұлардың қадірін үлкендерге айтып жатудың қажеті болмас. Жастарға, әрине, талдап түсіндіру керек. Дегенмен Абайдың сол кездің өзінде «терең ойға», ойлануға ерекше мән бергенін атап өткім келеді. Терең ойды бүгінгі адамдардан табу қиын. Абай: «Терең ойдың телміріп соңына ермей, қалай өмір сүруге болады?» – дейді.
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса, – дегені тағы бар.
Ойлау адамға не үшін керек? Ойланбай да өмір сүретіндер бар ғой. Абай бұл сұраққа да жауап береді:
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым, –дейді.
Адам өзіне өзі есеп беріп, «Қалай өмір сүріп жүрмін?» деп әлсін-әлсін ойлануы керек.
Адам болудың бір жолы – дін жолы екенін де Абай өзінің 38-сөзінде жан-жақты ашып көрсеткен. Дін жолын ұстанған адам иманды болады. Дін жолы – ар-ұят жолы. Абай «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» дейді. Дін жолы – мейірім мен сүйіспеншілік жолы. Абай «Алланы сүй, адамды сүй, әділетті сүй» деп өсиет айтады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас» дейді.
Абай адамның адам болып өмір сүруіне кедергі болатын «бес дұшпанды» атайды:
«өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп. Біз бұл кеселдерден бүгін де арыла қойған жоқпыз. Оларға жемқорлық деген тағы бір дұшпанды қосып алдық. Абай 38-сөзінде адам баласын қор қылатын үш нәрсені атап көрсетеді. Бұлар: надандық, еріншектік және залымдық. Бұл дұшпандарды жеңу үшін Абай айтқан «бес асыл істі» меңгеруіміз керек. Талап болса, аянбай еңбек етсек, терең ойды серік қылсақ, қанағат, рақым қадір-қасиетіміз болса, біз көптеген кеселді жеңіп, өсіп, жетілер едік.
Соңғы кезде Абайдың толық адам деген тағы бір ілімі туралы жиі айтылып жүр. Бұл да уақыт талабы деуге болады. Бізде, жаңа Қазақстанда қазір де жан-жақты жетілген, толық адамға сұраныс артып отыр. Сондай күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. А. Чеховтың айтқаны бар: «Адамда бәрі әдемі болу керек – түрі де, киімі де,
жүріс-тұрысы да, мінезі де». Сол сияқты адамда бәрі жеті-сіп, толысып тұруы керек: білімі де, ақылы да, күші де, ісі де.
Адам қалай толық, жетілген адам болады? Абайдың жауабы қысқа, қысқа болса да нұсқа: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» дейді. «Не істеу керек?» деген дәстүрлі сұраққа ақыл жауап береді. «Қалай істеу керек?» деген сұраққа қайрат жауап береді. Шектен шығып кетпеу үшін жүрек жауап береді.
Тағы бір өлеңінде Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» деп өз ойын нақтылай түседі. Қандай ақыл – нұрлы ақыл, қандай қайрат – ыстық қайрат, қандай жүрек – жылы жүрек деп бәрін түсіндіреді. Адамның басқа қабілеттері осы үшеуінің бірігуінен шығады «Ақылдының сөзін ұғарлық жүректе жігер, қайрат болмаса, адам азады» деп Абай турасын айтады.
17-сөзінде Абай ақыл, қайрат, жүректі айтыстырып, ақырында ақыл мен қайратты жүрекке бағындырып қояды. Өте орынды. Ақыл мен қайрат өзімбілемдікке, әлімжеттілікке салынып, көп нәрсені бүлдіруі мүмкін.
Адам өмірінде бәрі жүректің қалауымен болады. Құдайды қалайтын жүрек. Адамды адамға қосатын жүрек. Достық та, махабатта та жүректің ісі. «Әділет, ынсап, ар-ұят, рақым, мейірім – бәрі де жүректен шығады» дейді Абай. «Адамды тану үшін де жүрек керек» дейді. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» деген өлеңінде Абай: «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме» дейді. Абайдың жүрек туралы пайымдауын мен философияға қосылған үлес деп есептеймін.
Батыс философиясында жүрек туралы сөз қозғаған француз ойшылы Блез Паскаль болды. Ол «Біз ақиқатты тек зерде арқылы емес, жүрек арқылы да тани аламыз» деп жазады. Жүрек нені тани алады? Табиғат құбылыстарын ба әлде тарихи оқиғаларды ма? Жоқ. Жүрек адам өмірінің қырлары мен сырларын тануға көмектеседі.
Сонымен Абай іліміндегі толық адам – жан-жақты жетілген, нұрлы ақылға, ыстық қайратқа, жылы жүрекке, ар-ұятқа, мінезге, кең пейілге ие болған адам деп айтуға болады.
Тілекжан Рысқалиев,
философия ғылымдарының докторы,профессор