10.08.2025, 13:00
Оқылды: 128

«Талмай еңбектенуіміздің  нәтижесінде табысымызды тауып, үйімізді салдық»

Құрылысшы – өте жауапты мамандық.  Құрылысшылардың еңбегі мен кәсіпқойлығының арқасында өңірімізде заманауи жаңа ғимараттар, мектептер, ауруханалар, жолдар салынып, халықтың игілігіне берілуде.  Осындай жауапты әрі күрделі жұмысты атқарып жүрген қарапайым еңбек адамдарының арасында ерлі-зайыпты Таңат пен Тұрсынгүл Амантурлиевтер де бар.  Олар құрылыс саласында 40 жылға жуық  уақыттан бері еңбек  етіп келеді. 

3 (1)

Кейіпкеріміз Таңат Жолдыбайұлы тасқалаушы болса, зайыбы Тұрсынгүл Рахметоллақызы ғимарат құрылысының ішкі әрлеу жұмыстарын атқарады.
Көп сөзге жоқ, іске мығым ерлі-зайыпты құрылысшылардың Орал қаласында бой көтерген біраз ғимараттарда қолтаңбасы қалған. Атап айтсақ, шаһардағы №31, №38 мектептер мен облыстық көпбейінді аурухананы, Зашаған кентіндегі М. Мөңкеұлы көшесіндегі кейбір тұрғын үйлерді салған құрылыс бригадасында еңбек еткен.
Сондай-ақ Таңат Амантурлиев Сырым ауданындағы кәсіптік-техникалық училище мен Жұлдыз шағынауданындағы тұрғын үйлердің қабырғасын  қалап,  ғимараттардың бой  көтеруіне  атсалысқан.

Отанасы Сырым ауданындағы Абай ауылының Жаңақоныс бөлімшесінде туып-өссе, жұбайы Таңат Амантурлиев – Ақжайық  ауданындағы Сайқұдық ауылының тумасы. Кейіпкерлеріміз құрылыс саласында 1985 жылдан бері істеп келеді. Тұрсынгүл Рахметоллақызы мектеп бітірген соң Орал қаласына келіп, алғашқы еңбек жолын «Отделстрой» құрылыс компаниясында сылақшы болып бастайды. Құрылыста жүріп Зинаида Лукьяновна Ним есімді бригадирден ішкі әрлеу жұмыстарының қыр-сырын еңгереді.

– Жұмыс ауыр болғанымен, табысы жақсы. Алғаш жұмысқа қабылданғанда ештеңе білмейтінмін, ерітіндіге суды не көп, не аз құйып қоямын. Терлеп-тепшіп дайындап
берсем, сылақшының бірі: «қою» дейді, енді бірі «сұйық» дейді. Шелек болса, ауыр. Қайта кері алып кетемін. Бір жұмысты бірнеше мәрте істеген кезім де болды. Осылай мамандардың айтуымен қайта-қайта дайындап, қолым үйренді. Ал қазір ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарын өзім істеймін. Жалпақ тілмен айтқанда, штукатурка жасаймыз. Әрине, жұмыс ауыр, шаршағанда қолымызды көтере алмай қаламыз. Сулы эмульсия жағамыз. Жұмыс істеуге қажет заттың барлығын жанымызға қойып, қабырғаға тор қағып шығамыз. Торды (сетканы) қаққан соң, саңылауларын бітейміз (шпаклевка). Тегістейміз (грунтовка), әбден кепкен соң түсқағаз жапсырамыз. Қолымыз жаттығып, үйренгенше, басында қиналғанымыз рас. Тіпті бір кездері түрлі-түсті суреттері бар түсқағазды жапсырғанда, өрнектері бір-бірімен сәйкес келмей қалған жағдайлар да болған. Нысанды тапсыру кезінде жіберілген қателікті түзету үшін өзіміз түсқағаз сатып алып, қайтадан жұмыстанғанымыз есімде. Саналы ғұмырымыз, яғни 40 жыл құрылыста еңбек еткен соң жұмыстың қиындығы жоқ. Нысанды бітіріп тапсырғандағы сезім өзгеше болады. «Мен осыны жасадым» деген қуаныш сезімі ұялайды. Жұмыс барысында қоспаны араластырғанда шаң-тозаң мұрнымызға кіріп, ауамен өкпеге барады. Бұл да химиялық заттар ғой. Өкпеміз толып, кейде жөтеліп те қалып жатамыз. Сонда да жұмыстан қашпаймыз.  Әйтеуір, осы талмай еңбектенуіміздің нәтижесінде жақсы табыс тауып, өз үйімізді салдық, – дейді  Тұрсынгүл Рахметоллақызы.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экономика құлдырап, жұмыссыздық белең алған қиын-қыстау шақтарда Таңат пен Тұрсынгүл 10 жылға жуық Ресейде құрылыста жұмыс істеген. Кейін бес жылдай «Жайық сельстрой» ЖШС-да, «Альтаир», «Болашақ» құрылыс компанияларында еңбек етіп, бүгінде Тұрсынгүл «Кадырова» ЖК-да, ал жұбайы Таңат «Сайқұдық құрылыс» ЖШС-да жұмыстарын жалғастыруда.

Еңбек жолында ғана емес, өмір айдынында да бір-біріне тіреу болып, бірге келе жатқан Таңат пен Тұрсынгүлдің Айгүл есімді қыздары тұрмыста. Жаңақала ауданындағы Айдархан ауылының келіні. Жұбайы Мәди Арыстанғалиев – спорт жаттықтырушысы болса, ал Айгүл балабақшада тәрбиеші болып қызмет етеді. Айқын, Шахназ есімді перзенттері өсіп келеді. Үлкені Айқын қазақша күреспен айналысып, спорттық додаларда топ жарып, ата-әжесі мен ата-анасын қуантып жүр. Болашақта қаладағы спорт мектебінде оқуды армандайды.

1 (1)

Құрылысшы болу тек кірпіш қалаумен ғана шектелмейді. Бұл – қолға алған жобаны зерттеу, тапсырыс берушінің алдындағы жауапкершілікті сезіну және жаныңдағы адамдардың қауіпсіздігін ойлау. Тас қалаудан бастап, ғимараттың соңғы әрлеу жұмыстарына дейін әр жұмыс мұқияттылықты талап етеді. Ал Таңат пен Тұрсынгүл Амантурлиевтердің бойындағы еңбекқорлық пен шыдамдылық, кәсіби біліктілік пен отбасындағы береке-бірлік – өзгелерге үлгі болғандай.

Нұрлыгүл Сұлтанова,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале