Тамыздың бірінде Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Бұл – он жылда бір рет өткізілетін маңызды мемлекеттік іс-шара ғана емес, сонымен қатар халықаралық маңызы бар науқан. Санақ тек деректер жинау емес. Ол еліміздегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын, оның қалай дамып келе жатқанын халықтың тұрмысын көрсетеді.

Санақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жүзеге асырып отырған Х Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санағы бағдарламасының аясында өткізілуде. Биыл мұндай санақ Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан және өзге ондаған елде жүргізіледі. Бұл Қазақстанда өткізіліп жатқан санақтың әдістемесі мен принциптері халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін білдіреді. ФАО санақ жүргізуде цифрлық технологиялардың енгізілуіне ерекше мән береді. Бұл шығындарды азайтып, мәліметтерді өңдеу үдерісін жылдамдатуға мүмкіндік береді.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Мешеловтің айтуынша, ауыл шаруашылығы санағы екі кезең бойынша өтеді. Бірінші кезең – онлайн сипатта, 1-31 тамыз аралығында жүргізіледі. Онлайн sanaq.gov.kz сайтында өтеді. Бұл интервьюерлерді күтпей-ақ уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мәліметтерді жылдамырақ жинауға және өңдеуге жол ашады. Сонымен қатар бұл қыркүйекте үй-үйді аралайтын мамандарға түсетін жүктемені азайтады.
– Біз барлық ауыл шаруашылығы құрылымы санақтан онлайн өтуі тиіс екенін ерекше атап өткіміз келеді. Жалпы алғанда, 1 000-нан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорнын, сондай-ақ 10 мыңға жуық шаруа және фермер қожалығын, осы саладағы жеке кәсіпкерлерді қамту жоспарланып отыр. 28 шілдеден бастап оларға 1414 нөмірінен sanaq.gov.kz порталында санақтан өту туралы SMS-хабарламалар жіберіле бастады. Sanaq.gov.kz сайтында сауалнамадан өту 1 тамыз күні сағат 00:00-де басталды. Сауалдарға жауап беру үшін ЭЦҚ, SMS немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы ауторизациядан өту қажет. Тіркелу кезінде растау коды көрсетілген электронды поштаға немесе телефонға бірден жіберіледі. Бюро қызметкерлері қоңырау шалмайды және ешқашан төрт таңбалы растау кодын сұратпайды. Сайтта сауалнаманың екі нұсқасы болады.
Біреуі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, екіншісі – бақша, жер телімі немесе малы бар үй шаруашылықтарына арналған. Сауалдар жерді пайдалану, қолда бар техника, мал ұстау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен өткізу, еңбек жағдайларына қатысты болады. Сайтта сауалнаманы толтыруға көмектесетін көмекші ақпарат, бейненұсқаулық орнатылған. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істеп, сұрақтарға жедел жауап беретін SANAQ мырза чат-боты бар. Онлайн санақтың басты артықшылықтарының бірі – деректерді сақтау мүмкіндігі. Егер сауалнаманы толтыра бастап, аяқтай алмаса, кез келген уақытта тоқтаған жерден жалғастыруға болады. Барлық ірі кәсіпорын өкілдерін, фермерлер және шаруашылық иелерін санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Санақтан sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн түрде өту көп уақыт алмайды. Бірақ бүкіл аграрлық саланың дамуына үлкен үлес қосады, – деді Болат Тілеуқабылұлы.
Санаққа қатысу үшін барлық жағдай жасалған. Егер ауылда компьютер немесе интернет болмаса, респонденттер аудандық әкімдіктер мен статистика бөлімдеріндегі өзін-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады. Облыста осындай 150 орын қамтамасыз етілген. Бұл пункттерде санақтан өтуге арналған қажетті техника болады. Сауалнамаларда көрсетілген барлық ақпарат қатаң құпия сақталады. Ол салық, полиция немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Тамыз айында 1446 бірығай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Онда ауыл шаруашылығы санағы бойынша арнайы желі қарастырылған. Мамандар тіркеуден өту, техникалық ақаулар немесе сұрақтардың мазмұны бойынша кез келген сауалға жауап береді. Болат Тіллеуқабылұлы айтып өткендей, онлайн санақтан өтпеген үй шаруашылықтарын 20 қыркүйектен бастап интервьюерлер аралайды. Алайда сауалнамадан тамыз айында өткендерді ешкім мазаламайды.
Тағы бір айта кететін жайт, санақтың 20 қыркүйекте басталатын офлайн кезеңінде ауылдық жерлерде интервьюерлер ретінде жұмыс істеуге ниет білдіргендерді тіркеу жүріп жатыр. Жұмысқа орналасқысы келетіндер ауылдық әкімдіктерге хабарласа алады. Санақтың нәтижелері кезең-кезеңмен жарияланады. Алғашқы мәліметтер биылғы желтоқсанда, ал қорытынды 2026 жылы ұсынылады.
Айна Имашева