10.08.2025, 15:00
Оқылды: 160

Сырымда үш қабатты қос тұрғын үй салынуда

Сырым ауданына барған іссапар барысында құрылыс жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын байқадық.  Оның жай-жапсарын білу мақсатында аудандық  сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің жетекші маманы Айгүл Мәмбетқұловамен сұхбаттастық. 

құрылыс бөлімі жетекші маман А.Мәмбетқұлова

Қазіргі таңда Сырым ауданында құрылысқа қатысты бірнеше жоба жүзеге асуда. Құрылыс жұмысы аяқталған, тәмамдалуға таяу, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға жөнелтілгендерді қоса есептегенде 2024-2025 жылдардың еншісінде аудан көлемінде 30-ға жуық жоба бар.

– Жымпиты ауылындағы кітапхана құрылысы 2024 жылы басталды. Жоба құны – 432,145 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания – «Жайық Сити» ЖШС. Бүгінде ғимараттың ішкі және сыртқы құрылыстары толық аяқталды. Алдағы аптада қабылдап алу іс-шараларын өткізіп, талапқа сай екендігіне көз жеткіземіз. 2025 жылдың қазан айында ауыл тұрғындары үй жануарларының өлекселерін жаңа мал молаға төгеді. Оның құрылысына 29,8 млн теңге қаражат бөлінді. Биылғы мамырдың 14-інде «СК Алаш» компаниясы мал моланы салып бастаған еді. Моланы қоршау 90 пайызға аяқталып, жер қазылуда. Аудандағы табыс-кірісі аз отбасылар үшін 47 тұрғын үй салу жоспарда бар. Бүгінде тоғыз үй сатып алынды. Қалған 38 үй қазан айына дейін алынатын болады. Бұл үйлер жоғарыда атап өткендей, үй кезегіндегі отбасыларға беріліп, баспананы рәсімдеуші азамат жеңілдетілген несие ретінде өтейді. 2025 жылдың соңына дейін 47 жанұяға баспана кілтін табыстаймыз. Биыл үйлері апатты жағдайда деп танылған азаматтар үшқабатты тұрғын үйлерден пәтер алады. Пәтерлер апатты үй иелерінің кезегі бойынша беріледі. Ескі үйлер мемлекет меншігіне өтетін болады. Үшқабатты екі тұрғын үйде 72 пәтер бар. Мансап орталығы арқылы ауыл азаматтары да құрылыс жұмыстарына тартылды. Оған қоса, Бұлдырты ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы жүріп жатыр. Тамыз айында құрылыс толық аяқталып, қыркүйекте тұрғындар игілігіне беріледі. Сонымен қатар жеке тұлғалардың тұрғын үйлер салу жобасы бойынша 34 үй тапсырылған. Мұның жалпы құны – 565,158 млн теңгені құрайды. Аудан орталығындағы С. Сейфуллин көшесінде балалар ойын алаңы мен спорт алаңы жоқ. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамаға жөнелтілді. Тамыз айының соңында немесе қыркүйек айының басында «ZIGMUND» ЖШС мердігер компаниясы құрылысты бастап, жыл соңына дейін табыстайды. Самара-Шымкент тасжолының бойындағы Қарақұдық ауылында байланыс жүйесі нашар. Ауыл маңына антенналық діңгек салу бойынша жоба жасалып, басқармаға бюджеттік өтінім жіберілді. Қаражат бөлінген жағдайда осы жылы құрылыс жұмысы басталады, – деді жетекші маман Айгүл  Жұбанқызы.

Жоғарыда айтылған үшқабатты тұрғын үйдің құрылысы мамыр айының ортасында басталған. Бүгінде іргесі көтеріліп, соңғы қабатына тас қалануда. «Солик Констракшн» компаниясында еңбек ететін учаске бастығы Жоламан Байболатов құрылыс жұмысы уақтылы аяқталатынын  айтты.

WhatsApp Image 2025-08-07 at 17.46.25

– Бір тұрғын үйде төрт кіреберіс есік болады. Қазір бірінші және екінші кіреберіс есіктерінің жұмысы аяқталып қалды. Тасқалаушылар екі топқа бөлініп жұмыс істеуде. Құрылыс алаңында біздің компанияның еңбеккерлеріне материалдарды жоғарыға жеткізетін екі кран бар. Оған қоса, ауыр жүктерді тасымалдау үшін түрлі техникалар жұмылдырылды. Құрылыс жұмысын қазан айында тәмамдаймыз. Жалақы уақтылы төленіп тұр, материалдар жеткілікті. Өзім Сырым ауданына қарасты Қособа ауылының тумасымын. Құрылыс саласында 25 жылға жуық  еңбек етіп келемін. Қазір жасым 58-де. Былтыр су тасқынынан зардап шеккен үй иелеріне жаңа баспана салуға қатыстым. Менің бір түсінгенім, жұмысшы мамандығын меңгерген азамат далада қалмайды. Қоғамда еңбек адамдарына деген құрмет те артып келеді. Ел Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атауының өзі біздің күш-жігерімізді қайрай түсті, – деді Ж. Байболатов.

DSC06177

Учаске бастығының айтуынша, бұл тұрғын үйлердің сыртқы кескін-келбеті де көзтартарлық болмақ. «Астанадағы тұрғын үйлердің қасбетіне көбіне фивээл цемент деп аталатын қымбат материал қолданылады. Бұл тұрғын үйлер де осы материалмен қатталып, тұрғындар мен ауданға жолы түскен қонақтарға ерекше әсер сыйлайтын болады» дейді  ол.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»,

Сырым ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале