8.08.2025, 10:30
Оқылды: 458

Бөкей ордасы ауданында мал ұрлығы өршіп тұр

Бөкей ордасы ауданында қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, жиынды кеңес төрағасы Қуаныш Елемесов төрағалық етті. Отырысқа Кеңес мүшелері мен округ әкімдері онлайн-оффлаин форматқа қатысып, күн тәртібінде ауданның әлеуметтік ахуалына қатысты бірнеше мәселе қаралды.

IMG_0407

Алдымен аудандық полиция бөлімінің полиция инспекторы Арсен Фазылов баяндама жасады. Оның айтуынша, мал ұрлығы қатысты қылмыс саны 200%-ға өскен. Биылғы жылдың жеті айының өзінде 15 мал ұрлығы фактісі тіркелген. Өткен жылы мал ұрлығы бойынша бес-ақ факт тіркелген екен. Орын алған қылмыстың 11-і ашылған, күдіктілер анықталып, алтауы сотқа жолданып, қалған іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

IMG_0406

- Басты проблема - малдың бағымсыз жүруі. Қожалықтың малы да, жеке тұрғындардың да малы да бағымсыз, еркін жүреді. Бағымсыз мал - ұрыларға оңай олжа, түн жүрген көліктерге кедергі.  Бағымсыз жүрген малды қамайтын орын, қамалған малға уақытша күтім жасау мәселесі әлі күнге шешімін таппай отыр. Мал ұрлығына қатысты қылмыстың алдын алу мақсатында ауылдардың кіреберіс жолдарына көлік қозғалысын бақылайтын мемлекеттік тіркеу нөмерлерін анықтайтын сапалы бейнекамера орнату, учаскелік полиция инспекторларының қызметтік планшеттеріне ауыл шаруашылығы жануарларының бірегей базасына қосу қамтамасыз етілсе, - деген ұсыныстарын айтты баяндамашы.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәурен Дәулетов өзі басшылық ететін мекеме тарабынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер турасында сөз алды. Аталмыш мекеме 12 мемлекеттік қызмет ұсынады. Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету, санаторий-курорттық емдеу ұсыну, протез-ортопедиялық көмекші құралдармен қамтамасыз ету, тиісті санатқа жататын азаматтарға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы, әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі сияқты төлемдер тағайындау және басқа да қызмет түрлерін ұсынады.
- Жыл басынан бері 750 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қызмет сапасына қатысты ешқандай арыз-шағым түскен жоқ, - дейді Дәурен Дәуленов.

IMG_0411
Аудандық мансап орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Салтанат Молдашева да дәл осындай тақырыпта баяндама жасады. Бұл орталық бойынша төрт мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Таратып айтсақ,  жұмыссыздарды тіркеу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу,  мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау сияқты қызметтер ұсынылады.
Осы орайда округ әкімдері қоғамдық жұмыстарға бөлінетін штат санының қысқарып кеткенін, ауыл тұрғындары үшін бұл да болса, тұрақты табыс боп отырғанын айтып, мәселені тиісті органдар назарына ұсынуды сұрады.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале