8.08.2025, 18:00
Оқылды: 165

Жаңақала мен Индер ынтымақтастықты нығайтты

Бүгін Жаңақала ауданына Атырау облысы, Индер ауданының әкімі Серік Нысанбаев бастаған делегация ресми сапармен келді. Сапар барысында қос аудан арасында өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылды. Құжат ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, ветеринария, көлік-логистика және әлеуметтік-мәдени бағыттардағы бірлескен іс-шараларды қамтиды.
image-08-08-25-04-31-2
Меморандум аясында қуаңшылық немесе шөп жетіспеушілігі туындаған жағдайда резервтік қорлармен бөлісу, өсімдіктерді қорғаудағы өзара іс-қимылды нығайту, шегірткеге қарсы күрес бойынша жұмыстарды бірігіп жүргізу, эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және мал шаруашылығындағы қауіпті індеттердің алдын алу бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту келісілді.
image-08-08-25-04-31-3
Қос аудан жеке инвестиция тарту, кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасу мақсатында көшпелі кездесулер ұйымдастыру, жүк көліктерінің қозғалысы үшін арнайы маршруттар мен жол картасын келісу, сауда және ауыл шаруашылығы өнімдерімен алмасу, маусымдық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру, өнім өндірушілерге нарық кеңейту үшін сауда алаңдарын ұсыну және мал азығын тасымалдауда шекаралық бақылау бекеттерін оңтайландыру бойынша келісімдерге келді.
image-08-08-25-04-31-1
Ал әлеуметтік және мәдени бағыттағы ынтымақтастықта спорт және мәдениет саласындағы бірлескен іс-шаралар, фестивальдер, жарыстар өткізу, жастар тәжірибе алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру, аудандық кітапханалар, музейлер және білім мекемелері арасында ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын қамтиды.
image-08-08-25-04-31
Іс сапар барысында Индер ауданының делегациясы Жаңақала ауылындағы "С-БОЛАШАҚ" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің ет комбинатының жұмысымен және "Фурор" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің екпе шөп және бау-бақша өнімдерін өндіру бағытындағы қызметімен танысты.
image-08-08-25-04-31-4
Бұл меморандум екі аудан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Құжатта көрсетілген бағыттар бойынша бірлескен іс-шаралар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік және мәдени салалардағы даму мен тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы 
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале