12.08.2025, 18:01
Оқылды: 217

Шыңғырлау көшелеріне техникалық су жеткізілді

Ауылдағы инфрақұрылым жүйесін жақсарту – халықтың тұрмыс сапасын арттырудың басты жолы. Осы мақсатта ауданымызда жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Соның жарқын мысалы ретінде аудан орталығындағы бес көшеге техникалық судың жеткізілуін айтуға болады.

су1

Шыңғырлау ауданында биылғы жылы Ержанов және Тың игерушілер көшелері тұрғындарын техникалық сумен қамту мақсатында Ержанов көшесінде ұзындығы 600 метр, диаметрі 110 мм полиэтилен құбыры жүргізілді. Нәтижесінде  отыздан астам абонент техникалық сумен қамтылды. Сондай-ақ ауыл ішінде техникалық суды жеткізетін темір құбырларының әбден тозығы жетуіне байланысты барлық ұзындығы 1450 метр, атап айтқанда Каймулдинов көшесіне 350 метр, Мұратбаев көшесіне 350 метр, Қуантаев көшесіне 400 метр, Көкжайлау көшесіне 350 метр, диаметрі 11 мм полиэтилен құбырлар жүргізілді. Техникалық су желісі тартылып, ел игілігіне берілуі бұл ауыл тұрғындары көптен бері күтіп жүрген шешімі күрделі мәселелердің бірі болатын.

Жаңадан жүргізілген су жүйесі арқылы енді тұрғындар бау-бақша суарып, шаруашылық жұмыстарын әлдеқайда жеңілдететін мүмкіндікке ие болды. Бұған дейін техникалық судың тапшылығы көше тұрғындары үшін үлкен қолайсыздық тудырып келген еді.

- Бұл – көптен күткен қуаныш. Бұрын бақшамызға су жеткізу қиын болатын. Енді арнайы су желісі келіп, уақытылы суару мүмкіндігі туды. Қуантып отырғаны ауламдағы жеміс ағаштарының, бақша, көкөніс өнімдерін көбейтемін. Халықтың алғысы шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Сания Душаханова.

Су желісі заманауи талаптарға сай тартылып, қауіпсіздік және сапа талаптары толық ескерілді.

Ауыл әкімі Сайда Бркенованың айтуынша, бұл жұмыстар – инфрақұрылымдық мәселелерді шешудің бір бөлігі ғана. Алда әлі де тұрғындар игілігіне бағытталған жобалар жоспарланған

- Елді мекендердің дамуы – халықтың өмір сүру жағдайын жақсартудан басталады. Сондықтан мұндай жобалар алдағы уақытта да ауданымызда жалғасын табады, – дейді "Шыңғырлаукомтехсервис" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны директоры Арген Карпаев.

Тұрғындардың өз кезегінде білдіріп жатқан алғысы – атқарылған жұмыстың халық көңілінен шыққанының айғағы. Су – тіршілік көзі. Ал оның қолжетімді болуы – ауыл өмірінің алға жылжуы.

С. Тыныс, 

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале