12.08.2025, 14:41
Оқылды: 607

"Абай күні" - руханият мерекесі

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына - 180 жыл. Абай күні елімізде ресми түрде 2020 жылдан бері аталып өтуде. 10 тамыз Абай күні болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен белгіленген болатын. Ұлы ақынның туған күні республикалық мереке мәртебесіне ие. Биыл Ұлы ақынның мерейтойы елімізде он күн бойы аталып өтуде. Осыған дейін ақынның 150 және 175 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО шеңберінде халықаралық деңгейде аталып өткен болатын.

аБАЙ 180 ЖЫЛ (2)

Айтулы күнге орай еліміздің облыс, аудан, қала, ауыл-аймақтарында әртүрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Біздің ауданымызда да ұлы ақынның 180 жылдығы кең көлемде аталып өтуде.

аБАЙ 180 ЖЫЛ (4)

"Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп..."

№4 қалалық кітапханада "Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп..." атты өзге этнос өкілдері арасында "Абай оқулары" аудандық байқауы ұйымдастырылды. Аталған аудандық байқауға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандары қатысты. Байқау ұлы Абайдың мол мұрасын кеңінен насихаттап, әр этностың жүрегіне ақынның ойы мен үмітін жеткізу мақсатында оздырылды. Жарысқа 12 оқырман қатысты.

Қатысушыларды  бағалайтын әділ-қазылардың қатарында Ақсай қаласының №6 МЛ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, "Алтын қалам" жас ақындар мектебінің мүшесі Алтынтас Бурашеева, №6 МЛ-дің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлайым Уржанова және аудандық мәдениет үйіне қарасты Достық үйінің директоры Жайнагүл Хамматовалар бар.

- Биыл қазақ халқының ұлы перзенті, ойшыл дана, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай кітапханамызда бірқатар танымдық, тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар өткізілуде. Бүгінгі шарамыздың ерекшелігі - қатысушыларымыз өзге ұлт өкілдері. Қатысушылар Абай оқулары арқылы қазақ халқының рухани байлығына деген құрмет көрсетіп, достық пен бірліктің айқын көрінісін танытуда. Сондай-ақ жақында кітапханашылар арасында байқау өткен еді. Сол байқауда кітапханашыларымыз Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, Абай шығармашылығына байланысты кітап көрмелерін жасақтап, насихаттаған болатын, - дейді аудандық ОКЖ директорының орынбасары Жанна Мубаракова.

Аталған байқау үш кезеңнен тұрды. Олар "Абайды жатқа", "Абай қара сөздеріндегі даналық әлемі" және "Абай жырлары - әлем тілдерінде" деп аталды.

"Абайды жатқа" кезеңінде қатысушылар Абайдың үш өлеңін мәнерлеп оқыса, екінші "Абай қара сөздеріндегі даналық әлемі" кезеңінде қатысушылар қара сөздерден үзінді оқып, оның мағынасын қысқаша түсіндірді. Ал үшінші "Абай жырлары - әлем тілдерінде" бөлімінде қатысушылар ақынның өлеңдерін өз ана тілдерінде мәнерлеп оқыды.

Байқаудың қорытындысы бойынша №4 қалалық кітапхананың оқырманы Анастасия Полякова бас жүлдені жеңді. Ал бірыңғай қорларды ұйымдастыру және пайдалану бөлімінің оқырманы Виктория Суханова І орынға, Бөрлі ауылдық модельді кітапханасының оқырманы Кристина Комаринская ІІ орынға, №1 қалалық кітапханасының оқырманы Елена Топало ІІІ орынға ие болды.

аБАЙ 180 ЖЫЛ (6)

"Желсіз түнде жарық ай"

Ақсай қаласының "Наурыз" саябағында аудандық демалу орталығының ұйымдастыруымен Абайдың 180 жылдығына арналған "Желсіз түнде жарық ай" атты мерекелік концерті өтті. Мерекелік кеш барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен "Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы" атты аудандық мәнерлеп оқу челленджінің қатысушылары марапатталды. Абай мұрасын дәріптеуге арналған челленджге ауданымыздағы түрлі мекемелер мен ұйымдар белсенді түрде атсалысты.

Кемеңгер ойшыл, дана ақын Абай Құнанбайұлының мұрасын ұлықтап, челленджге белсене қатысқан қатысушыларды аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Мұсаева мен ОКЖ директорының орынбасары Жанна Мубаракова аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аңсар Дюсеновтің алғыс хатымен марапаттады. Алғысхат иегерлерінің қатарында аудандық білім беру бөлімі, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі, аудандық аурухана, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық демалу орталығы, аудандық тарихи-өлкетану музейі және Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұжымдары бар.

Абайдың 180 жылдығына арналған мерекелік концертте ұлы ақынның "Желсіз түнде жарық ай", "Қараңғы түнде тау қалғып", "Айттым сәлем, Қаламқас", "Көзімнің қарасы" атты әндері айтылды.

Айдана Абдрахманова, 

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале