Баланың жарқыраған күлкісі – ата-ана үшін ең қымбат байлықтың бірі. Сол күлкінің әдемі әрі сау болуы дұрыс тіс күтімінен басталады. Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар сүт тістердің уақытша екенін алға тартып, олардың күтіміне аса мән бермейді. Алайда дәл осы кезеңдегі дұрыс әдеттер баланың болашақтағы тіс саулығына негіз болады. Тіс дәрігерлері ерте жастан бастап ауыз қуысының тазалығын сақтауды, дұрыс тамақтануды және жүйелі тексеруден өтуді ұсынады. Сүт тістері туралы ақпарат алу үшін біз білікті тіс дәрігерімен сұхбаттастық.

Мұратбек Мадреймов 2015 жылы Қасым Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектепті аяқтап, Ресей Федерациясы, Самара қаласындағы Жоғары медициналық университетке оқуға түсіп, аталған оқу орнында "Врач-стоматолог" мамандығын игеріп шыққан. Еңбек жолын медицина саласынан бастаған тәжірибелі дәрігер қазіргі таңда Ақсай қаласындағы облыстық балалар емханасында бас дәрігер қызметін атқаруда. Біз дәрігерге баланың тіс күтіміне байланысты бірнеше сауалымызды жолдадық. Тіс күтімі мәдениетін баланың бойына жастайынан сіңіру қажет-ақ. Қадірлі оқырманға бұл сұхбат өз пайдасын тигізеді деген сенімдеміз.
- Мұратбек Әсетұлы, балаларды тіс күтіміне неше жастан бастап үйрету қажет?
- Балаларды тіс күтіміне алғашқы тісі шыққан сәттен бастап, яғни шамамен 6 айлық кезінен үйрету қажет. Бұл күтім жас ерекшеліктеріне сай кезең-кезеңімен дамиды. Алғашқы тіс шыққаннан кейін-ақ жұмсақ, таза дәке немесе арнайы саусаққа киілетін щеткамен тісті сүртіп тазарту керек.
Қантты тағамдарды шектеу маңызды. Баланың 2-3 жас кезінде балаға тіс щеткасын ұстап үйренуге көмектесу керек. Фтор қосылған балаларға арналған тіс пастасын аз мөлшерде қолдану ұсынылады.
Тістерін күнде таңертең және ұйықтар алдында тазалауды әдетке айналдыру маңызды. Ата-аналар тістерін баламен бірге жуып, үлгі көрсетуі ең тиімді тәсіл болып табылады. Бала осылайша өз бетінше тіс жууды үйрене бастайды, бірақ ата-ананың бақылауы шарт. Ерте жастан тіс күтіміне үйрету тісжегіден сақтайды. Тұрақты әдет қалыптастырады. Жалпы денсаулық пен өзін-өзі күту дағдыларын дамытуға көмектеседі.
- Тәттіні шектен тыс көп пайдалану баланың тісіне қандай зиян әкелуі мүмкін?
- Тәттінің баланың тісіне тигізетін негізгі зияндарының бірі тісжегінің (кариес) пайда болуына ықпал етуі. Тәтті тағамдардағы қант ауыз қуысындағы бактериялармен бірігіп, қышқыл бөледі. Бұл қышқыл тістің сыртқы қабатын — эмальді ерітіп, тісті шіріте бастайды. Әсіресе жабысқақ тәттілер (карамель, мармелад) ұзақ уақыт тіс бетінде қалып, зиянын күшейтеді. Күшті кариес салдарынан тіс шіріп, жұлуға тура келеді. Бұл тіс қатарының бұзылуына, сөйлеу дамуына, және тұрақты тістердің дұрыс шықпауына себеп болуы мүмкін. Тәттілерден кейін ауыздағы рН деңгейі төмендеп, қышқыл орта пайда болады. Бұл тістің қорғаныс қабатын (эмальді) әлсіретіп, микробтардың көбеюіне жол ашады. Артық қант микробтардың көбеюіне әкеліп, ауыздан жағымсыз иістің шығуын туғызуы мүмкін. Ата-аналар тарапынан жасалатын ең үлкен қателіктердің бірі қант қосылған шырындар, газдалған сусындар ішкізу, түнде берілетін тәтті сүт, тәтті печенье, кәмпит, карамель және тәттілерді жеп болған соң су ішпеу немесе тіс жумай ұйықтау. Сондықтан балаға тәттіні шектеулі мөлшерде ғана берген абзал. Мүмкін болса түнде тәтті сусындар бермеу керек. Сусындардың орнына баланы су ішуге дағдыландыру маңызды.
- Сүт тістері мен кәдімгі тістердің айырмашылығы қандай?
- Сүт тістері – бұл баланың алғашқы тістері. Олар әдетте 6 айдан бастап шығып, шамамен 12 жасқа дейін қызмет етеді. Сүт тістері мен тұрақты тістердің ең басты айырмашылықтарының бірі – түсі мен құрылымы. Сүт тістері ақшылдау, кейде сүт түстес болады, әрі көлемі кішірек. Олардың эмаль қабаты мен дентині жұқа, сол себепті сыртқы әсерлерге әлсіздеу келеді және жылдам бұзылады. Ал тұрақты тістер сарғыштау түсті, эмаль қабаты қалың, мөлшері үлкен және тіс түбірі мықты болады. Олар шайнау қызметін жақсы атқарады және өмір бойына сақталады. Сүт тістерінің түбірі уақыт өте келе ериді – бұл олардың орнына тұрақты тістердің шығуына мүмкіндік береді. Тұрақты тістердің түбірі толық қалыптасқан және берік, олар адамның бет пішіні мен сөйлеу қабілетіне де әсер етеді.
Көп ата-аналар сүт тістерін "бәрібір түседі" деп мән бермей жатады. Алайда бұл – қате түсінік. Сүт тістері баланың шайнау, дұрыс сөйлеу, жалпы ауыз қуысының дамуы үшін өте маңызды. Олар тұрақты тістердің шығатын орнын белгілейді. Егер сүт тістері уақытынан бұрын шіріп кетсе немесе жұлынып қалса, кейін тұрақты тістер қисық, дұрыс емес бағытта шығып, тіс қатарын бұзуы мүмкін.
Сондықтан, сүт тістері де тұрақты тістер сияқты мұқият күтімді қажет етеді. Уақтылы тазалау, дұрыс тамақтану, тіс дәрігеріне тұрақты барып тұру – бала денсаулығының басты кепілі.
- Тіс дәрігеріне жиі барып тұру қаншалықты маңызды?
- Тіс дәрігеріне жиі барып тұру — өте маңызды, әсіресе балалар үшін. Бұл әдет тіс пен ауыз қуысының денсаулығын сақтап қана қоймай, болашақта ауыр тіс ауруларынан сақтануға көмектеседі. Тіс дәрігеріне барудың ең бірінші пайдасы ауруды ерте анықтау. Мысалы тісжегі, қызыл иектің қабынуы секілді мәселелер ерте анықталса, емдеу де жеңіл әрі арзан болады. Көптеген тіс проблемалары бастапқыда ауыртпайды, бірақ асқынса — ауырсыну, тісті жұлу қажет болуы мүмкін.
Сонымен қатар "Баланың тісі қалай өсіп жатыр? Қисық па? Ерте түсіп жатыр ма?" деген сұрақтарға нақты жауапты тіс дәрігері ғана бере алады. Оны маманы болмаса, өзіңіз немесе басқа жандар айта алмайды. Оның үстіне кейде үйде тіс жуу жеткіліксіз болуы мүмкін. Дәрігер арнайы құралмен тіс тастарын, бактерияларды тазартады. Тістерді арнайы фтормен өңдеу немесе ойықтарды жабыстыру — тісжегіден қорғайтын тиімді тәсілдер ұсынады. Балалар тіс дәрігерінен қорықпауы үшін алғашқы тәжірибе жағымды болуы керек. Тұрақты бару арқылы бала дәрігерге үйренеді. Меніңше баланы жоқ дегенде жылына екі рет дәрігерге апарып тістерін тексертіп тұрған абзал. Егер баланың тісінде ерекше мәселе болса, дәрігердің кеңесі бойынша жиі барып тұру қажет.
- Балалар тісінде жиі кездесетін қандай мәселелер болады?
- Балаларда тіс саулығына байланысты жиі кездесетін бірнеше негізгі мәселелер бар. Оларды ерте танып, дұрыс күтім жасасаңыз, күрделі жағдайлардан аулақ болуға болады. Тісжегі (кариес) ең жиі кездесетін проблема. Оған қантты тағамдарды көп қолдану мен жеткіліксіз тазалық себеп болады. Бастапқыда байқалмағанымен, бірақ уақыт өте келе тіс ауыртып, тіс түбіріне дейін зақымдайды. Тағы бір мәселе тістердің қисық шығуы. Ол мәселе жақ сүйегінің дамуында ауытқуларға немесе сүт тістердің ерте түсуіне әсер етеді. Және де шайнауға, сөйлеуге және сыртқы келбетке әсер етеді. Сол себепті ерте кезеңде ортодонт кеңесін алып, қажет болса, брекет немесе түзету құралдарын қолдану қажет. Сүт тісі тым ерте түссе, тұрақты тіс қисық шығуы мүмкін. Оны үнемі тіс дәрігеріне қаралып, рентген арқылы бақылау маңызды. Балаларға арналған тіс пастасын дұрыс мөлшерде пайдаланбау фтордың шамадан тыс мөлшері тіс эмалінде ақшыл немесе қоңыр дақтар тудырады. Баланың тіс пастасын мөлшермен қолдануын да қадағалау керек. Жеткіліксіз тіс күтімі немесе созылмалы инфекциялар қызыл иектің ісінуіне әкелетін аурулар да жиі кездесіп жатады.
- Дәрігер ретінде ата-аналарға айтар кеңісіңіз бен тілегіңіз?
- Баланың денсаулығы – ең басты байлық. Ал денсаулықтың бастауы – ауыз қуысынан, яғни тіс күтімінен басталады. Көп жағдайда біз сүт тістерін уақытша деп қабылдап, оларға жеткілікті көңіл бөлмей жатамыз. Алайда сүт тістері – тұрақты тістердің іргетасы. Олардың жағдайы болашақта балаңыздың тіс қатарының, сөйлеу мәнерінің және тіпті бет-әлпетінің дұрыс қалыптасуына әсер ететінін естен шығармаңыз!
Балаңыздың күлкісі – жарқын болашақтың белгісі. Сол күлкіні сақтаудың бір жолы – тістердің саулығына көңіл бөлу. Балаларыңыз аман, тістері сау, жүздері жарқын болсын!
- Мұратбек Әсетұлы, ата-аналарға үлкен көмек болатын маңызды сұқбатыңыз үшін рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы