Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданына сапармен келіп, Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылында жергілікті тұрғындармен жүздесті. Жетікөл ауылдық округінде мыңнан астам адам тұрады, олардың негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы.

Алдымен аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов Сырым елінің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын баяндады. Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың айтуынша, ауданға инвестиция көлемін 10 млрд-қа жеткізу, 5 ай ішінде құны 6 млрд 418 млн теңге болатын 48 жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар шеңберінде 135 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде атқарылып жатқан істерді атап өтті.
– Экономиканы әртараптандыру және жаңа өндіріс ашу бүгінгі күннің негізгі мәселесі. Бұл бағытқа инвестиция тарту біздің алдымыздағы бірден-бір мақсат. Алдағы бес жылда 7,6 триллион теңгеге 73 ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Оралда «Батыс Тауэр» деген компания Батыс Қазақстан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Компания Қытай компанияларымен бірлесіп, 414 мегаваттық газ турбиналық станса салу жөнінде инвестициялық жобаны алға тартып отырмыз. Бүгінде Батыс Қазақстан облысы 390 мегаватт электр жарығын пайдаланатын болса, бұл жоба тағы бір облысты электр энергиясымен қамтамасыз ететін газ турбиналық станса болады. Пойма ауылында индустриалдық аймақ аштық, онда мұнай катализаторын өндіретін үлкен зауыт салуды жоспарлап отырмыз, - деп бірқатар игілікті істерді атап өтті.

Кездесу барысында ауыл халқы мал суарып, көлге су шығаратын бөгет мәселесі, ауыз су және Қосарал ауылына дейінгі жолдардың жөнделуі мәселелерін көтерді. Жетікөл ауылындағы бөгетті қалпына келтіру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Қосарал және Жетікөл ауылдарында ауыз су құбырын қайта жаңарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар жасақталды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланды. Жоба құны 216 млн теңгені құрап отыр. Жоба 2026 жылы іске асады. Қосарал ауылына дейінгі кірме жолдың 14-26 шақырым жол бөлігіне құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс өткізіліп, мердігері болып «Тоби» ЖШС анықталды. Өңір басшысы жолдың да жөнделіп, бөгеттің де мәселесі шешілетінін айтты. Бір ғана Қосаралдың жолын жасау 2 млрд теңгені қажет етеді. Инвестиция тартып, аудан бюджетіне салық түсіру арқылы жолдың да, судың да мәселесін шешіледі.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары өзге де әлеуметтік мәселелерді қозғады. Оның ішінде медициналық жедел жәрдем көлігі және Сырым орта мектеп-балабақша кешеніне көлік қажеттігі айтылды.
Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, мұң-мұқтажына құлақ түрді.
Одан кейін өңір басшысы Бұлан ауылдық округіндегі екі нысанды аралады. Біріншісі – «Берекет» шаруа қожалығы. Мұнда Мейрамбек Мамбетияров сүт бағытындағы ірі қара өсіреді. Қожалық 80 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды гольштейн сиырынан 860 тонна сүт өндіріп, «Белес» ЖШС-не тапсыруда.


Екінші нысан – «Syrym-Fish» АШӨК балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға арналған Шідерті өзені жағасындағы демалыс орны. Кәсіп иесі Дәурен Жұматаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 23 миллион теңге несие алып, сүйрік және тұқы балықтарын өсірумен айналысуда.

Ауданда оның автокөлік, кілем жуу жіне киім-кешек жуу орталығының құрылысы сәтті аяқталып, іске қосылды. Кәсіпкер құны 110 млн теңге болатын 100 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысын салуды жоспарлап отыр.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы