Казталов ауданы, Жаңажол ауылында қиындықты бірге еңсеру, бір-біріне қолдау көрсету дәстүрге айналып келеді. Қуаңшылық салдарынан мал азығының тапшылығы мен қымбатшылығы ел ішінде үлкен мәселе болып отырған шақта, ауыл азаматтары мен кәсіпкерлер игі бастама көтеріп, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға көмек көрсетуде. Бұл қайырымдылық шарасы – тек материалдық қолдау ғана емес, рухани демеу де.

– Қуаңшылыққа байланысты мал азығының бағасы қымбаттап кетті. Бұл – ауыл халқы үшін үлкен мәселе. Осыны ескеріп, ауыл азаматтары және кәсіпкерлермен ақылдаса отырып, халыққа қолжетімді бағамен шөп әкеліп жатырмыз. Әуелі 15 шақты аз қамтылған отбасыларға түсіреміз. Кейін барлық ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен үлестіреміз, – дейді Оралбек Қажымұратұлы.
Бұл – ауылдағы ұйымшылдықтың, бірлік пен жанашырлықтың айқын көрінісі. Қиын кезеңде ауыл тұрғындарының бірігуі – ұлттың тірегі ауылда сақталғанын көрсетеді. Шөп жеткізу жұмыстары нақты ұйымдастырылып, тұрғындар арасында әділ түрде бөлініп жатыр.
– Ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға көмек көрсетіліп, шөп бағасы қолжетімді деңгейде беріліп жатыр. Ауыл әкімі Қуаныш Батырғалиев мырзаға шынайы алғысымды білдіремін. Осындай игі істердің жалғасын табарына сенемін. Қолдау білдіріп жатқан барша жанға ризашылығымды айтамын, – дейді ауыл тұрғыны Айдынова Ботагөз.

- Қуаңшылық салдарынан шөп бағасы облыс көлемінде қымбаттап кеткені рас. Осыған байланысты ауыл кәсіпкерлері мен тұрғындарының қолдауымен шөп жеткізу жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынудамыз. Әлеуметтік жағдайы төмен 15-ке жуық отбасыға тарату көзделуде. Ауылға барлығы 600 руллон шөп жеткізіліп, әр руллоны 8500 теңгеден сатылымға шығарылды, – деді ауыл әкімі Қуаныш Батырғалиев.

Жаңажолдықтардың бұл қадамы өзгелерге үлгі. Осындай бастамалар ауыл өмірінің тұрақты дамуына және әлеуметтік ахуалдың жақсаруына үлкен септігін тигізетіні анық. Жергілікті әкімдік пен белсенді азаматтардың бірлескен еңбегі ауыл тұрғындарының сенімін арттырып, бірлік пен жанашырлықтың шынайы үлгісіне айналды. Бұл — ауыл рухының мықтылығы мен ортақ жауапкершіліктің көрінісі.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы