16.08.2025, 11:00
Оқылды: 1073

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов: «Қаражатты тиімді жұмсап, маңызды спорт  түрлерін дамытуға күш саламыз»

Бұқаралық  спортты  дамыту,  жастар  мен  жасөспірімдерді  спортқа  баулу,  ауылдарда  спорт  нысандарын  салудың жергілікті жұрт үшін маңызы зор.  Спорт  күні  қарсаңында  облыстық  дене  шынықтыру  және  спорт  басқармасы  басшысы  Бақдәулет  Сәбитовке  осы  мәселелер  жөнінде  сауалдар  қойып,  жауабын  алдық. 

баудаулет

– Бақдәулет Маратұлы, өңірдегі спорт мекемелерінің қазіргі жай-күйі қандай? Материалдық-техникалық базаны жаңартуға қатысты нақты қандай істер атқарылуда? Ел намысын қорғап жүрген спортшыларға қандай қолдау көрсетілуде?

– Осы уақытқа дейін өңірдегі барлық спорт мекемесін аралап шықтым. Өкінішке қарай, барлығының жағдайы көңіл қуантады деп айта алмаймыз. Көптеген спорттық құрал-жабдық ескірген, жаңалауды қажет етеді. Біз қолдан келгенше көмек көрсетіп, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға күш салып келеміз. Мәселен, Шыңғырлау ауданына жаңа бокс рингін, Жаңақалаға татами алып бердік. Бәйтерек ауданында шаңғы спорты жақсы дамып келеді. Ондағы ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларымызды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз еттік. Мұнда айта кетерлік бір  жайт – біз ең алдымен өңірдің абыройын асқақтатып жүрген спортшыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық берудеміз. Алайда бұл өзгелер назардан тыс қалады деген  сөз  емес.

– Қазір спортпен шұғылданатын балалардың қатары артты. Дегенмен бір спорт түрін нақты таңдап, соған жүйелі түрде ден қою үрдісі байқалмайды. Бірнеше спорт түріне ауыса беретін жасөспірімдер көп. Осындай әмбебап болғысы келетін балалардың спортта болашағы бола ма? Бұлай жаттығу қаншалықты дұрыс? Осыған қатысты ата-аналар мен бапкерлердің рөлін қалай бағалайсыз?

– Жыл өткен сайын спортпен шұғылданатын балалардың саны артып келеді. Дегенмен олардың белгілі бір спорт түрін таңдап, сол бағытта нәтижеге жетемін деген нақты көзқарасы қалыптаспағандай әсер қалдырады. Мәселен, бірнеше жыл бойы бокспен айналысқан жасөспірімнің кейін күрес секциясына ауысып кететіні жайында жиі айтылады. Мұны бапкерлер де растап отыр. Көп жағдайда мұндай өзгерістер балалардың өз қалауынан емес, ата-ананың шешімінен туындайды. Кей атаана баласының бір емес, бірнеше спорт түрін қатар меңгергенін дұрыс көреді. Алайда әр спорттың басын бір шалып жүрген баланың болашақта нақты нәтиже көрсете алмай, жарқын мансаптан шет қалуы әбден мүмкін. Сондықтан бұқаралық спортты дамытумен қатар, дарынды балаларды ерте жастан бағытын айқындап, белгілі бір жүйеге сай тәрбиелеу – уақыт талабы. Бұл – бала болашағы үшін де, ұлттық спорттың дамуы үшін де маңызды.

– Өңірде салынатын спорт нысандарының басым бөлігі демеушілердің қолдауымен бой көтеруде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы бұл бастамалар бұқаралық спорттың дамуына қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Сонымен қатар демеушілер мен қорлардың атқарып жатқан жұмыстары болашақта спорт инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытуға үлес қоса ала ма?

– Биыл облыс көлемінде 14 жаңа спорт нысаны салынып, халық игілігіне пайдалануға берілмек. Соның ішінде тек біреуі – Ақжайық ауданына қарасты Есенсай ауылындағы спорт кешені мемлекеттік қаржы есебінен салынды. Ал қалған 13 спорттық нысан демеушілердің қолдауымен бой көтеруде. Басты демеушілердің бірі – «ҚПО б. в.» компаниясы. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына Траст» қоры Теректі ауданының Жаңаөмір ауылында спорт кешенінің құрылысын қолға алды. Ал «Freedom Finance» компаниясы Орал қаласында ерекше күтімді қажет ететін спортшыларға арналған арнайы кешен құрылысын аяқтауға жақын. Бұдан бөлек, бірқатар жеке клуб та өз бастамасымен спорт инфрақұрылымын дамыту ісіне белсене  атсалысуда.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының да бұл бағыттағы үлесі айрықша атап өтуге тұрарлық. Аталған қор Ақжайық ауданында екі спорттық ангар салып, өңірдің 10 ауылындағы спорт нысандарын толық жаңғыртуды қолға алды. Бұл – он ауыл тұрғындары үшін заманауи талаптарға сай спортзалдары қолжетімді болады деген сөз. Қор тек нысандардың ішкі бөлігін жөндеп қана қоймай, оларды қажетті спорттық құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етуде. Бұл ауқымды істі «Қазақстан халқына» қорының серіктесі – «Батыр боламын» қоры жүзеге асырып жатыр.

– Өңірдегі кей ауылдарда спорт нысандары мүлдем ескірген. Осы ретте елді мекендердегі спорт инфрақұрылымын дамытуда қандай нақты қадамдар жоспарланып  отыр?

– Бүгінде 12 ауданның шамамен 60 ауылында спорт нысандары мүлде жоқ деуге болады. Ал бар нысандардың өзі заман талабына сай келмейді немесе сол елді мекеннің қажеттілігін толық қанағаттандырмайды. Мұндай ауылдардың нақты тізімі бізде бар. Алдағы уақытта мүмкіндігімізге қарай ауылдарға ерекше назар аударамыз. Әрине, кез келген елді мекенге спорт нысанын беталды сала беру ойда жоқ. Біз әр ауылдың спорттағы жетістігіне, тұрғындар санына және спортқа деген ынтасына қарай жан-жақты сараптама жүргіземіз. Сол негізде ғана шешім қабылданады. Мәселен, қазіргі таңда Қазталов ауданына қарасты Көктерек ауылында арқан тартумен айналысатын жастар бар. Соларға арнап көлемі 12х50 болатын спорттық ангар салу жоспары жасалып отыр. Қажетті қаражат мөлшері де есептеліп, нақты жоспарға енгізілді. Егер бұл жоба жүзеге асса, бүгінге дейін тек арқан тартумен шектеліп келген көктеректік жастар спорттың өзге түрлерімен де айналысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданына қарасты Бисен ауылында да спорттық инфрақұрылым мәселесі өзекті. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы құрылымдар ауыл ішінен спорт нысанын салуға арналған жер телімін дайындап қойды. Жоспар орындалса, болашақта бұл ауылда да халық игілігіне қызмет ететін заманауи спорт нысаны бой көтеруі  әбден  мүмкін.

– Облыстағы барлық аудан орталығында дене шынықтыру сауықтыру кешені бар. Енді ірі ауылдарға да көңіл бөлер кез келген  жоқ  па?

– Осы уақытқа дейін аудан орталықтарында құны 280-300 миллион теңгені құрайтын ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Алайда мұндай көпбейінді спорт нысандары  ауылдарға қаншалықты қажет? Әрине, ауылдың ауқымына қарай бұл сұраққа шынайы көзқараспен қарау керек. Сондықтан да көрпемізге қарап көсілген жөн деген ұстаныммен қомақты қаржыны бір ғана кешенге жұмсағаннан гөрі, сол соманы бірнеше ауылдың қажеттілігін ескере отырып бөліп, шағын спорт залдарын салу әлдеқайда тиімді болмақ. Бұл бағытта нақты тәжірибе де бар. Жуырда ғана Сырым ауданында күрес залы бой көтеріп, ауыл балаларының алаңсыз жаттығуына мүмкіндік туды. Мұндай үлгідегі шағын, бірақ мақсатты спорт нысандары ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады. Сондықтан алдағы уақытта да ірі кешендерден гөрі, ауылдарға бейімделген шағын спорт залдарын салу орынды әрі нәтижелі қадам болмақ деген  ойдамын.

– Бақдәулет Маратұлы, спорт мамандары әрдайым біліктілігін арттырып отыруы керек. Осы кезге дейін өңір бапкерлері мен өзге де мамандар біліктілік арттыру курстарынан өтті ме немесе  өте ме?

– Биыл республикалық оқуәдістемелік орталықтың мамандарын арнайы шақырып, 75 адамды – спорт мектептерінің директорлары мен әдіскерлерін – біліктілігін арттыру курстарынан өткіздік. Алдағы қыркүйек және қазан айларында ауылдық жерлердегі бапкерлерді даярлау жоспарлануда. Алайда бұл курс ақылы негізде өтеді. Сонымен қатар ол курсты облыс орталығында емес, бірнеше ауданға бөліп өткізу ниетіміз бар. Себебі алыс аудандардағы бапкерлер үшін орталыққа келу қиындық тудыруы мүмкін. Осыған орай оқыту шараларын аудандық деңгейде ұйымдастырып, тиімділігін арттыруды көздеп отырмыз. Оқыту нәтижесінде бапкерлерден нақты жетістіктер мен нәтижелер талап  ететін  боламыз.

– Спортпен айналысатын жастардың үлесін арттыру үшін қандай нақты мотивациялық бағдарламалар  қарастырылған?

– Соңғы үш жылда спортпен кәсіби түрде айналысуға ниет білдірген түлектерге әкімдік тарапынан оқу гранттары бөлінбеген еді. Биыл бұл бағытта оң өзгеріс орын алды.

13 грант алуға мүмкіндік туды. Спорт интернатының 43 түлегі оқуын аяқтады, сонымен қатар аудан орталықтарынан келетін спортшылар да бар. Оларға әкімдіктің гранттарынан бөлек, Жәңгір хан атындағы агро-техникалық университеттің 10 гранты мен мемлекеттік гранттар қарастырылған. Әрине, нәтиже көрсеткен спортшыға ғана әкімдік немесе университет грантын беру  біздің басты ұстанымымыз емес.

Грант спортшының жетістігі аренадағы жеңістері үшін ғана емес, білім саласында да  жоғары көрсеткіштері үшін беріледі. Сонымен қатар үздік спортшыларға жалақы төленіп, олардың әлеуметтік жағдайы қамтамасыз етіледі. Елдегі үздік спортшылардың танымалдығын арттыруға да ерекше мән беріліп отыр. Олардың жетістіктері туралы ақпараттарды кеңінен таратып отырмыз. Федерациялар да спортшыларға қолдау көрсетуде белсенділік танытуда. Мәселен, үздік боксшылар облыстық бокс федерациясы тарапынан пәтермен қамтамасыз етілсе, кейбір федерация-лар ақшалай қолдау көрсетуде.

– Ерекше қажеттілігі бар спортшыларға облыс орталығындағы жалғыз клуб қызмет көрсетеді екен. Аудан мен ауылдардағы ерекше күтімді қажет ететін жандарға қатысты қандай шаралар қарастырылып  жатыр?

– Иә, мүмкіндігі шектеулі спортшыларға облыс орталығындағы жалғыз клуб қызмет көрсетеді. Жуырда «Жас жауынгер» атты жаңа жоба іске қосылды. Бұл жоба аясында сал ауруына шалдыққан азаматтарға арнайы қолдап жатырмыз. Қазіргі уақытта олар «Ақжайық» стадионында жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта клуб жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін, жоба қатысушылары арнайы клуб ғимаратында жаттығу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар аудан мен ауылдарда да ерекше күтімді қажет ететін азаматтар бар, алайда сол елді мекендерде мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Осыған байланысты ауылдық жерлердегі мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту мақсатында федерацияға берілетін қаржыны ұлғайтып, арнайы мамандар даярлау жұмыстарын қолға алғымыз келеді.

Мәселен, Өскемен қаласында өткен параспорттық бәсекеде өңір намысын қорғаған параспортшымыз пойызбен шығысқа төрт күн, қайтып келуге тағы төрт күн уақыт жұмсаған. Біздің пойыздарда сау адамның жүруі қиын. Сондықтан алдағы уақытта параспортшыларымыз бір тәуліктен артық жол жүретін жарыстарға ұшақпен жеткізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

– Мемлекет маңызды спорт түрлерін дамытуға назар аударуда. Яғни олимпиада, паралимпиада және Азия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлеріне қолдау көрсетілмекші. Бірақ өңірде басқа спорт түрлерінен жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар бар. Олардың жағдайы  қалай  болмақ?

– Олимпиада, паралимпиада және Азия ойындары бағдарламасына енген спорт түрлеріне қолдау көрсетіледі. Сол себепті басқа спорт түрлерін спорт мектептерінен алып тастау жоспарлануда. Қазіргі спорт мектептерінде армрестлинг пен пауэрлифтинг сынды спорт түрлері  бар және олардың нәтижелері жаман емес. Алайда бұл спорт түрлері басымдық берілетін спорт түрлерінің қатарына жатпайды. Осыған орай қол күресі спортшыларын жеңіл атлетиканың ядро, найза лақтыру сияқты спорт түрлеріне, ал пауэрлифтингшілерді ауыр атлетикаға ауысуға шақырудамыз. Сонымен қатар көпшілікті толғандырып жүрген допты хоккей спортының жағдайын да жақсы білеміз. Бұл спортшыларға хоккейге ауысу жөнінде ұсыныс жасалмақ. Ал егер спортшылар ауысудан бас тартып, қазіргі спорт түрінде жұмысын жалғастыра береміз десе, оларға тек ел чемпионатына қатысуға  ғана  қолдау  көрсетіледі.

 

Сұхбаттасқан Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале