14.08.2025, 16:30
Оқылды: 331

Облыстағы өзекті мәселелер талқыланды

Жуырда өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыс бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол құрылысы, сәулет және құрылыс салаларының қазіргі жағдайы мен түйінді мәселелері талқыланды. Спикерлер журналистердің сауалдарына жауап беріп, жоспарланған жобалар мен алдағы жұмыстар туралы мәлімет берді.

 WhatsApp Image 2025-08-06 at 20.10.47 (2)

Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй кездесудің басты мақсаты – тұрғындарды толғандырған сұрақтарға нақты жауап беру екенін атап өтті.

– Халықтың тарифтер төңірегінде құрылыс, су және газбен қамту, жол жөндеу мәселелері бойынша сұрақтары көп. Бұл – «екінші кезектегі» емес, күнделікті өмірдің өзекті проблемалары. Сондықтан біз не істелді, қазір не жасалып жатыр және алда қандай қадамдар жоспарланып отыр – осының бәрін ашық айтқымыз келеді, – деді ол.

Журналистер көтерген негізгі сауалдардың бірі – коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауы. Мирас Мүлкәйдің айтуынша, бағаның өсуі – пайда табу ниеті емес, экономикаға байланысты мәжбүрлі қадам.

– Егер тариф қызметтің өзіндік құнын жаппаса, кәсіпорын шығынға батады. Бұл ақырында сапаның төмендеуіне немесе кәсіпорын жұмысының толық тоқтауына әкеледі. Тарифті уақытында қайта қарамау – залалды арттырады. Ал бұл шығындарды соңында бюджеттен, яғни сол салық төлеушілердің қалтасынан жабуға тура келеді, – деп түсіндірді Мирас Рүстемұлы.

Мысал ретінде ол «Жайықжылуқуат» мекемесін келтірді. Мұнда жылу тарифі газ бағасы өссе де, ұзақ уақыт бойы белгілі бір деңгейде ұсталынып келген. Нәтижесінде айырмашылық тым ұлғайып, тарифті көтермей жұмыс істеу мүмкін болмай қалған. Сондай-ақ облыста аутокөліктердің сұйылтылған газға көшуі артып, жаз айларында кейбір газ құю бекеттерінде іркілістер байқалған. Бұл – жүйелі мәселе.

– Қазақстанда сұйылтылған газды өңдейтін небары үш зауыт бар. Олардың біреуі тоқтаса, қалғандарына түсетін жүк артып, жеткізілім тұрақтылығына әсер етеді. Біз газды «Жайықмұнай» зауытынан аламыз. Бірақ сұраныс өскен кезде және бір зауыт жөндеуге тоқтаған жағдайда, бұл қиындық тудырады. Қазір бұл мәселе бойынша Энергетика министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді М. Мүлкәй.

Брифингте Назарбаев даңғылы, 236 мекенжайында орын алған төтенше жағдай да сөз болды. Бұл үйдің шатырынан кірпіш құлап, бір адам қаза тапқан еді.

– Біз тұрғындармен үш рет жиналыс өткіздік, көмек ұсындық, түсіндірдік. Бірақ белсенділік танытқандар санаулы – бар болғаны алты адам келді. 70% меншік иесінің келісімінсіз біз ешқандай жұмыс жүргізе алмаймыз, – деп түсіндірді спикер.

Мирас Мүлкәй жасыл энергетика тақырыбын да қозғады. Оралдағы Ысқырық тауының ең биік нүктесіне жуырда биіктігі 140 метрлік метеомачта орнатылды. Ол өңірдегі жел энергиясының әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл жерде қуаты 50 МВт болатын жел электр стансасын салу жоспарланған. Мұндай жобалар Жәнібек және Бөкей ордасы сияқты энергия тапшылығы бар аудандар үшін маңызды.

– Жасыл энергетика – өзіміздің энергия тәуелсіздігі-мізді қамтамасыз ететін мүм-кіндік. Әсіресе, әлі күнге дейін Ресейден келетін электр энергиясына тәуелді аудандар үшін бұл өте өзекті, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Брифинг өңір басшылығының күрделі мәселелерді жасырмай, ашық айтуға дайын екенін көрсетті. Кездесуде қол жеткізілген нәтижелер де, күрмеуі шешілмеген мәселелер де ашық айтылды және ол бойынша нақты қадамдар мен шешу жолдары белгіленді.

Тұрғын үй құрылысына ­– 17,4 млрд теңге

Облыс аумағында ауыз су тарту, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы жоспарға сай атқарылып жатыр. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашев мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл басында 413 ауылдың 307-сі, яғни ауыл халқының 97%-ы  орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылды.

Биыл 15 ауылды қамтитын 14 жоба іске асуда, бұған қоса 40 ауылға кешенді блок-модуль орнатылады. Бұл мақсатқа 8,2 млрд теңге бөлінді. 2025 жылдың қорытындысында облыс халқы толық ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Тұрғын үй құрылысына 17,4 млрд теңге бөлінді. Биыл жеті көпқабатты үй салынады. Ауылдарда 14 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Жыл соңына дейін 642 пәтер тапсырылып, әлеуметтік осал топтарға 555 пәтер сатып алынбақ. Инженерлік инфрақұрылым бағытында 10,2 млрд теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып, Бөрлі, Ақжайық, Теректі аудандарында 1588 жер учаскесі инженерлік желілермен қамтылады. Білім саласында 15 мектептің құрылысы жүргізілуде. «Келешек мектептері» жобасымен – 6, «ҚПО б.в.» қаржысына – 8, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен    1 мектеп бой көтермек. Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 14 нысан салыну жоспарланған болатын, оның 13-і аяқталды. Казталов пен Бөрліде көпбейінді ауруханаларға жапсаржай құрылысы басталады. Облыста сегіз мәдениет нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бәйтерек ауданындағы бір мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Сонымен бірге бірнеше спорттық кешен мен залдар бой көтеруде, – деді Нұркен Молдашев.

Жол  жөндеу  жұмыстары  жалғасады

Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншәлиевтің айтуынша, өңірдегі аутомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 6183 шақырым. Оның 1349 шақырымы – республикалық, 4834 шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 83%-ы, жергілікті жолдардың 56%-ы нормативтік жағдайда.

– 2024 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 34,8 млрд теңге бөлініп, 250,8 шақырым жол жөнделді. Оның ішінде 41,5 шақырымы қайта жаңартылып, 103,8 шақырымы күрделі, 105,5 шақырымы орташа жөндеуден өтті. 2025 жылы бұл бағытқа 44,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның 38,9 млрд теңгесі облыстық (7 жоба) және аудандық (16 жоба) маңызы  бар жолдарға жұмсалып, 223,9 шақырым жөнделмек. «Қазіргі таңда 118,3 шақырым жолда асфальт-бетон жабыны төселді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 елді мекеннің ауылішілік жолдарына 5,3 млрд теңгеге 38,8 шақырым асфальт-бетон жабындысы төселеді. Бүгінде 15,5 шақырымы аяқталды. Биыл сондай-ақ бірқатар ірі нысанда жұмыс жалғасуда. Бөрлі – Ақсай – Жымпиты аутожолының 68-139 шақырымына 7,3 млрд теңге жұмсалып, 24,4 шақырымға асфальт төселді. 2025 жылы республикалық бюджеттен 7,9 млрд теңге бөлініп, 20 шақырым жөнделеді деп жоспарланып отыр. Чапаев – Жаңақала – Сайқын жолының 130-191 шақырымы бойынша 7,6 млрд теңге игеріліп, 31 шақырым жаңартылды. Биыл республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 4,3 млрд теңгеге 15 шақырым жол жөнделмек. Чапаев – Жаңақала – Сайқын жолының 307-337 шақырымында, Барбастау–Ақжайық–Индер жолының 93-145 шақырымында, сондай-ақ Федоровка–Ақсай аутожолында да белсенді жұмыстар жүргізілуде, – деп түйіндеді басқарма басшысы.

Талапқа сай келмейтін 43  құрылыс алаңы  анықталған

Құрылыс саласындағы  ахуал мен соңғы өзгерістер туралы Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Әлібек Антазиев баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі артып, заңсыз нысандарға қатысты қатаң шаралар қабылдануда.

–  Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өз қызметін ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға және Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес атқарады. 2025 жылғы 1 шілдеге дейін 150 құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама, 247 нысанды пайдалануға қабылдау актісі қаралды. 325 техникалық қадағалау есебі, 420 құрылыс-монтаж жұмыстары тәжірибесін растау өтініші, 276 сарапшыны аттестаттау және 180 заңды тұлғаны лицензиялау бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілді. Биыл бақылаушы құрылымдармен бірлесіп 10 тексеру жүргіздік, ал жоспардан тыс 35 тексеріс нәтижесінде 59 әкімшілік құқықбұзушылық іс қозғалып, 15 млн теңгеден астам айыппұл салынды. 27 нысан бойынша
заңбұзушылықты жою жөнінде нұсқама енгізілді. Прокуратурамен бірлескен мониторинг кезінде Орал қаласында талапқа сай келмейтін 43 құрылыс алаңы анықталды, оның 14-і – заңсыз салынып жатқан нысандар. Бұл бойынша 22 әкімшілік хаттама толтырылып, 4 млн 972 мың теңге айыппұл салынды. Тәуелсіздік көшесі, 39-үй және Досмұхамедов көшесі, 33 мекенжайларындағы нысандарды жыл соңына дейін сүру көзделген. Қалғандары бойынша сот процестері жүргізілуде. Барлық заңсыз құрылыстар бұзылады. Үлестік құрылыс саласында да бірқатар өзгеріс бар. Алдын ала келісімшарттар жасауға, брондау, инвестициялау және құрылыс мердігерлігі шарттарын рәсімдеуге тыйым салынды. Рұқсатсыз қаражат тартқандар мен заңсыз жарнама үшін айыппұл 2000 АЕК-ке дейін ұлғайды. Құрылыс салушыда үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатнама немесе Бірыңғай оператордың кепілдігі болмаса, ипотека берілмейді. Барлық мәмілелер тек қолма-қол ақшасыз жүргізілуі тиіс, жарнамада жергілікті атқарушы құрылым рұқсатын немесе кепілдік шартын көрсету міндеттеледі. Сонымен қатар бұл заңның қолданыс аясы аз қабатты және жеке тұрғын үй кешендеріне де ортақ, – деді басқарма басшысы Әлібек Антазиев.

Тұрғын үй кезегінде 29 мыңнан астам адам тұр

Облыста атқарылып жатқан құрылыс, тұрғын үй, энергетика және инфрақұрылым саласындағы жұмыстар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейімбет Мусин баяндады.

– 1 тамыздағы жағдай бойынша облысымызда тұрғын үй кезегінде 29 136 адам тұр. Жыл басынан бері 625 адамды баспанамен қамтыдық. Тұрғын үй сертификаттарына 240 млн теңге бөлініп, соның ішінде 163 млн теңгеге 145 сертификат  берілді. Жергілікті бюджеттен Орал қаласында – 11, Ақсайда – 5, барлығы 16 лифтіні жаңартуға 323 млн теңге бөлінді. Бүгінде облыстағы көпқабатты 2416 үйдің 52,7 пайызы жөндеуді қажет етеді. Қазір дайын тұрған 12 жобамыз бар, бірақ олар қаржыландыруды күтуде. 2024 жылы 879 млн теңгеге 26 жобаны жүзеге асырдық. «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында 8 үй сатып алынып, Бөрлі және Казталов аудандарына берілді.

Мұнай өнімдері мен сұйылтылған газ бойынша жағдайға тоқталсақ: 7 айда ішкі нарықта 33 193 тонна сұйылтылған газ сатылды. Газбен жүретін көліктер саны 2022 жылғы 15 650 бірліктен биыл 26 387-ге жетті, яғни үш жыл ішінде 69 пайызға өсті. Жаз айларында аутогаз сатылымы тәулігіне 110 тоннадан 180 тоннаға дейін артты, бұл – 63 пайыздық өсім. Дегенмен, өндіріс қуаты өзгерген жоқ. Биылғы 7 айда тапшылық та, бағаның күрт өсуі де тіркелмеген. Жылыту маусымына дайындыққа келсек, жылумен жабдықтау жобаларына 5,2 млрд теңге бөлініп, 6 жоба жүзеге асуда. Биыл №18А кәріз-сорғы стансасы, №2 жылу магистралі, «Круглоозерный» және «Саншкола» қазандықтарын қайта жаңғырту аяқталады. Екі жоба 2026 жылға қалады. Орал қаласының жылу электр орталығы өз қаражаты есебінен 4 негізгі жабдықты және 5,5 шақырым жылу желісін жаңартып жатыр, бүгінде 80 пайыз орындалды. Сумен жабдықтау желілерін жөндеуге 593 млн теңге бөлініп, 7,8 шақырым құбыр жаңартылуда, соның 5 шақырымы орындалды. 3 468 әлеуметтік нысан мен тұрғын үйлердің 85 пайызы дайын тұр. Профилактикалық дезинсекция бойынша, «Танкеев Б.А.» жеке кәсіпкерінің мердігерлігімен 81,6 млн теңге бөлініп, көктем-жаз айларында 10 мың гектар аумақ өңделді. Ауыз суды субсидиялауда бүгінде 213 ауыл, яғни 245 мың тұрғын, есептегішпен – 90 тең-ге/м³, есептегішсіз – 200 теңге/м³ тарифпен су алып отыр. Энергетика саласында тұтыну көлемі – 1 000 млн кВт/сағ, оның 98,1 пайызы – жергілікті өндіріс, 1,9 пайызы – Ресейден жеткізіледі. Үкіметтің қолдауымен 3,6 млрд теңге бөлініп, Орал ЖЭО-да №1 турбоагрегат жаңартылды, қуаты 58 МВт-қа жетті, бұл бұрынғыдан 12 МВт артық. 272,4 шақырым электр желісі, 16 қосалқы станса, 164 КТП жөнделіп, тозу деңгейі 78,86 пайызға дейін төмендеді. Қазір 169,4 шақырым желіні салу және қайта құру жобалары жүріп жатыр. 2026-2028 жылдары жалпы қуаты 85 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері жобаларына 30 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының инвесторларымен «Батыс Пауэр» ЖШС қуатын 200-ден 414 МВт-қа арттыру жұмыстары жүргізілуде, – деді Бейімбет Мәлікұлы.

Осылайша, облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол құрылысы, сәулет-құрылыс және энергетика салаларында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде атқарылып, әлеуметтік нысандардың сапалы құрылысын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңарту, заңсыз құрылыстарды жою және экологиялық тиімді энергия көздерін дамыту бағытында нақты нәтижелер мен жоспарлар бекітілуде.

 

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале